Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда сүт-шикізатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік қосалқы шаруашылықтарға қойылатын талап барынша қатаңдатылады.

 

Солтүстік Қазақстанда сүт-шикізатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Қазақстанның Сүт одағының (ҚСО) бастамасымен ұйымдастырылған алқалы басқосуда сүт шикізатын Кеден одағының техникалық регламенттер талаптарына бейімдеу, салалық Жол картасын түзіп, іске асыру мәселелері талқыланды. ҚСО бағдарламасының үйлестірушісі Сәуле Жанкинаның айтуынша, Кеден одағының жаңа талаптары бойынша қайта өңделетін  сүт шикізаты қауіпсіздік техникалық регламентеріне ыңғайлануы тиіс. ҚСО деректеріне қарағанда  қайта өңделетін шикізаттың 700 мың тоннаға жуығы жарияланған талаптарға мүлдем сай емес. Келесі жылдан бастап жаңа шарттарға сәйкес келмейтін сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары қайта қабылдамайды. Сүт зауыттары шикізаттың 70 проценттен астамын елді мекендерден жинайды. «Жол картасы сүт шикізатының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Сүт одағы көптеген жылдар бойы Кеден одағының регламенттеріне көшу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізген. Тұрғындармен, сүт дайындаушылармен және тапсырушылармен ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылған. Алайда, салада қалыптасқан проблемалар бизнестің ғана емес, басқа да тараптардың жүйелі және белсенді қатысуын талап етеді.

«Бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен шикізат пен шикізат базасы бойынша барлық түйінді проблемаларды талқылауға, бірлесіп шешуге  дайын. Шикізат базасының аудитіне фермерлер қосылуға сақадай сай. Бізді 5 миллион тонна сүттің 75 проценті Кеден одағының техникалық регламенттік талаптарына сәйкес келмейтіні алаңдатады», деді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников. 

Жол картасы екі кезеңде жүзеге асырылатын болып белгіленген. Бірінші кезеңде  Сүт одағына мүше кәсіпорындар, екінші кезеңде Қазақстанның барлық аймақтарындағы сүт өндірушілер қамтылмақ. Осылайша шикізаттың тазалығын қамтамасыз ету сүт өңдеу секторы үшін басым бағдарға айналатын болады. Бүгінде екі миллиондай қазақстандық сүт өткізумен айналысып, ауылдықтар үшін бірден-бір табыс көзі  саналады.

Солтүстік Қазақстан облысы