Жақында әлеуметтік желіден Түркістан облысының қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бастаған бірқатар азамат теріскейдегі облыстарды аралап жүргенін байқадық. Олар Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында болыпты. Сөйтіп ел-жермен танысып, күнгейден теріскейге көшіп келген азаматтардың жай-күйін өз көздерімен көрсе керек. Әрі ел ішіндегі көші-қон мәселесінің біраз түйткілдері мен жақсы істерін де көңілге түйгені анық. Біздің пайымдауымызша, теріскейді аралап қайтқан бұл азаматтар өздері тұратын өңірлерге барған соң бұқараны үгіттейтіні сөзсіз. Өйткені ел ішінен шыққан азаматтарға халықтың сенімі әлдеқайда жоғары болады. Теріскейді аралап қайтқан азаматтар естігенін емес, көргенін айтады. Сөйтіп қоныс аударудың «қызығы мен шыжығын» көрші-қолаң, дос-жаран, тамыр-таныс естиді, бәлкім олардың арасынан да теріскейге көшкісі келетіндер табылар.
Жалпы, елдегі ішкі көші-қон – стратегиялық бағыттардың бірі. Әрине урбанизация үрдісі қарқынды жүріп жатқан кезде, адамдарды мәжбүрлеп көшіре алмайтын заманда ішкі көші-қонды түрлі тетіктер арқылы реттеу өте өзекті болмақ. Қарашасын қиыр өлкелерге аттандыру дәстүрі ежелден бар. Алып империялар солай құрылса керек. Өзгені қайдам, Ресей тарихында бұған мысал жетіп-артылады. Біздің де бабалар қоныс пен өріс іздеп жүріп, осынау ұлан-ғайыр жерге иелік етсе керек. Білетіндер оған біраз мысал айтады. Мәселен, Қазақ хандығы тұсында, шамамен 1722 жылдан бастап қазақ рулары Маңғыстау жеріне қарай ағылған дейтін дерек кездеседі. Кейін Жоңғар хандығы тарих сахнасынан өшкен соң қазақ тайпалары Абылай ханның тапсырмасына сәйкес ежелгі мекен – Алтай мен Тарбағатайға, Іленің бастауына қарай көшіп, сол жерлерді қайтадан мекен ете бастаған көрінеді. Мұндай көшті әдетте қоныс аудару дейді. Бұл біздің бабалардың стратегиялық мақсатта ұйымдастырған қоныс аударулары. Алайда, Ұлы далаға қиырдан қоныс аударып келгендер де аз емес еді. Патшалық Ресей заманында да, Кеңес Одағы кезінде де біздің өлкеге қоныс аударушылар аз болған жоқ. Қазақ «қара шекпенділер» деп атап кеткен орыс шаруалары патша билігі тұсында ағылса, Кеңес Одағы жылдарында тың игерушілер келген-ді.
Патшалық Ресей кезінде қоныс аударғандарға түрлі жеңілдіктер жасалды. Мәселен, 1868 жылы Жетісу облысының губернаторы Г. Колпаковский аймаққа жаңадан қоныстанушы шаруаларға арналған ереже жасатты. Сол ереже бойынша Жетісуға келген шаруа отбасының әр мүшесіне әу баста 30 десятинадан жер беріп, 15 жыл салықтан босатты, пайызсыз несие берді. Әрине кейін бұл ереже өзгерді. Жеңілдіктер азайды. Бірақ бәрібір біздің далаға өзгелер молынан келді. Туып-өскен жерлерін, бауыр басқан мекендерін тастап, қазақтың даласын «игеруге» келді. Тек 1870-1914 жылдары елімізге 1,4 млн шаруа көшіп келіп, тұрақты қоныстаныпты. Жаңадан қоныстанғандар патша билігінің көмегімен 45 млн десятина жерді байырғы тұрғындардан тартып алыпты. Егер әр десятнинаның 1,1 гектар екенін ескерсек, бір жарым ғасыр бұрынғы көші-қонды сол дәуірдегі биліктің қаншалықты қолдағанын аңғаруға болады.
Яғни, ішкі-көші қон мен азаматтардың бір жерден келесі бір аймаққа қоныс аударуды сол кезде стратегиялық мақсат – отарлау үшін қолданды. Қазір отарлау болмаса да, қоныс аударушылар «жұмсақ күш», ықпал етуші тетік. Алайда, біз ел тұрғындарының біраз бөлігі бір аймақтан екінші өлкеге қоныстанса екен дейміз. Ұқсастық – адамдардың жаңа өлкеге қоныс аударуында ғана. Айырмашылық – бұрынғылар жерімізді «игереміз» деп келген, біз өз даламыздың игілігін көрсек дейміз. Біз елдегі ішкі көші-қонды еңбек нарығындағы теңдікті қалпына келтіру, өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты жою, азаматтарды еңбекпен қамту, шекаралық өңірлерді дамыту мақсатында пайдаланбақ ниеттеміз. Сондықтан күнгейден теріскейге қарай бет түзеген көшті насихаттау, қоныс аударған азаматтардың жай-күйін бақылап отыру, жаңа мекенге жерсініп кетуіне қолғабыс жасау өңір халқына да, бізге де маңызды.