Экономика • 14 Тамыз, 2019

Салықтан қаққан мобильді қосымша

594 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде банк қызметтерін үйден шықпай, мобильді қосымша арқылы алу, тіпті кішігірім дү­кен­дерде де сол телефондағы қосымша арқылы төлеп, сауда жасау қалыпты жағдай. Kaspi банктің мо­бильді қосымшасы бүгінде халық үшін ыңғайлы болса, кәсіпкерлер үшін тіптен тиімді. Жеке есепшотқа аударылған ақшаның сұрауы да жоқ, яғни, са­лықтан жалтарудың тағы бір жолы. Ал мемлекет бюджетінің жетіспеуі бүгінгі таңда 1,5 пайыздан 2,1 пайызға өсіп отыр.

Салықтан қаққан  мобильді қосымша

Мобильді қосымша арқылы төлем жасау үшін сатушының банк картасымен байланысқан телефон нөмірін білсеңіз болғаны. Сауда үйлерінде нөмірін жазып қоятындар, тіптен Kaspi банктің картасына ұқсатып визиткалар шығартып алған кәсіпкерлер көп. Пост-терминалдар арқылы төлеген сомаңыздың 1 пайызын бонус есебіңізге қайтаратыны да банк тұтынушыларының қатарын күн санап көбейтіп келеді. Соны себеп қылып, пост-терминал арқылы төлеуді таңдаған тұтынушыларға дүкен иелері бонусты шегеріп қалып, нөмір арқылы жеке шотқа жіберуді сұрайтын көрінеді. Жеке есепшотқа аударғанға үлкен жеңілдік жасайтындары да бар екен. Бұл жүйе туралы кәсіпкерлерден сұрағанымызда, көбі қосымша арқылы төлеу тез әрі ыңғайлы екенін айтты.

Жас кәсіпкер Гүлмира Жұма­бай мобильді қосымша арқылы төлеу тек кәсіпкердің емес, тұ­тынушылардың да таңдауы екенін айтты. «Қазір барлы­ғы Kaspi-ге жібереміз деп, өздері сұрап алады. Мемлекет бюд­жетіне тигізетін кесірі туралы ойланбадым. Бірақ әзірге Kaspi банктің қосымшасы барлығы үшін өте ыңғайлы болып отыр. Бұл қосымшаны салықтан қашудан бұрын, қайтаратын ақша іздеп әуре болмайтыны үшін қолданамыз. Тұтынушы қолма-қол ақшамен төлегеннің өзінде де артық ақшасын жеке шотына аударамын. Салықтан қашпаймын, қажет болса чекті де береміз», дейді ол.

Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің өкілі банк картасымен төлеу мемлекетке тиімді бол­ғанымен, соңғы кезде мобильді қосымша арқылы ақшаны жеке шотқа жіберу мемлекет бюд­жеті үшін үлкен мәселе туғы­зып отырғанын айтты. Алайда халықтың чек талап етуі бұл жағдайды өзгертпек. «Мобильді қосымша арқылы төлем жасаса да, тұтынушы чек талап етуі керек. Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігіне жібе­рілді, алдағы уақытта тиісті заң қабылданып, шаралар атқа­­рылуы керек. Дегенмен халық чек талап етпей, жағдай өз­гермейді», деді маман. Мемле­кеттік кірістер комите­тінің жыл сайын «Чек талап етіп, жүлде ұтып ал» акциясын өткізетіні де белгілі. Аталған акция аясында халық арасында чек сұрауды қалыптастырып, көлеңкелі эко­номика көлемін азайтуға тыры­су байқалады. Ал биылдан бас­тап фис­калдық чектер бермеу факті­лерін анықтау бойынша «Аза­маттық бақылау» жобасы іске қосылады. Жоба аясында тұтынушылар сатушы чек беру­ден бас тартқан жағдайда арнайы мобильді қосымша арқы­лы хабар беріп, дүкен туралы ақпарат қалдыра алады. Кә­сіпкер тауар чегін бермесе немесе оның чектегі соманы тауар сомасынан артық не кем көрсеткені белгілі болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдай бірінші рет тіркелсе, кәсіпкерлер ескерту алуы мүмкін, жылдың ішінде қайталанса салық төлеушінің категориясына байланысты 15-тен 50-ге дейін АЕК көлемінде айып­пұл салынады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жыл басында мемлекет бюджетінің жетіспеуі 1,5 пайыздан 2,1 пайызға өскенін мәлімдеді.  Осыған байланысты Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті жоспарланған 2450 млрд теңгеден 2700 млрд-қа ұлғайту ұсынылған. Ал был­тырғы 11 айдың нәтижесі бойын­ша, мемлекет бюджетінің жетіс­пеуі 365 млрд теңгені құра­ған еді. Статистикаға сүйен­сек, мемлекетімізге 2017 жылы 34 130 млн АҚШ доллары кө­лемінде кіріс түссе, 4 770 млн АҚШ доллары көлемінде бюджет жетіспеушілігі болған. 2017 жылғы мемлекеттердің бюджет жетіспеушілігі рейтингінде Қа­зақ­стан 221 елдің ішінде 47-орынға тұрақтаған.

Әлем­дік рейтинг көшін АҚШ, Қы­тай, Жапония бастап тұр. Ал Германия, Нидерланд, Норвегия, Гонконг сияқты елдерде тіптен бюджет профициті тіркелген. Аталған елдердің азаматтардың салық төлеуі бо­йынша да алдыңғы қатарда екенін ескерсек, мемлекет бюд­жеті азаматтардың салығына ті­ке­лей қатысты екені анық. Оның үс­тіне Еуропаның бірқа­тар елінде айыппұл көлемі жоғары.

Пост-терминалдар арқылы төлеу кәсіпкерге тиімсіз. Өйт­кені ол өзіне түскен ақшаның 3 пайызын банкке комиссияға қалдыруы керек. Сауда мақ­саты – ұту екені белгілі, сон­дықтан кәсіпкерлер банк комис­сиясының қымбат екенін айтып ақталады. Ал жеке есепшотқа жіберілген ақша өз қалтаңда қалады, салық комитеті де қада­ғалай алмайды. Әдетте қолма-қол төлем сұрайтын базар сатушылары да бұл әдіске көшіп алған. Чек талап ету азаматтарымыз үшін әуелден үлкен мәселе. Көбіне мұны ұсақталу санап, мемлекет бюджетіне қарағанда адамның жеке принциптері биік қойы­лады. Республикамыздың ауыл-аймақтарында сатушылар чек сұрағандарға «оны не істей­сің» деп, ұялтып жатады екен.

«Атамекен» ҰКП статистика комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Керімханова көлеңкелі экономиканың биыл­ғы жылдық көрсеткіші Ішкі жал­пы өнімнің 30 пайызына жет­кенін мәлімдеді. 2015, 2016, 2017 жылдардағы нәтижеге қара­сақ, көлеңкелі экономика көрсеткішінің азаймай тұрғаны байқалады. Сарапшылар соңғы үш жылда көлеңкелі экономика сауда саласында өршіп кеткенін айтады. Еліміздегі сау­да айналымының жалпы көлемі 5,2 тлрн теңгеге жететінін ескерсек, одан түсетін салық та аз емес. Ал кәсіпкерлер банктер ұсын­ған мүмкіндікті салық төле­меудің амалы қылса, мемлекет бюд­жетінің жетіспеушілігі артпа­са, кемімесі анық. Азамат­тарымыз салық төлеу ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын жақсартатынын түсініп, бас­қа мемлекеттердегідей салық төлемегеннің – құқығы қорғал­майды деген қағидаға көшсе, салық төлеу мен салық саясаты бүгінгідей үлкен мәселе болмас.