Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Шикі сүттің сапасы – ұлт денсаулығын қамтамасыз ететін бірден-бір фактор

815 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік қосалқы шаруашылықтарға қойылатын талап барынша қатаңдатылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Сүт одағының (ҚСО) бастамасымен ұйымдастырылған алқалы басқосуда айтылды.

Шикі сүттің сапасы – ұлт денсаулығын қамтамасыз ететін бірден-бір фактор

Жиында сүт шикі­затын Ке­ден одағының техни­ка­лық регла­менттер талаптары­на бейім­деу, салалық Жол карта­сын түзу және іске асыру мәсе­лелері талқыланды. ҚСО бағ­дар­лама­сының үйлестірушісі Сәуле Жан­кинаның айтуынша, Кеден одағының жаңа талаптары бойынша қайта өңделетін сүттің сапасын қауіпсіздік техникалық регламенттеріне ыңғайлау керек. ҚСО деректеріне қарағанда, қа­зіргі таңда қайта өңделетін ши­кі­заттың 700 мың тоннаға жуы­ғы жарияланған талаптарға мүл­дем сай емес. Келесі жылдан бас­тап жаңа шарттарға сәйкес кел­мейтін сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары қайта қабыл­дамайды. Сүт зауыттары шикізаттың 70 пайыздан астамын елді мекендерден жинайды. Бірақ оның қауіпсіздігіне ешкім толық кепілдік бере алмай отыр. Айталық, сауын сиырларға антибиотик егілетін болса, оны сүт құрамынан қайнатып та, тазартып та шығару мүмкін емес екен. Мысалы, бір ауылда ірі қара малдан дерматит кеселі табылып, тұрғындар малдарына жаппай антибиотик салдыра бастаған. Қарапайым қағидатты білмеудің соңы шикі сүттің қауіптілігін еселеп арттырып жіберіпті.

– Жол картасы сүт шикі­за­ты­ның қауіпсіздігі мен сапасын қам­тамасыз етуге бағытталған. Бір жағынан, бизнес пен билікке ке­шенді қауіпсіздік құралы ретін­де ұсынылады. Бұл отандық сүт өнім­дерінің сапасына және халық­тың денсаулығына тікелей оң әсер ететіні даусыз, – деді С.Жан­кина.

Жол картасы БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы­мен бірлесіп жасалған, оған Еуро­палық қайта құру және даму бан­кі қолдау көрсетті. Құжат мал басын есепке алуға, сүтті сиыр­лар­дың мониторингісін жасауға, емдеу және вакцинациялау сапа­сына, коректендіруге, сүтті сани­тар­лық бақылауға және қайта өң­деуге, шикізатты жинауды ұйым­дастыруға қатысты үдерістерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Жиында сөз алған мамандар Сүт одағы біраз жылдан бері Кеден одағының регламент­тері­не көшу бойынша жоспар­лы жұмыс жүргізгенін жет­кізді. Тұрғындарға, сүт дайын­дау­шыларға және тапсырушыларға қатысты ақпараттық-түсіндіру шаралары атқарылған. Сүт қабылдау бекеттері салынып, салқындатқыш ыдыстар қайта­ры­м­сыз несиеге берілген. Алайда салада қалыптасқан проблемалар бизнестің ғана емес, басқа да тараптардың жүйелі және белсенді араласуын талап етеді. Осыған байланысты Жол картасын іске асыруға мемлекеттік қадағалау және бақылау мекемелері, сүт өңдеу кәсіпорындары, шикізат жеткізушілер, жергілікті басқару органдары, зертханалар барынша тартылған. Сондай-ақ маңызды құжатта жануарлар ауруларының ошақтары бойынша бірыңғай динамикалық карта жасау, сүтті малдарды электронды есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері де қамтылған.

Бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен шикізат пен шикі­зат базасы бойынша барлық түйінді проблемаларды талқы­лауға, бірлесіп шешуге дайын екенін Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников те атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, ши­кізат ба­за­сы­ның аудитіне фермерлер қосылуға сақадай-сай. В.Кожевников:

– Фермерлер қазірдің өзінде осындай қатаң бәсекелестік жағ­дайында өмір сүре алатындарын, өз өнімдерін қайта өңдеушілерге сата алатындарын жете сезініп отыр, – дейді. Ол елімізде жылына өндірілетін 5 млн тонна сүттің 75 пайызы Кедендік одақтың техникалық регламенттерінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін алаңдатарлық жағдай деп бағалады.

Жиында шикі сүтті сарап­та­малық зерттеулер, қайта өң­деу кәсіпорындарына түсетін шикі­заттың зертханалық талдаула­ры, өнім құрамында антибиотик­тер, соматикалық жасушалар іздерінің болуын растайтын көптеген мысалдар келтірілді. ҚСО 2019 жыл­дың ақпан-сәуір айларында өңдеу зауыттарының зертхана­ларында стихиялық және ұйым­дас­тырылған нарықтарда сатыла­тын өнімдерге зерттеулер жүргі­зіп, қысқы кезеңдегі талдау нәтиже­лерімен салыстырғанда жағдай­дың дабыл қағарлық екенін анықтаған. Антибиотик-левоме­ци­тинді пайдалану 3 есеге дейін артқан. Іс жүзінде барлық үл­гі­лерде зең және ашытқылар­дың 24 сағатқа дейін өсуі тір­келген. Мұның бәрі санитарлық ережелердің және дайындаудың тех­нологиясы, сондай-ақ тамақ өнім­дерін сақтау, тасымалдау, өт­кізу мерзімдері мен темпера­туралық режімдердің өрескел бұзылғанын көрсетеді.

Жол картасы екі кезеңмен жү­зеге асырылатын болып белгі­ленді. Бірінші кезеңде Сүт ода­ғына мүше кәсіпорындар, екін­ші кезеңде Қазақстанның бар­лық аймақтарындағы сүт өнді­ру­шілер қамтылмақ. Осылайша шикі­заттың тазалығын қамтамасыз ету сүт өңдеу секторының басым бағытына айналатын болады.

Бүгінде екі миллиондай қазақстандық сүт өткізумен айналысады. Ауыл халқы үшін бұл әжептәуір табыс көзі саналады. Талап орындалмаса, өндіріс орындары шикізатсыз, ауылдықтар нәпақасыз қалары анық. Бұл жерде тағы бір шетін мәселенің пайда болуы ғажап емес. Өнімді зауыт қабылдамаған жағдайда базарлар мен көшелерде «жабайы сауда» өршіп кетпей ме деген қауіп бар екенін БҰҰ Ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымының маманы Инна Пунда жасырмады.

– Бүгінгі таңда тұтынушылар сүттің үштен бірін заңсыз сау­да орындарынан сатып алатын көрінеді. Сондықтан БҰҰ ере­же­лері мен талаптарын жер-жерлерде қарапайым, ұғынықты тілде түсіндіруге кеңес береміз. Мәселен, сиыр сүтін пластмасса шелекке саууға болмайтынын, онда бактериялар көп жиналатынын, өнім сапасын жоғалтатынын көпшілік біле бермейді, – дейді И.Пунда. БҰҰ өкілі өнімді сақтау, тасымалдау жұмыстары сүттің сапасына ерекше әсер ететінін айтып, осы іске ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы