Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Жалғасын тапқан жақсы істер

230 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді халқымыз. Осы орайда биылғы Жастар жылында олардың алдында тұрған проблемалар мен көкейкесті мәселелерді өзара бірлесіп, ақылдасып, кеңесе отырып шешкеннің пайдасы мол. Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ұдайы назар аударып келеді. Кеңес отырыс­тарында өңірдегі жастардың ресурстық орталықтарының (ЖРО) қызметін қолдауға бағытталған жұмыстарға байыпты ой-пікірлер айтылып жүр.

Жалғасын тапқан жақсы істер

Қазіргі күні облыстағы ЖРО-лар­дың қызметі жастардың әлеуметтік және жеке тұрғыдан дамуына жәр­демдесуді мұрат тұтады. Мұның ішін­де жастар ұйымдарының қызметін қолдауға басымдық берілген. Соның нәтижесінде олардың қоғам өміріне белсене қатысуына мүмкіндік беретін құзыреттері кеңейіп келеді. Бүгінде ЖРО-лардың көмегі арқылы өңір жастарының елеулі бөлігі тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылды. Сондай-ақ бос уақытты тиімді әрі мазмұнды түрде ұйымдастыруға баса көңіл бөлінген. Жыл басынан бері оған 60 мыңнан астам жас тартылған.

Бүгінгі күні жастарды кәсіпкерліктің қыры мен сырына қанықтырудың рөлі жоғары. Бұл үшін биылғы жылдың шілде айында «Жас кәсіпкер» бағ­дар­ламасының тұсауы кесілді. Оның аясында кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған жастар үшін тегін тренингтік оқыту курстары өткізілді. Әрі оқуға жол­дама алған жастарға стипендия төленді. Сондай-ақ олар осы кезде жаңа кәсіптік дағдылардың әліппесін ашумен бірге, танымал бизнесмендердің іс-тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алды. Тағы бір жағымды жайт: арнау­лы курстан өткендерге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бөлінеді. Соның көмегімен олар өздерінің стартап жобалары бойынша жеке кәсіптерін аша алады.

Облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберіндегі жастар тәжірибесі де оң нәтижелер беруде. Бұған мыңға жуық жұмыссыз жас түлек жолданды. Сонымен бірге осал топтағы жас­тарды жұмыспен қамту мақсатында 163 жоба қаржыландырылған. Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен құрылған әр жобаның құны 1 млн теңгені құ­райды. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы бойынша 691 жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген. Соған сай биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін көтерме жәрдемақылар және бюджеттік несиелер берілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қостанай қаласында өткізілген жастардың халықаралық форумында волонтерлық қызмет пен бастамаларға қатысты жаңа талаптар қойғаны мә­лім. Соның бірі «Шағын гранттар» бағдар­ламасын іске асыру болып отыр. Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасы Мем­лекет басшысының тапсырмасына орай волонтерлық топтардың қызметін жаңа мазмұнмен байыту шараларын белгіледі.

Қазіргі кезде аймақта әрқайсысының құрамында мыңнан астам мүшесі бар 20 еріктілер тобы қызмет етеді. Олар өңірдегі іс-шаралардың бәріне дерлік қатысып, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Атап айт­қанда, мұндағы қызметтердің арнасы мүм­кіндігі шектеулі жандарды қолдау, жалғызілікті қариялар мен мұқтаж жандарға, жетімдерге моральдық және рухани тұрғыдан көмектер көрсету шараларын қамтиды. Бұл орайда «Ақтөбе қайырымды жандар», «Нұр Шапағат», «Д.А.Р.» және «Жүректен жүрекке» атты волонтерлық топтар жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ал «Мейірім» мен «Қызыл Жарты Ай» қоғамының волон­терлары жастардың репродуктивтік денсаулығы мәселелері мен алғашқы медициналық көмек бағытында қызмет атқаруды жөн көріпті.

Қазіргі кезде облыстағы волонтерлық қозғалысты орталықтандыру ісі қолға алынған. Бұл іс волонтерлық клубтар құру жобасын жүзеге асырудан бас­тау алды. Өңірде жас волонтерларға арналған тренингке қатысушыларға қызығушылық танытушылар қатары күннен-күнге өсе түсуде. Оларға во­лон­терлық қызмет пен қоғамдық қа­рым-қатынастардың жай-күйі және әлеуметтік мәселелер жөнінде жан-жақты ақпараттар беру белгіленген.

Бүгінгі күні Жастар саясаты басқар­масы «Жасыл ел» бағдарламасын жүр­гізуге бастамашы болып келеді. Бұған биыл облыстық бюджеттен 205 млн теңге бөлініп, 5500 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Жастардың бо­йында отаншылдық сезімді дамытуда әскери-патриоттық тәрбие берудің берері мол. Әсіресе ауған соғысы ардагерлерінің қа­тысуымен «Ерлік» сабақтарын өткізу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында келісті келісімін табуда.

Бұл бағытта өткізіліп жүрген кезде­сулерге 100 жаңа есім жобасына енгі­зілген ақтөбелік азаматтар қатысуда. Жас­тар жөніндегі Жол картасына сәйкес облыста 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасы белгіленіп, оның тиісті іс-жоспары жасалған. Мұндағы басты мақсат – өз елі мен ұлтын сүйе білу қасиеттерін орнықтыру және Отанға деген шексіз сүйіспеншілік қалыптастыру. Бұл үшін өңірдегі әскери-патриоттық клубтардың өзара іс-қимылын үйлестіре жүргізуге басым­дықтар берілген. Қазақстан Қару­лы Күштері қатарында әскери қызметті өтеу үшін бұған қажетті дағдылар мен ептілікті алдын ала сіңіру бағытында «Жігер» жиындарын өткізу дәстүрге айналып келеді.

Жастар жүрген жерде думан да бөлек болады. Тіпті кездейсоқ қайғы­лы оқиғалар мен тосын жайттар да бо­лып тұрады. Өйткені өмір солай. Әсіресе қазіргі кезде кәмелеттік жас­қа толмағандар арасында суицид көрі­ністері орын алып жүргені белгілі. Әрине мұндай дерттің алдын алуға әбден болады. Оны осы бағытта құрыл­ған бағдарламалардың көмегімен іске асырған жөн.

Биылғы жылдың бірінші жарты- жыл­дығында облыс аумағында 89 өзі­не өзі қол жұмсау дерегі тіркелген. Оның 23-і 14 пен 29 жас аралығындағы жасөс­пірімдер мен жастар болып отыр. Мұндай теріс әрекетке ұмтылу дерегі бұдан да көп. Мұның 50 пайыздан астамы тағы да жастар екені ойландырмай қоймайды. Сондықтан облыста жастардың бойындағы бұғып жатқан суицидтік мінез-құлықтардың тамырына балта шабу үшін Жол картасы жасалған.

Бұл бағытта 492 мектеп психологы мен 160 емхана дәрігері арнайы бағдарлама бойынша әзірліктен өт­кізілді. Оған қатысушыларға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізілді. Аталған жүйе сауалдама тә­сіліне арқа сүйейді. Оның нәтижелері қауіп-қатер тобына кіретіндерді тез арада байқауға мүмкіндік береді. Әрі психологтардың қызмет уақытын бір­шама үнемдеуге де ықпал жасай алады. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – сауалдама нәтижелерін өңдеу кезінде адам факторының әсері азая түсуінде, дейді осы істің басы-қасында жүргендер.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, авто­маттандырылған бағдарламаны енгі­зу қауіп-қатер тобындағы жасөспірім­дердің дер кезінде медициналық-сани­тарлық көмек алуына тиісті жағдай туғызатынында. Сондай-ақ мұндай кезде психикалық денсаулық қызметінен алғашқы көмек алуға да жағдай жасалмақ. Бұл ретте Шалқар ауданындағы «Жан нұры» психологиялық қолдау көрсету кабинеті мен Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің базасында ашылған «Сенім» психологиялық кеңес беру орта­лығының оң қызметтерін атап көрсеткен орынды. Мұнда ата-аналар мен балаларға отбасылық психология ерекшеліктері бойынша психологтар мен әлеуметтік педагогтар жүйелі түрде ақыл-кеңестер береді.

Келесі кезекте аймақта «Бақытты отбасы» жас аналар мен әкелердің отбасылық клубы шеңберінде тиісті іс-шаралар жүргізіліп жүргенін айтқа­нымыз жөн. Оның мазмұны жастар құрған отбасының мәртебесін көтеруге, неке мен отбасы құндылықтарын дәріп­теуге, ұрпақтардың әлеуметтік және мә­дени сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет жасайды. Бұл бағыттағы бағдарламалар биыл бекітілген «Отбасы – мемлекет тірегі» атты жас отбасыларға арналған іс-шаралармен байланыс­тыра жүргізілуде. Осы арқылы отба­сы мүшелерінің бір-біріне деген ыстық ықыласы және олардың өзара жарастығы туралы терең түсіністік қалыптастырылуда.

Бүгінгі күні облыста балалар үйле­рінің түлектерін жұмысқа орналастыру және оларды тұрғын үймен қам­тамасыз ету үшін жан-жақты жұ­мыстар жүргі­зілуде. Сондай-ақ биыл об­лыс­тық Жас­тар саясаты басқармасы мен Ақтөбе қала­сының әкімдігі және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында жастардың тұрғын үй алу жобасын жүзеге асырды. Осы тәртіп бойынша олар аумағы 40-50 шаршы метр болатын бас­панаға ие болды. Мұнда бастапқы жарнаның орташа мөлшері 350 мың тең­геден аспайды. Ал әр ай сайынғы тө­лемі 35 мың теңге төңірегінде. Тұрғын үй­ге үміткердің жалақысы 63-80 мың төңі­регінде болса пәтерді ресімдей алады.

 – Аталған бағдарламаға 29 жасқа дейінгі бюджеттік және әлеуметтік саланың жас мамандары қатысты. Оларға Ақтөбе қаласындағы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан 100 жаңа пәтер берілді. Сондай-ақ 29 жасқа дейін­гі жетімдер 45 жаңа пәтерге ие болды. Оның 14 миллион теңге көле­міндегі бастапқы жарнасын «CNPC-Ақтө­беМұнайГаз» АҚ төледі, – деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық Жастар сая­са­ты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Міне, облыста биылғы Жастар жылына байланысты жүргізіліп жатқан кең ауқымды іс-шаралардың бірқатар мысалы осындай.

АҚТӨБЕ