Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Сыры мол сатып алулар

275 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінде Мемлекеттік сатып алуларды және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларды жүргізу үрдістерін жетілдіру шаралары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев пен министрліктің Мемлекеттік сатып алулар департаментінің директоры Сәбит Ахметов қатысып, осы уақытқа дейін қоғамда жиі сөз болып келген проблемалық мәселені реттеу шараларының қолға алынғанын мәлімдеді.

Сыры мол сатып алулар

Р.Бекетаевтың айтуынша, ірі мемлекеттік сатып алуларда соңғы уақыттарға дейін бір көзден сатып алу тәсілі көбірек үстемдік құрып келген. Соңғы кездері осы жағдайға өзгеріс енгізілген. Мәселен, 2017 жылы тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алулардың 52 пайызы бір көзден сатып алу арқылы жүргізілсе, былтыр бұл көрсеткіш 7 па­йыз мөлшерінде ғана болыпты. Сатып алулардың басым бөлігі бәсекелестік ортадағы ұсақ және орта көлемдегі тапсырыс орындаушыларға беріліпті. Бұған еліміздегі интернет саудасының күшеюі де әсер еткен секілді.

Сонымен қатар сатып алулар ісінің ашықтығына мән берілген. Сөйтіп құқы бұзылған кез келген тапсырысты орындаушының шағымы тіркелетін болған. Бұл істің электронды форматта өріс алуы шағымданушылар қатарын әлдеқайда арттыра түсті. Мәселен, былтыр мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысты 3 мың шағым келіп түссе, биыл 7 айда ғана 17 мың шағым келіп түскен. Әрине шағымды жолдаушылар арасында мәселені дұрыс көтеріп отырғандар да, сонымен қатар сатып алу тапсырмасының мерзімін ұзарту мақсатында және басқа да осындай жайттарға сәйкес өз мүдделерін көздеп «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей жөнсіз қаралаушылар да кездеседі.

Дегенмен ашықтық пен мөлдірлік нәтижесінде пайда болған осындай құбылыстарды да ретке келтірудің жолдары әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Еуропаның көптеген мемлекетті, Украина мен Грузия секілді елдер мемлекеттік сатып алуларға қатысты келіп түскен шағымдарды ақылы түрде қабылдайтын болған. Тексере келгенде шағым орынды болып жатса, онда төлеген ақшасын иесіне қайтарып береді, ал бұрыс болса, ол ақша мемлекет қазынасында қалады. Грузияда шағымды ақылы қабылдау мөлшері алынған тапсырыстың 2,5 пайызын құраған. Бұл жағ­дай шағым жолдаушыны тек өш алу немесе өз айтқанын күш­теп орындату мақсатын ғана көздемей, әрекетінің дұ­рыс-бұрыстығына зер салуға мәж­бүрлейтін көрінеді.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу үшін ондағы үдерістердің барлығы автоматтандырылу үстінде. Яғни бірте-бірте бұл іске адамның араласуына жол берілмейтін болады.

Баспасөз мәслихатында журналистер мемлекетке сатып алынатын кейбір тауарлар мен қызметтердің бағасы орынсыз өсіріліп, жемқорлықтың туындауына осындай жағдайлар да әсер етіп жататынын айтып, осының алдын алу мақсатында қандай шаралар қабылданғанын сұрады. Р.Бекетаев мұндай жағдайда сатып алу ісін жүр­гі­зушілер әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылатынын, бұл шара 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін айтты.

Сәбит Ахметов жиі сатып алынатын 100 тауар мен қыз­метке талдау жасалынғанын, нарықтағы орташа бағасы анық­талғанын мәлімдеді. Мәселен, бензин былтыр 17 мың рет сатып алынған екен. Енді осы істі реттей және үйлестіре отырып, осы сатып алудың санын 1 мыңға дейін түсіруге болады. Сонда сатып алу үдерісіне жұмсалатын шығын мен уақыт та әжептәуір үнемделеді екен.

Сондай-ақ сатып алу тапсырыстарын орындаушылардың адалдық мәселесіне де мән берілмек. Мәселен, былтыр 3,5 млрд теңгенің тапсырысын орындаған бір әлеуетті компания осы жөнінде тапқан пайдасынан бар болғаны 180 мың теңгенің ғана салығын төлегені анықталған. Сөйтіп үлкен тапсырыс алушы екіжақты пайда көрмек болған. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктердің де жолы кесілмек.

Сонымен қатар сатып алынатын тауарлар мен қызметтер бағасына демпинг қою мәселесі де шешімін тапты. Егер сатып алынатын тауардың орташа жиынтық бағасы 1 млн теңгені құрайтын болса, осы тапсырыс­ты орындаушы оның орындалу құнын 800 мың теңгеге, яғни 20 пайызға дейін ғана түсіре алады. Бұл жағдай тендерде орынсыз төмен баға ұсынып, жұмысты сапасыз атқаруға мүмкіндік бермейтін болады. Бұл шара
1 шілде­ден бастап күшіне енді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­­масын орындау аясында Қаржы министрлігі мемле­кеттік сатып алуларды орта­лық­тандырудың жаңа моделін пысықтауда. Бүгінгі таңда рес­публикада мемлекеттік сатып алудың жыл сайынғы орташа көлемі 3,2-3,5 трлн теңгені құрайды.