Комитет төрағасы былтырғы жылмен салыстырғанда кіріс көлемі 556 млрд теңгеге немесе 115%-ға артық түскенін айтады. Республикалық бюджеттің көлемі 101%-ға және жергілікті бюджет 108%-ға өскен. Шағын және орта бизнестен ел қазынасы 1, 9 млрд теңгеге немесе 16,6%-ға толды. Бұған қоса ведомство басшысы алғашқы жартыжылдықта Қаржы мониторингі комитетіне қарасты Экономикалық тергеу қызметін қайта құру және кадрлық ауыс-түйіске байланысты жұмыстар аяқталғанын сабақтады.
Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті үлкен деректер технологиясын меңгеруді бастапты. Бұл әсіресе тәуекел моделін болжауда таптырмас құрал деді спикер.
– Экспортты бақылау бөлімшесі құрылды. Оның тиімділігі көріне бастады. Бүгінде комитет ұжымы жасақталған және тапсырмаларды орындауға дайын. Үлкен деректерді сараптап, мәліметтерге интеллектуалды талдау жасайтын тың жүйені қолдануды бастадық. Соның негізінде тәуекел модельдері әзірленіп жатыр. 14 жаңа модель жүзеге асырылды. Оның 11-і салық ісіне және 3-еуі кеден бағытына қатысты, – деді М. Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек спикер жыл басынан бастап электронды шотфактураны міндетті түрде пайдалану енгізілгенін айтты. Сол секілді қазір шекарадан өтуге қатысты мәселе көп екенін жасырмады. Ол кедендік декларация бойынша тауар айналымы 100%-ға көбейгендіктен электронды түрде рәсімделетінін, бiрақ шекараны өту тәртібі қаз-қалпында қалғанын жеткізді.