01 Маусым, 2013

Сот орындау ісінде олқылықтар көп

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сот орындау ісінде олқылықтар көп

Сенбі, 1 маусым 2013 2:43

Қазақстанда сот актілерінің орындалу деңгейі адам айтса сенгісіз өте төмен күйде қалып отыр. Оның себебі, көптеген ортаны сыбайласқан жемқорлық, тамыр-таныстық, немқұрайдылық, тоғышарлық жайлап алған.  Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ашық айтылды.

 

Сенбі, 1 маусым 2013 2:43

Қазақстанда сот актілерінің орындалу деңгейі адам айтса сенгісіз өте төмен күйде қалып отыр. Оның себебі, көптеген ортаны сыбайласқан жемқорлық, тамыр-таныстық, немқұрайдылық, тоғышарлық жайлап алған.  Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ашық айтылды.

Мұндай сорақы жағдайдың ашық айтылуының себебі де сол, сот актілерінің жаппай орындалмауы тек сот билігінің ғана емес, тұтастай мемлекеттің беделіне нұқсан келтіріп отыр. Бұл мүлде төзгісіз жағдай екендігі белгілі. Қай облысқа, қай қалаға бармаңыз, жаппай сот актілерінің орындалмайтындығына наразылық танытқан адамдар алдыңыздан атойлап шығады.
Аталған отырысқа төрағалық еткен Сенат депутаты, жоғарыда атал­ған қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімов елімізде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандығын, заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз етуге қабілетті сот жүйесі құрылғандығын, мемлекеттік билік жүйесінде сот жүйесін бекіту мен соттардың ат­қару­шы органдардан нақты тәуелсіз бо­луына елімізде жүргізілген құқық­тық реформалар нәтижесінде қол жеткендігін, сондықтан да мем­ле­кетіміздің Ата Заңында сот ше­ші­мінің бұлжымастығы  жария­лан­ғандығын атап көрсетті. Сот ше­ші­мінің бұлжымастығы – қашанда барлық азаматтардың құқықтарына, қоғамға және мемлекетке қол сұғыл­маушылықтың  кепілі мен негізі.
Алайда, соттар «Тура биде туған жоқ» деп әділ шешім шығарып отырса да, оның Әділет министрлігі тарапынан орындалмай аяқсыз қалатындығы халықтың наразылығын тудыруда. Сондықтан аталған отырыста жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша сот актілерін орындау саласындағы жағдай қарастырылып, оған екі комитет – Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті мен Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті жауап берді.
Мәжіліс депутаты, Сарапшы комиссия жетекшісі Қайырбек Сүлейменов сот актілерін орындау барысындағы жемқорлықпен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінің сын көтермейтіндігін жеткізді. Жүргізілген талдау сот актілерін орындау мәселелері бойынша өкілетті мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктердің салдарынан сот шешімдері мен үкімдерінің жүзеге асырылуы толық көлемде қамтамасыз етілмейтінін көрсеткен. Аталған саладағы негізгі жемқорлық факторлар заңнаманың жетілмегендігі, қызметкерлердің кәсіби деңгейінің төмендігі, пайымды мемлекеттік саясаттың жоқтығы болып табылады екен.
Бұдан да сорақысы сол, Сот актілерін орындау комитетінің қызметкерлерінің істі заңсыз қысқарту, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатып қою, борышкерлердің мүлкіне тыйым салуды заңсыз алып тастау, тәркіленген мүлікті заңсыз қайтару, алименттік төлемдер бойынша берешек мөлшерін төмендету, тәркіленген мүлікті жымқыру және заңсыз сату, атқарушылық санкция­сы бойынша шара қолданбау және т.б. үшін ақшалай ақы бопсалаған деректер де анықталыпты.
Мәселен, өз қызметін ұйым­дас­тырудағы елеулі олқылықтар Алматы қа­ласы Сот актілерін орындау департаментінде байқалған. 2012 жылы қаулылардың 36 пайызы, яғни сомасы бойынша 0,8 пайызы ғана орындалған. Сот орындаушылары жалпы сомасы 388 млн. теңге болатын 90 атқарушылық іс жүргізуді жоғалтып жіберген. Қайда жіберді, ешкім білмейді. Бұған кім жауап береді? Тағы белгісіз.
Сол сияқты аталған отырыста Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметіне байланысты да сын айтылды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011-2012 жылдары Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде 14,2 млрд. теңгеге бюджеттік заңнаманы бұзушылықты анықтағаны белгілі болды. Сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесінде бұрын сотталған немесе заңнама талаптарын бұзып, мемлекеттік лауазымды қызметті кәсіпкерлікпен қоса атқаратын қызметкерлер жұмыс істейтін деректер көрініс берген. Қылмыстық-атқару жүйесінде мерзімінен бұрын босату не жазаны неғұрлым жеңіл түріне алмастыру мәселесін қарау кезінде де жемқорлық жағдайларына жол берілген.
Оны айтасыз, мекемелерге бүгінгі күні тыйым салынған нәрселердің бә­рін дерлік жеткізуге болады екен, тіпті есірткіден бастап, тыйым салынған әдебиеттерге дейін. Жем­қорлық ахуал сотталғандардың құ­қықтарын бұзумен күрделене түс­кен. Осыған орай қылмыстық-ат­қару жүйесінің қызметкерлеріне қа­тысты жыл сайын сотталғандарға зор­лық-зомбылық жасағаны және өкі­лет­тігін асыра пайдаланғаны үшін талай мәрте қылмыстық істер де қозғалыпты.
Отырыс барысында Жемқор­лық­пен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске келіп түскен азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-шағымдары бойынша Жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың журна­лис­тері жүргізген зерттеулер  көр­сетілді. Осылайша, жоғарыда айтыл­ған мәселелерді талқылау нә­ти­жесі бойынша аталған кеңес сот ше­шім­дері мен үкімдерінің орындалуы саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған ұсынымдар енгізіп, қаулы қабылдады.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».