Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

Баянауыл инфрақұрылымы – өзекті мәселе

669 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалпы жол мәселесі үнемі елдің назарында ғой. Бас басылым бетінде аудандық, облыстық, республикалық маңыздағы жолдар жайлы жиі жазылып келеді. Не өзгерді? Осы жазғанымыздан өзгерген не бар деп қайта үңілуге тура келеді. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Бұл – жыл са­йын жолдарға бөлінетін қыруар қаражат. Осы бөлінген қыруар қаражаттың желге ұшатыны, жол­дардың сапасыз жөнделетіні немесе орта жолда аяқталмай қала­тыны қынжылтады. Одан кейінгі мәселе – жол басқарма­сындағы басшылар жиі ауысады.

 

Баянауыл инфрақұрылымы – өзекті мәселе

Өзгеріс демекші, былтыр Баянауыл ауданындағы Ақсаң ауылына кіреберіс жолының  тозып  тұрғанын жазғанбыз. Аудан әкімдігі биыл ауылға кіреберіс  6 шақырым жолды жөндеп, 114 млн теңге қаражатты игеріпті. Сонымен бір­ге Қаражар-Южное бағытының 30 шақырым жолына ағымдағы орташа­ жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, былтыр­ ұзын­ды­ғы 216 шақырымды құраған Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Улья­нов бағы­тында республикалық ма­ңызы бар жол толығымен жөнделді. Және ұзындығы 90 шақырым аудандық маңызы бар жолдарына жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Жұмыстың жалпы көлемі шамамен 8,1 млрд теңгені құрай­ды. Жолды жөндеу бойынша тендер де өтті. Құрылысты ірі компаниялар жүргізеді. Қажетті ма­териал­дар да дайын. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.

Бірақ Қалқаман – Баянауыл – Үміт­­­кер – Ульянов бағытындағы рес­­­пуб­ликалық маңызы бар жол жөн­делгенімен биыл көктемде тағы да су ас­тында қалды. Ендігі басты мәселе – жыл са­йын жөндеу жұмыстарын жүр­гізуде емес, Қалқаман – Баянауыл – Үміт­кер – Ульянов бағытын­дағы жол инфра­құры­лымы жыл сайынғы тас­қын суға төтеп беру үшін қандай тос­қауыл қою ке­ректігінде сияқты. Ал осы жол бойында бірнеше ауыл бар. Ауылдар ма­ңайындағы бұрынғы  көпірлер мен су өткізгіштерді қазіргі заман технологиясымен қайта жасап, жобаны нақты қолға ал­ғанда үлкен жол жыл­­да су астында қалмас па еді? Бұған рес­­публикалық ма­ңыздағы жолдар­мен жүретін жүк кө­ліктерінің легін қосыңыз.

Өңірде Баянауыл курортты аймағына апаратын жолдар маңызды. Туристер де, қонақтар да, қарапайым жұртшылық та Баянауылға баратын жолдың жөнделуін күтумен келеді. Туристік әлеуетке сай жаңа заман жолдары қажет. Курортты ауданда жалпы 340 шақырым жол жөнделмек. Мысалы, Торайғыр көліне дейін, көлдің маңайын айнала жол салу қажет. Туристер зор қызығушылық танытатын Қоңыр әулие үңгіріне жеткізер жол да бұрынғы қалпы. Тіпті, үңгір бар деген  белгісінің өзінің тозығы жеткен.

Баянауыл инфрақұрылымын дамыту үшін 2005 жылдан бастап кешенді жоспар жасалды. 1999 жылы облыс әкімдігінің Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағында туризмді, демалыс­ты ұйымдастыру жөніндегі шешімімен «Баян-Сервис» атты мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорны құрылған-ды. 2011 жылы  «Баянауылдың туризмін дамыту» туралы жобаны қаржыландыру мәселесі Үкіметке де ұсынылды.

Бірақ нәтижесіз. Ал Баянауылдың жол инфрақұрылымы әлі де өзекті.

Екіншіден, туризмнен бұрын Баян­ауылдың шалғай ауылдарында тұратын халық үшін жол мәселесі қандай қиын еке­ні айтпаса  да түсінікті. Ауданда 12 ауылдық аумақтан  тұратын 32 үлкенді-кі­шілі ауыл бар. Қаратомар, Жаңатілек ауыл­дарының жолдарын жөндеу ер­те­гіге айналғандай қазір. Былтыр Жаңа­тілек ауылына апарар жол бөлігін жөн­деуге 600 млн теңгедей қаражат бө­лінген еді. Бірақ неге екені белгісіз, бұл қаражат бюджетке қайтарылған. Бүгінде Баянауыл ауданында  Жаңажол – Ескелді,  Теңдік – Ұзынбұлақ, Ұзын­бұлақ – Ақши ауылдарының автокөлік жол­дарына, Баянауыл – Угольное, Жа­сы­бай – Қоңырәулие – Біржанкөл – Жа­ңажол, Қарашат – Жаңа Жайма аралықтарындағы ауыл жолдарына күрделі жөндеу  жұмыстары қажет-ақ.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы Жаңажол – Құндыкөл, Жа­ңажол – Ескелді бағытындағы 52 шақы­рым жолға жөндеу жұмыстары бастал­ған.­ Қаражат көлемі – 1 млрд 300 мың теңге.

Ал Бірлік ауылы тұрғындары ауылға кіреберіс 7 шақырым жол, Шөптікөл және Майкөбе ауылдары арасындағы және Майкөбе ауылы мен үлкен жолға дейінгі жолға күрделі жөндеу жасап беруді сұрайды. Қазір Екібастұздың Бес­қауға ауылы жағынан Баянауылдың Ес­келдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне қа­рай жол жөнделуде. Бұл жолды жөндеу­ді жергілікті халық  20 жылдай күткен шығар. 

Жолдың маңызы демекші, бұған дейін болашағы жоқ ауылдар деп танылған Баянауылдың ауылдары еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы заңына сәйкес елді мекен мәртебесінен айырылып, қысқартуға ілініп кетті. 

2004 жылы аудан бойынша 96 ауыл болса, қазір қалғаны – 32.  Суы жоқ, жолы жоқ жерде халық қалмайтыны белгілі. Аудан орталығы – Баянауыл облыс орталығынан 230 шақырым қашықтықта жатыр.

 Облыстағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 5441,1 шақырым. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1662,8 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 975 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдар 2803,3 шақырымды құрайды.

 Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, өңірдегі жол жөндеу жұмыстарына 12,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

 

Павлодар облысы