Руханият • 19 Тамыз, 2019

Түркістанның ең ұлық ақыны – Абай

2698 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тағдыр айдап шетел асқан Мұстафа Шоқайдың қажырлы қайраты мен мұқалмас мұраты арқылы Берлин қаласында шығып тұрған «Яш Түркістан» жорналы тұтас Түркістанға – түгел түркі әлемі мен Орталық Азияға қатысты көптеген құнды мұраны қойнауына бүгіп жатыр. Олай дейтініміз, біріншіден, «Яш Түркістан» жорналы қазіргі қазақ тіліне түгелдей аударылып, ғылыми, әдеби айналымға толық түсе қойған жоқ. Екіншіден, тұтас Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығын мұрат тұтқан бұл жорналдың негізгі бағыты саяси сипатта болғанымен, басылым бетінде мәдени, рухани, тарихи, әдеби туындылар мен мақалалар жиі жарық көріп тұрған. Мәселен, шетел оқырмандары Мағжан мен Шолпанның жырларын алғаш рет «Яш Түркістан» арқылы оқыған. Мұстафа Шоқай бастаған азаттық ерлері кеңестік Түркістанда болып жатқан оқиғаларға наразылық білдірумен ғана шектелмеген, олар ұлттық тұрғыдан өзіндік ұстанымдарын да айқын аңғартып отырған.

Түркістанның ең ұлық ақыны – Абай

Мұстафа Шоқайдың еңбек­терін жинастырып жүрген кезі­міз­д­е, дәлірек айтқанда 1997 жы­лы «Яш Түркістан» жорналын­да жа­рия­ланған бір мақалаға көзі­міз ерік­сіз түсе берді. 1934 жылы жа­рық көрген мақала «Түрк­і­с­тан­ның ұлы ақыны – Абай Құнан­байұлы» деп аталады екен. Түркі­станға ортақ, сол тұс­та жал­пы­ға түс­і­нікті болған шаға­тай тілін­де жа­зыл­ған аталмыш мақа­ла­ға қо­сымша ретінде Абай­дың мәш­һүр суреті басылып, оның ас­ты­на «Түркістанның ең ұлық ақы­ны Абай Құнанбайұлы» деп жа­зы­лыпты. Мұндағы «ең ұлы ақ­ыны» дегенді «бас ақы­ны» деп тү­сінуге де болатыны анық. Тез көз жүгіртіп оқып шық­тық. Ма­қа­ланың соңы­на «Есен Тұ­р­сын» деп қол қойы­лып­ты. Автор­дың бүркен­шік ат қол­дан­ғанын сезе қойғаны­мыз­бен, оның астына жасырынған кісі­ні анықтау оңайға соққан жоқ. Несін жасырамыз, тіпті, әуелгіде Мұстафа Шоқайдың өзі болар деп те ойладық. Өйткені эмигра­цияда жүрген зиялылар арасын­да жаңа қазақ поэзиясының көш­бас­­шысы болған ұлы Абайды ұлты қазақ Шоқайдан артық кім білмек? Оның үстіне, мақа­ла ав­торы Абайды тұтас Түркі­стан­­­ның ең ұлы ақыны ретінде ба­­ға­­­лаған екен. Біздің білуіміз­ше, Абайды бұлайша тұтас Түр­к­і­с­тан­­ның бас ақыны деп баға­­ла­­ған жан бұрын-соңды бол­ған емес еді. Расында, кезінде Ах­мет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған ұлы Абай түгел түркінің ортақ қазы­на­­сы­­­на айналған Ясауи, Науаи, Мақ­­тұм­­құли сияқты өз дәуіріндегі тұтас Түркістанның бас ақыны емес пе?!

Түркістанның тәуелсіздігі мен тұ­тастығы үшін жан қи­ған Мұс­тафа Шоқайдың бұл мақа­ла­ның жа­зылуы мен жарық көруі­не үл­кен септігі тиген де шы­ғар, де­ген­мен, зерттеу барысын­да көз жет­кіз­геніміздей, Есен Тұр­сын – «Яш Түркістан» жор­на­лы­ның жауапты хатшысы Тахир Шағатайдың лақап аты екен. Сондықтан, ұлы Абайдың өмір­ден өткеніне 30 жыл толуына орай шетелде, «Яш Түркістан» жор­на­лында жарық көрген бұл мақа­ла­ның авторын профессор Тахир Ша­ға­тай деп батыл айтуға болады.

Ең алдымен айтар жайт – кө­ле­мі шағын мақала қалың көп­ші­лікке арналғанымен, ғылы­ми тәсілден ауытқымай, ба­рын­ша жүйелі жазылған. Ма­қа­ланың кіріс­песінде Абайды қа­лып­тас­­­тыр­ған орта мен ха­лық әде­биеті жайында ой өр­бітіп, қазақ әде­биетін «түркі халық­тары әде­биеті ішіндегі ең бай әде­биет» деп бағалаған Шағатай, қазақ әде­биетінің даму үрдісі мен өрі­сіне, ерекшелігі мен ба­сым­ды­лы­қ­тарына тоқталады. Осы тұста ХІХ ғасырға дейінгі дәуір­лер­ге талдау жасап, халық әде­бие­тінің тармақтарын тарата айт­қан Тахир Шағатайдың білгір­лі­гі­не еріксіз таңырқайсың. Ол бы­лай деп ой толғайды: «Түрік халық­тары әдебиеті ішіндегі ең бай әде­биет қазақ әдебиеті десек, еш­қан­дай артық айтпаған болар едік. Қазақ халқында ақындық өнер мен философиялық ой-та­ным­ның күшті дамығаны жайын­да ел аралап, қазақтар арасында бол­ған көптеген шетелдік ға­лым­дар да айтып кеткен. Кең да­ла, заңғар таулар мен жанға жай­лы жайлау­лар және табиғи тұр­мыс салты сыйлаған кең мүм­кін­ші­лік пен мұңсыз өмір сияқ­ты алғы­шарт­тардың халық өнерінің дамуы­на үлкен үлес қосқаны анық. Қазақ халық әдебиеті сар­қыл­мас, шексіз қазына. Сондай-ақ ол бас­қа халықтар әдебиеті сияқ­ты бір­жақ­ты ғана емес. Ол таби­ғи құ­бы­лыс пен қоғамдық өмір­дің бар са­ла­сына тамыр тартқан...».

Мақала авторы одан әрі Абай туралы тереңнен толғап, көсіле сөй­лейді: «...Ауыз әдебиетінде дәс­түрлі қазақ халық әдебиетінің рухы басым болса, жазба әде­биет­те сыртқы дүниенің әсері ай­­қын еді. Әртүрлі тармақтарға бө­лін­геніне қарамастан, бұл үр­діс ХІХ ғасырдың орта тұсына де­­йін жалғасын тапты. Осы кезең­нен бастап ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы әдебиетке үл­­кен өзгеріс әкеліп, халық әде­бие­тіне жаңа бағыт берді. Ол за­ма­­науи сипатта, ұлттық рухта өлең­дер жаза бастады. Абай орыс әде­биеті және сол арқылы Еуропа әде­бие­тін жетік білетін. Деген­мен бұл таныстық оны қазақ ауылы­нан, кең даласынан және дала төсін­де еркін жайлаған халқынан айыр­ған жоқ. Ол дәстүрлі қазақ әде­бие­тін­дегі халықшылдықты заманауи ұлтшылдыққа айналдырды».

Расында, Абайды өзге заман­дас­тарынан айырып тұрған ең үлкен ерекшеліктің бірі – оның уызға жарып өсіп, терең тамыр­дан, дәстүр мен діннен, халық­тық таным мен пайымнан қол үз­­бей, ұлттық, елдік, рухани құн­­ды­­­лықтарды жырлап өтуінде жа­­тыр емес пе? Сол арқылы Абай, ав­тор айтқандай, қазақ ұлтшылдығының да заманауи бағытын айқындап берді.

Абайдың «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пай­да­сына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын біл­мек керек» деген сөзін Тахир Шаға­тай білсе керек. Ұлы ойшыл­дың орыс-орман­ға үңілу себебін терең түсін­ген Шағатай, ұлы ақын­­ды қаймықпастан «ұлтшыл, халық­­шыл ақын» дейді. Бұл тұста Абайдың Шығысы пен Баты­сын тап басып, тани білген ма­қ­ала авторы: «Орыс зерттеуші ға­лым­дары Абайды орыс әде­бие­тінің алыптары Пушкин мен Лер­­монтовты оқып, олардың шы­ғар­маларымен жақын таныс бол­ған деп жазады. Ал большевиктер оны «дала аристократы» ретінде қарап, «феодализм мен байшылдықтың жыршысы, ұлт­шыл» деп қаралауда. Біздің па­йым­дауымыз бойынша, Абай қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай ұлттық рух пен сипат берген ұлтт­ық әдебиеттің шынайы реформаторы еді», деп жазыпты. Бұдан артық қалай айтуға болады. Шын мәнінде Абай сеңді бұзып, санаға сілкініс әкелген, бүгін­гі тілмен айтқанда, рухани жаң­ғыруға түрткі болған ұлттық рух­тың реформаторы емес пе?!

Профессор Шағатай, Абай туралы жалпылама айтпай, оның шығармаларына да байып­ты баға беріпті. Оның айтуынша, «Абай өз өлеңдерін халықты тануға һәм танытуға арнады. Ха­лықтың кемшіліктерін көрсе­тіп, одан тыйылуға шақырды. Ол ха­лықты, елін және оның та­би­ғатын суреттеді, өткен күн­дер­дің жарқын беттерін сағынды, өз дәуіріндегі халықтың жағ­дайы­на жаны ауырып, қайғырды. Ха­лық­ты келешек үшін да­йын­дық жа­сауға, оқу-білім мен мә­де­ниетке ша­қыр­ды. Абай қазақ жастарын, жал­пы қазақ жұрт­шы­лығын елін танып-білуге, оны сүюге және оған қызмет етуге үндеді». Қай­ран елі, қалың қазағы үшін қа­быр­ғасы қайысқан Абай «жерін қорып, желіп жүріп боздаған жел­гек шалдай» күңірене отырып, жұр­тына жарық күнге жетелейтін жолды да көрсете білді.

Тахир Шағатай шығарма­ларын қалың қазақтың арасында, туған ауылында отырып жаз­ған Абайдың көзі тірісінде өзі­не лайықты құрметке ие бола ал­ма­ғанына өкініш білдіреді. Де­ген­мен Тахир Шағатайдың пікі­рін­ше, «Абайдың ең үлкен мұ­ра­сы – оның қалыптастырып кет­кен мектебі. Артына мол мұра, мық­ты негіз қалдырып кеткен Абайдың қазақ әдебиетіне әсері бір­ден байқалды». Автордың сөз­іне одан әрі құлақ түрсек, «Абай­дың жолын қуған кейінгі буын әдебиет өкілдері оның әсері­мен һәм салған дара жолымен жүрді. Қазақ әдебиетінде бір­ден жаңашылдық рухы басым болып шыға келді. Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулат, Сұл­тан­махмұт, Ғұмар Қараш­ұлы және тағы басқалары Абай қалыптас­тырған әдеби мектептің өкілдері. Соның ішінде, әсіресе, Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулат тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұ­тас Түркістанның қалыптасып, құ­ры­луына, одан кейін 1925-1930 жыл­дары кезе­ңінде маңызды қыз­меттер атқар­ған ерекше тұл­ға­лар. Бұл екі азамат қазіргі кезде кеңестік Ресей өкі­меті тарапынан «ұлтшыл» деп айып­талып, мұзға оранған солтүс­тік өлкеге айдауға жіберілген».

Иә, қаны сорғалаған ащы шын­дықты айтып, Алаштың арыс­тарын жоқтаған Тахир Ша­ға­тай Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатты тек қазақ әде­биетінің ғана емес, тұтас Түркі­станның құрылып, қалып­тасуы­на өлшеусіз үлес қосқан қай­рат­­­керлер ретінде еске алады. Тұтас Түркістан үшін тер төгіп, жан қиған Әлихан, Ахмет, Мір­жа­қып, Шәкәрім, Мұстафа, Мағ­жа­н­­дарға рухани ұстаз болған Абай расында тұтас мәңгі­лік мұ­­ра­ны мақсат тұтқан ір­гелі мек­­т­еп қа­лып­тастырған ірі ақын емес пе? Ол өз шығарма­ларын­да Түр­кі­­стан туралы бір сөз де жаз­бауы мүмкін, алайда, Абай­­дың мектебінде жетілген озық шәкірттері Түркістанның тәуел­сіздігі мен тұтастығы жолында басын бәйгеге тіккен жоқ па?!

Түркістанның азаттығы жолында бар ғұмырын сарп еткен күрескер азаматтың бағалауынша «Абай тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар бүкіл Түркістанның да бас ақыны!» Бұл – өресі биік өзбек жігітінің жүрекжарды ле­бізі, шынайы пікірі болса керек. Өйткені мақаладағы ойларын осымен доғармай, одан әрі өрбіткен автор 1954 жылы Түр­­кия­ның Ыстанбұл қаласында ба­­сы­­лып шыққан «Түркістанда түрік­­шілдік және халықшылдық» атты еңбегінде де Абайды «Түркі­стан­дағы жаңару кезеңінің басы» деп атап көрсетіпті. Автордың жа­ңару кезеңі деп отырғаны – Қырым­да Исмаил Гаспыралы бас­­тап, түгел түркі жұртын қам­ты­ған жәдитшілдік кезең!

Түркістанда тәуелсіз мемлекеттер орнап, қазақ елі азат­тық алған тұста бұл мақала қай­сі­бір жандар үшін таңсық болып көрін­беуі де мүмкін. Деген­мен шетелде және сталиндік зо­ба­лаң­­ның әсерімен Абай шы­ғар­ма­лары «тұрпайы социализм» тұр­ғысынан талданып, тап­тық ұғыммен бағаланып жат­қан ке­зеңде жазылғанын және шетел­де жарық көрген іза­шар ма­қала екенін ескерер бол­сақ, мақа­ла­ның құны одан да арта түспек. Абайдың қазақ әде­бие­тіндегі орнын тап басып айтқан автор осы тұста заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовпен үндесіп кетеді.

Кезінде Алаш қозғалысына белсене қатысып, Түркістанның тәуелсіздігі үшін Бұхарадағы астыртын жиындарға қатысқан Мұх­тар Әуезовті профессор Та­х­­ир Шағатай жақсы біліп, оны­­мен іштей түсініскен. Сон­дық­­­тан ол аталмыш мақала­да абай­­танудың басында тұрған Мұ­қаң­­ды, яғни Мұхтар Әуезовті ұлы ақын­ның шәкірті ретінде Ақаң мен Міржақыппен қатар ата­май­ды. Бұл – келешек заңғар жазу­­шыны құптап, оны қанды қыр­­ғын­нан қорғаудың бір тәсілі еді деп түсінген абзал. Олай дей­тіні­міз, Мұхаң қайтыс бол­ғаннан ке­йін жарық көрген бір еңбегінде Т.Ша­ға­тай жазушы туралы жылы пікір білд­ірген еді. Оның үстіне, «Яш Түр­кістан» жорналының бас ре­дакторы, Түркістан ұлттық май­­д­аны­ның жетекшісі Мұстафа Шо­­қай­дың да мұраттас достарын қор­ғау мақсатында осындай әдіс, амал-айла қолданғаны бізге мәлім.

Мақаласында «Өкініш сол, оның құнды шығармаларын халқымыз өз қажетіне жарата алмай отыр. Елімізде үстемдік құрып отырған қызыл диктатура Түркістан ұлттық әдебиеті­нің өзге өкілдері сияқты Абай және оның шығармаларын Түркістан халқынан мейлінше жырақ ұстауға тырысуда. Бұл күндері орыстың кез келген ұлтшыл ақын-жазушысының еңбегін табу­ға болатын Түркістанда Абай­­­дың шығармаларын кездес­тіре алмайсыз. Мұның себебі де бел­гілі орыс ұлтшылдығы!» деп күйінген Тахир Шағатай, сөз со­ңында Абай шығармаларының халық жадында мәңгі сақта­ларына сенім білдіріпті. Оның пікі­рінше, «қаншама шектеу қо­йылғанымен, халық рухының шоқтығы биік туындысы болған шығармалар елдің жүрегінен берік орын алып, жасампаздығы арта бермек!».

Сәуегейлік танытқан автор­дың пікірі айна-қатесіз келді. ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ақынның 175 жылдығы қар­саңында Абайдың өлең-жыр­ларын қалың қазағы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жат­қа айтып жатқан жұртшылық мұның айғағы! Дегенмен осы тұста ойланатын жайт та жоқ емес. Соның бірі – Абайды ауда­ру мәселесі! Әлем тілдерін айт­­па­­­ған күнде, Абай мына ір­ге­­дегі қанаттас жатқан бауыр­лас қырғыз, түркімен, әзер­бай­жан, түрік тілдеріне әлі күнге дұрыс аударылған жоқ. Былтыр Өзбекстандағы Абай жылына орай ақын жырларының тәр­жі­маланғанын естідік, бірақ оның сапасы қандай екенін біл­мейміз. Бір білетініміз, түрік тілі­не аудармасы сын көтер­мейді! Сол сияқты Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» да қайта ауда­рыл­ған жоқ. Ендеше, Түркі­стан­ның бас ақынын түркі жұрты қалай тани­ды? Бұл орайда біз Абай­дың әуелі қазаққа, содан кейін тамырлас, туыс жұрттар­ға қажет екенін баса айтқымыз келеді.

Осы орайда, мақала авторы туралы қысқаша мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Мұстафа Шоқайдың эми­грациядағы сенімді серігі әрі шы­найы шәкірті бола білген Тахир Шағатайдың ұлты өзбек. 1902 жылы Ташкент қаласында туған Тахир Шағатай әуелі Таш­кенттегі жәдит мектебінде білім алып, содан кейін Уфадағы әйгі­лі Ғалия медресесінде оқып, білі­мін одан әрі тереңдете тү­седі. Қос төңкеріс болған аласапы­ран уақытта Әзербайжан хал­қы­ның азаттық үшін күресіне қа­тыс­қан Шағатай, Түркістанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Алманияға аттанады. Түркі­стан­ның тәуелсіздігі үшін күрестің өрісі тарылып бара жатқанын сез­ген Тұрар Рысқұлов пен Фай­золла Қожаев 1922 жылы Алма­ния мен Түркияға дарынды, қабі­летті һәм ұлтшыл жастарды оқу­ға жіберген болатын, Тахир Ша­ға­тай осы топтың құрамында Бер­лин қаласына келіп, филосо­фия, социология және экономика негіздерінен дәріс алады. Со­цио­логия саласында 1931 жылы док­торлық қорғаған Шаға­тай, соғыс­тан кейінгі жылдарда Түр­кия Республикасының аста­­на­сы Анкара қаласындағы уни­­вер­­ситетте профессор болып қызмет атқарады. Мұстафа Шоқай­­дың мұрасына барынша адал­дық танытқан ғалым «Яш Түр­кі­стан» сериясы бойынша Түркістан және Мұстафа Шоқай туралы бірнеше кітап шығарады. Ол кітаптар да қазақ тіліне аударылып, жарық көруі тиіс деп ойлаймыз.

Біз ұлы Абай мұрасы жайында Алаштың арыстарынан кейін лебіз білдіріп, ғылыми негізде пікір айтқан, шетелде жүріп абыз ақынның шығармашылығына әділ баға беруге ұмтылған про­фес­сор Тахир Шағатайдың есімі аба­й­тану тарихына алғаш­қы­­лар­­дың бірі ретінде еніп, онда ла­йықты орнын алатынына күмән келтірмейміз.

 

 Дархан ҚЫДЫРӘЛІ