Аймақтар • 19 Тамыз, 2019

Кітапхана – қазына мекені

2165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде әлемде кітап оқу жөнінен бірінші орында – ағылшындар, екінші орында – немістер, үшінші орында – америкалықтар, төртінші орында жапондар тұр екен. Өкінішке қарай, ғаламшардың оқу «соққан» тұрғындарының қатарынан қазақтарды іздеуге әлі ерте. Деректер ел тұрғындарының 57 проценті ғана тұрақты түрде кітап оқитынын айғақтайды.

Кітапхана – қазына мекені

Алайда, бұл айғаққа бола қазақтан қара танымайтын халық жасауға асықпау керек. Ақылмандар ой-өрісі қалыптасқан ұлт рухани азықты талғаммен тұтынатынын ескертеді, яғни, зиялының деңгейі оқып, тауысқан кітап санымен емес, санға қонымды мазмұнды ақпаратқа қанығумен өлшенеді екен. Жалпы, кітап оқу үшін жағдай керек. Осы жерден отандық кітап ісінің, баспа мен таралым, тағы да басқа автор мен оқырманның арасындағы мың түрлі мәселе «мен мұндалап» шыға келеді. Оны қозғау басқа тақырыптың еншісіне қалсын. Қазіргі сөзімізге кітапханалардың арқау етелік. Әрі алыс ауылдағы шағын кітапхана туралы...

Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Қалжат ауылының кітапханасы 2007 жылы ашылған. 50 шаршы метр аумаққа ғана орналасқан бұл оқырман үйі ауылдағы 2424 тұрғынның рухани орласы іспетті. Оның ішінде 733 адам тұрақты түрде кітап жаздырып алып оқиды екен.

- Кітапхана – қай дәуірде де қоғамның мәдени өмірінің бірден-бір көрсеткіші, өткен тарихымызды өшірмей, ұлт жадын мәңгілік сақтайтын мекен болып есептеліп келеді. Осы қасиетті істі жалғастыру үшін кітапхана ісі мен кітапханашылар да заман талабына бейімделіп, үнемі жетіліп отыруы керек. Біздің ауылдық кітапханамыз шағын болғанымен, ізденген адамға рухани қорегін тауып беретін оқырман отауы. Қазір ел бойынша кітапхана қызметін жетілдіру, жаңғырту жұмысы қызу жүріп жатыр. Кітапханашылардың жұмысын оңтайландыру мақсатында кітапханалардың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының әкімшілігі мен мамандарының көмегі арқылы 2014 жылы ауылдық кітапханаға «КАБИС» бағдарламасы қойылды. Бұл кітап қорының сақталуын қамтамасыз ету, қорға қолжетімділікті кеңейту, жалғыз дана басылымдарға деген оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін басты бағыттардың бірі ретінде құжаттарды сандық түрге көшіру жұмыстары жаппай жүргізілуде, - дейді Қалжат ауылдық кітапханасының директоры Аида Тұрсынова.

Әдетте, оқырман мен кітапхана арасындағы жарасымды жалғастыққа кітапханашы жауапты болса керек. Яғни, кітапханашының білімі мен білігі, мінезі мен өз ісін сүйе білуі сияқты кәсіби қасиеті қашанда бағалы. Осы Қалжан ауылының кітапханашысы Санам Сидирова сондай қадірлі маманның бірі екен. Кітапхана ашылған алғашқы күннен бері еңбек етіп келе жатқан кітапханашыны оқырмандар ерекше сыйлайды. Ауылдың жасы да, жасамысы да ол өткізген мәдени шарадан қалмауға тырысады екен. Былтыр Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік - ұлттың өрлеудің ұлы күші» атты кітап көрмесі және танымдық сағаттар мен Ауған соғысының қасіретін паш ететін «Жүректегі жара», «Өшпес ерлік ұрпаққа мұра» атты кітап көрмелері нәтижелі өтті.

- Қазіргі заманның дамуына қарай ақпаратты жан-жақты аудио, бейне, интернет жүйесі арқылы жылдам алуға мүмкіндік туғанымен, кітапхана арқылы әдеби кітаптарды оқи отырып алатын білім мен саламаттылық орны ерекше. Ұрпақ тәрбиелеуде кітапхананың алатын орны ерекше. «Адам өзін кітаппен дос бола бастаған шақтан бастап қана интеллигентпін деп санауына болады» депті ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Яғни, кітап – теңдесі жоқ асыл қазына болса, оның мекені – кітапхана, - дейді Қалжан ауылының кітапханашысы Санам Сидирова.

 

Алматы облысы