Жиын барысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың 90%-ы жағдайы төмен отбасынан шыққандар екені мәлім болды. Мұндай әрекеттердің алдын алуға жауапты уәкілетті қызметкерлер аз емес: ювенальдық полиция, педагогтар, дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер, олардың ортақ жұмысын күшейте түсуді қажет екені көріп-ақ тұр.
Қылмыстарды тергеу мен ашу сапасына байланысты айтылатын ескертулер жетерлік екен. 2015 жылдан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 34 мыңға жуық қылмыс тіркелген, дегенмен олардың 27%-ы ғана өзінің логикалық соңына жеткен.
Кәмелетке толмағандарға қатысты талай қылмыстық іс сотқа дейін жетпей қала беретін көрінеді. Прокурорлар кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық туралы істер бойынша заңсыз үзілген 57 тергеуді қалпына келтірген, сондай-ақ тоқтатылған 328 істің күшін жойған, жасырылған 23 қылмыс анықталған.
Басқаша айтқанда, балаға қатысты қылмысты ашып, қылмыскерді жазалаудың орнына бармақ басты, көз қысты принципі орнап кететін кез аз емес. Полицейлер кейде бала түгілі ересектің де ісіне немқұрайды қарап, қылмыстық істі қозғағысы келмейтіні белгілі. Егер естеріңізде болса, былтыр темір жолда зорланып, басындағы қайғысын полицейлерге жыл бойы дәлелдей алмаған қыз дәл осындай жайтты баяндап берген еді. Жағдай тек «НеМолчи.KZ» қорының басшылығы арқасында ғана сотқа жетті. Оның өзінде судья қос қылмыскерге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру үкімін шығарып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Ортақ түйткілдерді талқылау барысында өңірлерде полиция қызметкерлері мен прокурорлардың аталған қылмыстардың санатын ашуға мамандандырылған жекелеген топтар құру орынды болады деген қорытындыға келді. Бас прокурор осы санаттағы қылмыстардың сапалы тергелуін қамтамасыз етуді және кінәлілердің жазасыз қалмайтындығы қағидасының сақталуына қол жеткізуді тапсырды. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықты күшейте түсу туралы Президенттің тапсырмасын орындауға ерекше назар аударылды.
Кеңесте көтерілген келесі мәселе – жол қауіпсіздігі. 2015 жылдан бері жол-көлік оқиғаларынан 11 мың адамның қаза тапқаны, 120 мың адамның әртүрлі жарақаттар алғаны мәлім болды. Еліміздегі жол қозғалысының қауіпсіздігіне бірқатар факторлар ықпал етеді екен. Атап өтсек, олардың қатарында автопарктің күрт өсуі, жолдардың жай-күйі, көліктегі құқық бұзушылықтар профилактикасының босаңдығы және басқалары бар.
Жол бойындағы оқиғаларды автомектептерде жүргізушілерді даярлау сапасының төмендігі және жүргізуші куәліктерін заңсыз алу мүмкіндігі де шиеленістіре түседі. Мәселен, 3 мыңнан астам адамға жасанды медициналық анықтамалар, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған 923 адамға жүргізуші куәліктерінің берілу фактілері анықталған. Елімізде 833 автомектеп жұмыс істейді, олардың басым көпшілігінің қажетті материалдық-техникалық базасы жоқ.
Жол салу тендеріне қатысып, бір үлесін жымқырып кету – Қазақстан үшін таңсық дүние емес. Соның кесірінен талай жан тас жолдарда өмірмен қош айтысып немесе мүгедек атанып жатқан болар. 3 жыл ішінде құқық қорғау органдары жолдарды салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражаттарын жымқыруға байланысты 100-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеді. 7 млрд теңгеден астам сомаға жуық шығын келтірілді. 55 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды, 24-і қазірдің өзінде сотталды.
Жол көлік оқиғалары жөніндегі қылмыстық істерді тергеудің тиісінше жүргізілмеуіне қатысты да сын аз емес. Соңғы 2 жыл ішінде прокурорлар 45-ке жуық жасырылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке қойған, олардың 13-і бойынша үкімдер шықты.
Үйлестіру кеңесі мүшелерінің пікірі бойынша, қауіпті жол учаскелерінің электронды картасы, көше-жол жүйелері жай-күйінің қоғамдық мониторингінің болуы, жауапкершілікті қатаңдату қажет.
Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы жариялаған рейтингке көз жүгіртсек, көңіл көншімейді. Жол көлік оқиғасынан қайтыс болған адамдарды 100 мың кісіге шақса, елімізде 17,6 азамат көз жұмады екен. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 74 орында. Ал рейтингтің ең соңындағы Скандинав елдерінде бұл көрсеткіш 2,7-2,8 адам. Яғни, жолдары қауіпсіз деген сөз. Ал біз айдың күннің аманында 2015 жылдан бері 11 мың азаматты жол бойында жоғалтып отырмыз.