Қазақстан • 20 Тамыз, 2019

Кеуректің ащы дәмі

4682 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеуректің ащы дәмі

Көктемде кеуректің сар­ғыш гүлдері күн сәулесіне шағы­лысқандай жалт-жұлт етіп, көз­дің жауын алады. Білмейтін кісі бір түйір жапырағын үзіп алып иіскесе, қолына шайыр-шіресі жұғып, көпке дейін кетіре алмай әуреге түседі.
Бірақ қанша әдемі болға­нымен, біз оны сасық шөп дей­тінбіз. Өйткені кеуректің өзе­гінде бір жағымсыз, өлексе иіс болады. Алда-жалда ауылдың кейбір қомағай сиырлары күр­тілдетіп жеп қойса, олардың сү­тін бірталай күнге дейін іше алмай, айран ұйыта алмай, ағарғансыз отырып қалатын­быз.
Биыл көктемде елге барға­ны­мызда баяғы сол кеурек өсе­тін жерлерден ойдым-ойдым шұ­қанақтарды көріп, аң-таң бол­дық. Сарғыш гүлі күнге ша­­ғылысқандай көзді арбап тұ­ра­тын сасық шөп ізім-ғайым жоқ...
– Апыр-ау, – деймін ат ар­қандап жүрген немере ағама қарап, – түп-тамырымен отап тастағансыңдар ма, немене?
Ол қолындағы жаңа ғана қа­зық қаққан жұмыр тасты ала­қанымен салмақтап-салмақтап тұрды да, анандай жерге лақ­тырып тастады. Содан соң:
– Біз емес оны құртқан, – деп әлдекімге кейігендей дүңк ете қалды.
Оның даусынан күрең ат секем алып, басын кегжитіп, аяқ астынан сені не жын қақты ма дегендей осқырынды.
Аздан соң ағам сабасына түсіп, алақанына жұққан шаңды қаққыштап тұрып:
– Бір-екі жыл болды, кеурек – нағыз дәрі шөп екен, бәленбай деген шетелдік фирма, тамырын қазып апарып өткізген кісілерге түгенбай теңге төлеп, қолма-қол сатып алады екен дегенді естіп, осы ауылдың күрек ұс­тауға жарайтын адамдарының барлығы адырға шықты. Сөйтіп міне, ақыры... осылай болды.
Менің ойыма «Жоғалған пышақтың сабы алтын» деген мақал оралды. Ағамның ішін­дегі қыжыл енді маған ауыса бастады.
Апыр-ай, әншейінде сасық шөп деп мұрнымызды шүйіріп, алыстан орағытып өтетін кеурек те кілтін тапқан кісіге ішіндегі бар асылын ақтаратын құпия қазына екен-ау! Соны неге біл­мегенбіз?..
– Е-е, қарағым-ай, – дейді ағам, – бұ табиғатта жаман нәрсе болушы ма еді...
– Сонда кеуректің дәрі шөп екенін бұрын да білуші ме едіңіздер?
Ол алыста ұмыт қалған бір нәрсені есіне түсіргендей аз-кем үнсіз тұрып:
– Бұрынғының кісілері: «Ішінде желі бар адам кеуректі қайнатып, суына түссе жазы­лып кетеді» деуші еді. Одан басқасын білмеймін, – деп ба­сын шайқады. – Шындығында осы, білместігіміз ғой бізді құр­татын...
Мен оның көңілін кеуректің дәміндей ащы өкініш тырнап жатқанын сезіп, үнсіз қалдым.