Экономика • 21 Тамыз, 2019

Мал дәрігерлерінің жалақысы ала-құла

2751 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан – жаһандық бәсекеде ауыл шаруашылығы арқылы да көш басында жүруді көздеп отырған ел. Бірақ біз үміт күткен саладағы кей мамандардың табысын естігенде көңіл құлазиды. Сондай мамандардың қатарына мал дәрігерлері де кіреді. Олардың табысы тым төмен.

Мал дәрігерлерінің  жалақысы ала-құла

«Біз жұмыс істейтін ком­му­нал­­дық қазыналық кәсіпорын 2013 жылы құрылған. Содан бері мал дәрігерлерінің жа­­лақысына бір тиын қо­сыл­­ған жоқ. Ол кезде нан 45 тең­ге, бензин 65 теңге болатын, қа­зір нан­ның бағасы – 100 теңге, бен­зин – 170 теңге. Жалақыны неге қо­с­пайсыңдар деп сұрасақ, «сен­дер келісімшартпен жұмыс істей­сіңдер, істегілерің келмесе, жүре беріңдер» дейді. Қысы-жа­зы малмен алысу оңай ма? Жұмы­сымыз қиын, жалақы төмен. Біз­ге жас мамандар мүлде кел­мей­ді» дейді шалғайдағы, шекара ше­бін­дегі Катонқарағай ауылдық округінің мал дәрігері Қайнар Қсекин.

 

Құлағалы тұрған ғимаратта отыр

КАТОН

Жалақы демекші, Катон­­қара­ғай ауданының мал дәрігер­лерінің алатын жалақысы өңір­дің өзге аудандарымен салыс­тыр­ғанда да мандымай отыр. Өзге аудандардағы мал дәрігерле­рінің жағдайына сәл кейінірек тоқ­таламыз. Қазіргі уақытта бұл ау­данның ауылдық округтерін­дегі мал дәрігерлік коммунал­дық қазыналық кәсіпорын меңгеру­ші­лері 80 мың теңгенің көлемінде жалақы алса, мал дәрігерлері 60 мыңның айналасында, ветеринар-санитарлар 50 мыңға жетер-жетпес айлық алады екен. Бұл – Катонқарағай аудандық ве­теринария бөлімінің басшысы Ра­қымғали Байгереевтің айт­қаны.

Жақында Катонқарағай ауда­­нына жұмыс сапармен барға­­ны­мызда, Катонқарағай ауылын­дағы ветеринарлық бөлімше ғи­маратының жағдайын көріп, көңі­лімізге кірбің түскені рас.

КАТОН 1

КАТОН 2

Елдің малының ауру-сырқауын тексереміз, ен-таңбасын саламыз деп қысы-жазы тыным таппайтын мал дәрігерлері жағдайының қаншалықты деңгейде екендігіне, оларға қаншалықты дәрежеде көңіл бөлініп отырғанына осы ғимараттың өзі-ақ көзімізді жет­кіз­гендей болған. Іргетасы іріп, қабырғасы шіріп тұрған қорасын айтпағанда, мал дәрігерлері жұмыс істейтін бөлмелерінің өзі әбден тозған екен.

КАТОН 3

Отыратын үстел-орын­дықтары да ескіріпті. Іргетасы қопа­рылып түсе бастаған ғима­рат­тың сыртқы көрінісі көзге қораш көрінеді.

КАТОН 4

«Ғимарат ескі. Осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алынған. Қыс­тай жел соғады. Іші тастай. Тас­тай болса да тастай қатып оты­ру­ға тура келеді. Өйткені біз­дің коммуналдық қазыналық кәсіп­орынға Катонқарағай ауылын қос­қанда 5 ауыл (Шыңғыстай, Қабырға, Жаңа үлгі, Мойылды) қарайды. Келімді-кетімді кісі көп. Кейбір таныстарымыз «Сендер өзі қайда отырсыңдар?! Сиыр қорада отырсыңдар ма, тауық қорада ма?» дегенде кірерге тесік таппай қала­мыз. Ғимаратымыздың іші-сырты тұ­тас жөндеуге сұранып тұр. Жөн­деп берсе жақсы болар еді» дейді Ка­тонқарағай ауылындағы ветери­нарлық бөлімшенің меңгерушісі Ерік Кітапбаев.

Естеріңізде болса, былтыр осы Катонқарағай ауданының Кіші Нарын ауылының бір тұрғыны Сібір жарасынан көз жұмған-ды. Күллі ел құлағдар болған шетін жағдайдан кейін мал дәрігерлері дейтін момын халықтың бар екені, олардың бірнеше жылдан бері қыс мезгілінде үш ай ақысыз демалысқа кетіп жүргені аудан атқамінерлерінің естеріне түссе керек, былтырдан бері ақысыз демалыс алынып, катондық мал дәрігерлерінің көзі ашылыпты.

 

Айлықтың тағдырын аудан әкімі шешеді

Бір қызығы, қызығы емес-ау, шыжығы, аудандағы мал дәрі­гер­лерінің алатын жалақысының көлемін аудан әкімдігі белгілейді екен. Нақтырақ айтсақ, аудан әкі­мі. Қысқасы, мал дәрігерлерінің тағ­дыры әзірге аудан әкімінің қо­­лында тұр. Аудан әкімі­нің көңілі түссе жалақылары көте­рі­леді, көңілі түспесе осы ке­т­кені кеткен секілді. Аудандық вете­­ри­нария бөлімінің басшысы Рақым­ғали Байгереевтің айтуынша, Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев шілде айында аудандағы мал дәрігерлерімен кездесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ түріпті.  «Расында, жалақы мәсе­лесі өте өзекті. Басқа аудандарда мал дәрігерлерінің жалақысы жо­ғары, ветеринария бөлімінің меңгерушілері 100 мың теңгенің айналасында, мал дәрігері 80-90 мың, ветеринар-санитарлар 60-70 мың теңге мөлшерінде алады деп естиміз. Биылғы 1 шілдеден бас­тап елімізде ең төменгі жалақы көтерілді ғой. Өкініштісі, мұның мал дәрігерлеріне қатысы жоқ болып шықты. Алайда біздің аудан әкімі тамыздың 1-інен бас­тап аудандағы ветеринар-са­ни­тарлардың жалақысын 30 пайызға көтерді. 2020 жылғы қаңтардан бастап бөлім меңгерушілері мен мал дәрігерлерінің жалақысын да көтеруді жоспарлап отыр» деген ол аудандағы мал дәрігерлерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін, 13 ветеринарлық бекеттің ғима­рат­тары дұрыс жөндеу көрмегенін, оларға тиесілі 16 көліктің бар­лы­ғына жөндеу, басқа да жұмыс­тар­ды жүргізу үшін жылына бар бол­ғаны 550 мың теңге қаржы қарас­тырылғанын жасырмады.

Аудандағы мал дәрігерлерінің басын қатырып, балтырын сыз­дат­қан, сұрағы бар, жауабы жоқ мәселе көп. Олар төрт түлікке ғана емес, көшедегі қаңғыбас иттерге де жауапты көрінеді. «Ауыл әкімдерінен көшедегі итті атыңдар деген хат келіп тұрады. Түз тағысы емес, ит даладан келмейді ғой. Ауыл әкімдері мен учаскелік инс­пекторлар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жүргізсе жұрт итін байлап ұстап, мұндай әңгіме шықпас еді. Негізі ауыл ішінде, халық, бала-шаға жүр­ген жерде ит атуға болмайды. Итті ататын құрылғы қауіпті. Ит­ті атқанда ине шаншылады. Ит құлағанда ине түсіп қалады. Ар­тынан инені іздеп жүргенің. Құ­дай сақтасын, әлгі инені бір бала ұс­тайтын болса, ешқандай дәрігер көмектесе алмайды. Дұрысы, итті ататын арнайы ұйым болуы керек» дейді Қ.Қсекин.

Жә, осымен катондық мал дәрі­гер­лерінің сан тарау мәселесін доғара тұрып, өңірдің басқа аудан­дарындағы мал дәрігерлерінің жалақысына келейік. Ал Жарма ауданында мал дәрігерлері 90 мың, ветеринар-санитарлар 45 мың тең­ге жалақы алады екен. Жарма аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Ильясов ауданда мал дәрігерлерінің жалақысы өткен жылы көтерілгенін айтады. Аудан бюджеті есебінен. «Біздің білуімізше, мал дәрігерлерінің жа­ла­қысы әр ауданда әртүрлі. Бір ауданда 50, екіншісінде 60, басқасында 70 мың дегендей. Бір ізге түсіріп, бә­рін бірдей қылса жақ­сы-ақ бо­лар еді. Біздің ауданға кел­сек, мал дәрігерлеріне барлық жағ­дай жасалған. Астыларында «Нива», отыратын бөлмелерінде тоңа­зыт­қыш» дейді ол.

 

Түйін

2017 жылы аймақта ветеринария саласындағы жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы құрылыпты. Қауымдастық төрағасы Амангелді Мұсанбаевпен пікірлескенімізде, осы саладағы түйткілді мәселелерге қаныға түстік. Оның пікірінше, мал дәрігерлерінің мәртебесін өсіру үшін ең әуелі олардың жалақысын көтеру қажет. Екінші, мал дәрі­гер­лерінің жұмыс жүктемесін анық­тау керек. Үшінші, оларға мем­ле­кеттік қызметші мәртебесін бер­ген дұрыс. Төртінші, жас маман­дарға тиісті жағдай жасау. Үй, жер беру, көтерме ақы төлеу. «Мал дәрігерлерінің мәсе­ле­сін қолдан келгенше әртүрлі деңгей­де көтеріп жатырмыз. Бәрі құ­лағ­дар. Біз Семейдегі Шәкәрім уни­вер­ситетімен бірлесе арнайы зерттеу, хронометраж жасадық. Сонда көз жеткізгеніміз, бір мал дәрігеріне 850 ауылшаруашылық құрылымы, же­ке шаруашылықтағы 750 бас мал келеді екен. Бұрын мал дәрігер­леріне жақсы жеңілдік жасала­тын, үй берілетін. Осыны қайта жан­дан­дыру қажет-ақ. Қазір бес мал дә­рігерінің орнына екі мал дәрі­гері жұмыс істеп жүр. Себеп белгілі. Біздің ойымызша, мал дә­рі­герлерінің жалақысы ең аз дегенде 100-110 мың теңгеден кем болмауы керек. Қауымдастық тарапынан өңірдегі ветеринар жетіспейтін шаруа қожалықтарының басшыларына «жас мамандарды оқытуға көмектесіңіздер, үй алып беріңіздер» деген ұсынысымызды айтып жатырмыз. Тағы бір түйткіл, мал дәрігерлерінің мәртебесі анықталмаған. Осы мәселені де бір жақты етіп, бәлкім мемлекеттік қызметшілермен теңестіру қажет шығар» деген қауымдастық төр­ағасы көрші Ресей мен Қыр­ғыз­станда мал дәрігерлері күні бекітілгенін, осындай мереке біздің елге де қажеттігін жеткізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы