Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Отандық сүт стандартқа сай ма?

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Сүт одағының хабарлауынша, елімізде жыл сайын 5 млн тонна шикі сүт өндіріледі. Алайда қайта өңделетін сүттің 50%-ы (700 мың тоннаға жуық) Кеден одағының техникалық регламентіне сай емес. Сапасыз өнімнің дені қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.

Отандық сүт стандартқа сай ма?

Жағдайды реттеу үшін одақ мүшелері Қазақстанға 2020 жылға дейін уақыт берген еді. Жылдың аяқталуына 5 ай қалғанын ескерсек, отандық өндірушілерге сапа мәселесін жақсартуды жылдамдатқан абзал. Неге десеңіз, ішкі нарықты импорттаушылар жаулап, отандық шаруалар табыс көзінен айырылуы әбден мүмкін.  Осыған байланысты Қазақстан Сүт одағының бастамасымен арнайы жол картасына қол қойылды. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін шикі сүттің Кеден одағының техникалық регламент талаптарына сай болуын қамтамасыз етеді дейді ынталы топ. Аталған құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті, сондай-ақ «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы сынды мүдделі тараптар құптады.

Бұл жол картасы – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл ша­руа­шылығы ұйымының, Еуро­па Қайта құру және даму банкі­нің және «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен сарапшылар жұ­мы­сының қорытындысы. Осы құ­жат Қазақстандағы шикі сүт нары­ғын зерттеуге және барлық мүд­делі тараптардың, оның ішін­де фермерлер, қайта өңдеу кәсіпорындары және мемлекеттік органдарға дейін іс-қимылды үй­лес­тіруге септігін тигізеді деп сен­дірді аграрлық сектордың өкіл­дері.

– Техникалық регламенттегі 21-ші және 33-ші талаптарды ескеріп, өңдеуші кәсіпорындарда қабылданып жатқан шикі сүттің сапасын арттырып қана қоймай, оның бәсекеге қабілеттілігін жо­ға­рылату үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан жол картасын әзірлеу туралы бас­таманы көтердік. Бұл отандық өнімнің ортақ талапқа сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Оны әзірлеуде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Еуропа Қайта құру және даму банкі қолдау көрсетті. Жол картасы барлық мүдделі тарап­тарға бағытталған, – дейді Қа­зақ­стан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бағ­дар­ламасының үйлестірушісі Инна Пунда тағам құрамындағы зиянды компоненттердің кесірі­нен жыл сайын әлемде 700 мыңға жуық адам көз жұматынын айтады. Сол себепті ол сүтін саудалап, жан баққандарға қарапайым санитарлық нормаларды сақтауға кеңес берді.

– Ереже барлығына ортақ. Әуелі фермерлер шаруашы­лық­­тарында тазалық әдебін ұстанса игі. Өйткені сауынды сиыр­лар­да ауру тудырғыш зиянды ағзалар жиі кездесіп жатады. Бұған қоса тағам өнімдерінен зиянды анти­биотиктердің табылуы да күрделі мәселе. БҰҰ Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мымен бірлесіп, осы антибиотиктермен күресті белсенді жүргізіп келеді. Себебі жыл сайын оның салдарынан болатын кісі өлімі азаймай тұр. Сон­дықтан бұл мәселе сапа тұрғы­сынан бөлек, адамның денсау­лы­ғына қатысты маңызды мәселе. Осыны ұмытпағанымыз жөн, – деді И. Пунда.

Қазақстан Сүт одағының тағы бір өкілі Сәуле Жанкина жаңа құжаттың мазмұнында сауын малдарға қатысты талаптан бас­тап, зертханалық сараптаманың жолға қойылуы, сүтті өндіру­ші­лер мен өңдеушілерді мемле­кеттік орган өкілдерін тарту ар­қылы оқыту курсына дейін қарас­ты­рылғанын атап өтті. Бар­шаға ортақ техникалық регламент жаңа жылдан бастап өз күшіне енеді.

Осы салада импортқа тәуел­ділік те байқалуда. Мәселен, «Сапа» тұтынушылардың құқық­тарын қорғау Ұлттық қоғамның төрағасы Әліақпар Мәтішев елімізде құрғақ сүт өндірісі кенжелеп қалғанын айтты.