Қазақстан • 21 Тамыз, 2019

Өркениетке бастаған өрелі істер

381 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өркениеттен шет қалған аудандар мен ауылдардың мәселесі туралы жиі жазылып жүр. Соңғы мақаламызда алыстағы ауылдың байланыс желісі туралы ахуалды сөз еткен едік. Көп ұзамай тиісті орындардан жауап алдық. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы алдағы екі жылда Қостанай облысында 1089,5 км талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды жоспарлап отыр екен.

Өркениетке бастаған өрелі істер

Бұған дейін Қостанай облысы Жангелдин ауданына талшықты-оп­ти­­калық байланыс желісінің әлі күнге дейін жетпегенін айтқан едік. Көп ұзамай жоғары жылдамдықты интернет облыстағы 40 ауылдық елді мекенге және 108 мемлекеттік мекемеге қолжетімді болатынын естіп қуандық. Осы жоба шеңберінде Жангелдин ауданының орталығы Торғай селосын ТОБЖ-ға 2020 жылы қосу жоспарланып отыр.  «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік филиалы АЕМ ТОБЖ жобасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бүгінгі күні Қостанай облысының ауылдық елді мекендерін интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету 80% құрайды. 548 ауылдың ішінде мыс желілері бойынша интернет желісіне қол жеткізу қызметтері 119 ауылда, талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 80 ауыл, сымсыз технология бойынша 322 ауыл қамтылған.

Мысалға, наурыз айының аяғында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Қостанай облысының ақпа­раттандыру, мемлекеттік қыз­меттер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Ер­ке­­бұлан Әбдікәрімовтің ай­мақ­­тағы цифр­ландыру саласы­ның да­му көрсеткіштері туралы айт­қан мәліметтеріне тоқта­лайық.

– Биыл 53 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық бай­ланыс желісі жеткізіледі. Жан­келдин, Аманкелді, Қоста­най, Қарасу, Әулиекөл аудандарында және Арқалық қаласына қарасты ауылдарда жоғары жыл­дамдықты интернет орнатылады. Бүгінгі таңда облыс бойынша кеңжолақты интернетке қосылу 83%-ға жетті. Облыстағы 504 мектептің 446-сы және 500 медициналық мекеменің 476-сы жоғары жылдамдықты интер­нетке қосылған, – дейді Е.Әбді­кәрімов.

Өкінішке қарай, әлі де байланыспен қамтылуы тиіс ауылдар бар. «Қазақтелеком» АҚ-ның ендігі межелі ісі солар болмақ.

Қостанай облысында көңіл қуантарлық жаңалықтар көп. Мысалы, өңірдегі телекоммуникация дирекциясы облыс  учаскелік инспекторларын «Әмбебап нөмір» қызметіне қосты.  Барлығы 222 қалалық және аудандық учаскелік полиция инспекторына «Қазақтелеком» АҚ әмбебап нөмір  қызметіне қосылған ұялы телефондар табыс етіпті. Енді учаскелік инспекторлар әрдайым байланыста болады.

​«Әмбебап нөмір» бір SIM картада қалалық және ұялы нөмірді біріктіреді. Сондықтан ұялы телефонға қалалық телефоннан соңғы 6 санын теру арқылы қоңырау шалуға болады.  

Топтамада абонентке Қазақстан Республикасы бойынша тіркелген нөмірлерге және Алтел / Теле2 операторларының нөмірлеріне тегін қоңыраулар беріледі. 4G жоғары жылдамдықты мобильді интернеттің болуы іскерлік хабарламаларға электрондық пошта арқылы жедел әрекет етуге, орналасқан жеріне қарамастан корпоративтік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қазақтелеком» АҚ атқарып жатқан істердің тағы бірі азаматтардың қауіпсіздігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан болар үйлердің кіреберісіне орнатылған «Бұлтты бейнебақылау» жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта қаланың 902  нүктесінде «Қазақтелеком» АҚ орнатқан 1804 камера міз бақпастан қырағылық танытып тұр.

Бұлыңғыр бейнебақылау қызметі тұрғындарға әлемнің кез келген нүктесінде жүрсе де, ұялы құрылғы немесе дербес компьютер арқылы нақты уақыт режимінде өз кіреберісіндегі оқиғаларды бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, еш алаңсыз қыдырып жүріп те, үйіңіздің маңайында не болып жатқанын бақылап отыра аласыз. Бұл камералар қараңғыда түсіру функциясымен де жабдықталған. Абонент интернет арқылы кіреберістерде бейнебақылау камераларынан бейне ағындарды алады. Пайдаланушыларға камераларға нақты уақытта қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Ал мұрағаттық деректер «бұлтта» жеті күнге дейін «Қазақтелеком» АҚ  интернет-серверлерінің көмегімен сақталады. Кіреберістерде орнатылған камералар зақымдалған жағдайда  бейнежазба сапасына әсер етпейді. Өйткені бейнежазба онлайн режімде деректерді өңдеу орталығына жіберіледі. Сондықтан болар бұл жобалар қалалық әкімдіктің де қызығушылығын тудырып отыр. Көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістері мен аула аумақтарында қылмыстың алдын алу және азайту мақсатында, «Ұрлықты тоқтату» және «Қауіпсіз аула» мемлекеттік жобалары шеңберінде, сондай-ақ халықтың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дирекция мен Қостанай қаласының әкімдігі арасында бейнебақылау жүйесін бірлесіп енгізу туралы Меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы компания бизнес пен мемлекеттік мекемелер үшін «Қауіпсіз онлайн бейнебақылау» қызметін енгізді. Бұл қызмет қашықтағы объектілерде онлайн мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Камераларды ұсыну және оларды монтаждау компания есебінен жүзеге асырылады. Бейнекамералардан жазбалар мұрағаттары «Қазақтелеком» АҚ серверлерінде 30 күнтізбелік күнге дейін сақталады, ал абоненттердің оларды интернет арқылы қарауға мүмкіндігі бар.

Тағы бір айтулы өзгерістердің бірі - «Smart City» жобасы. Жобаны іске асыру аясында бүгінгі күні филиал Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданының 47 көп пәтерлі үйін қамтитын 3 базалық LPWAN станциясын орнатты.

​Еске салайық, 2019 жылдың сәуірінде «Қазақтелеком» АҚ ресурстық өлшеу датчиктерін қосуға арналған көліктерді пайдалануға берді.

Бұл қызмет электр мен жылу энергиясын, ыстық және суық суды тұтынуды есептеу құралдарынан деректерді жинауды автоматтандырады. Есептегіш көрсеткіштері сымсыз байланыс арқылы тікелей онлайн режімде энергетикалық компанияларға жіберіледі.

Бұдан басқа, «Ақылды қала» жобасы бойынша Қостанай қаласында көшелердің, ғимараттардың, коммуникациялардың интерактивті карта-сызбасын іске қосу үшін интернет желісіне қолжетімділік берілді. Осы секілді толағай табыстарға кенеліп отырған өңірлер мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Бір ғана облыста осынша жұмыс атқарылып жатса, республика көлемінде атқарылған шаруалардың жиынтығы бұдан әлденеше есе асып кетеді деген сөз. Халықты жаһандық жаңашылдықтан ада етпей, соңғы жаңалықтар мен технологиялық өзгерістерге жақындата түсуде «Қазақтелеком» компаниясы істеп жатқан жұмыстың ықпалы зор.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»