Қоғам • 22 Тамыз, 2019

Ақылды жүйе: Қазақстаннан Стив Джобс қашан шығады?

558 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Жас ұрпаққа ерекше тоқталғым келеді. Қазақстанның даму жолында сіздер шешуші рөл атқарып, прогрестің қозғаушы күшіне айналасыздар. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы өз жұмысын бастады. Жастардың бизнес бастамаларын іске асыру үшін «Жас кәсіпкер» дамыту бағдарламасын қолға алдық. Менің міндетім – сіздердің үлкен армандарыңыз орындалып, жеке «табыс тарихын» құруларыңызға барлық жағдайды жасау». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі бұл сөзі мемлекеттің жастар мәселесіне айрықша ден қойғанын айғақтаса керек.

Ақылды жүйе: Қазақстаннан Стив Джобс қашан шығады?

Стартаптарды қолдайтын бірегей алаң

70-жылдардың ортасында Калифор­ния штатында үш жас энтузиас бас бірік­тіріп, ең алғашқы дербес компью­терді құрастырып шықты. Жай ғана құрас­тырып қоймай, бұл есептеуіш техно­логиясыз келешек өмірді елестету мүмкін болмайтынын инвесторларға дәлелдеді.  Стив Джобс, Рональд Уэйн және Стив Возняк үшеуінің осы табан­дылығы бүгінде әлемге танымал Apple корпорациясының құрылуына түрткі болды. Қазір бұл компания жаңа технологиялар саласының негізгі модернисіне айналды, әлемде оның өнімдеріне қызықпайтындар кемде-кем.

Ал Қазақстандағы креативті жастар­дың жайы қалай? Отандық бизнес жас өнертапқыштарды қолдауға дайын ба? Сандарды сөйлетсек, ресми статис­тика көңіл көншітпейді. Соңғы жеті жылда Қазақстаннан 300 мыңнан аса адам басқа елге қоныс аударыпты. Олардың 70%-ы еңбекке қабілетті азаматтар. Оның ішінде жоғары білімді қазақстандықтардың қатары аз емес. Статистика комитетінің есебі бойынша, былтыр жоғары білімді 12 360 және орта кәсіптік білімі бар 10 306 адам шетелге кеткен. Бұл жөнінде «Egemen Qazaqstan» газеті бірнеше рет мәселе көтерді.

Десек те, ауызды құр шөппен сүрте беруге тағы болмайды. Мем­лекет өз тарапынан білікті кадр­лар­дың сыртқа ағылу үрдісін мей­лін­ше азайтудың қам-қарекетін ойлас­­тырып-ақ жатыр. Әсіресе ел эконо­микасының локомотивін қа­лып­­­тастыратын жас дарындарды қол­дау­ға бағытталған бағдарламалар жет­кі­лікті. Қуантарлығы, осы іске еліміз­дегі жоғары оқу орындары да тартылып келеді. Мәселен, Назарбаев Университеттің инновациялық клас­теріндегі бизнес-инкубаторда ABC incubation бағдарламасы сәтті іске асырылуда.

 ABC incubation – инновациялық және технологиялық бизнес идеяларды қолдау бағдарламасы. Ол сан алуан жобаны идея сатысынан бас­тап прототипке, сондай-ақ алғашқы сатылымға дейін дамытуға арналған. Биылғы маусымның демеушісі «Шелл Қазақстан» компаниясының қол­дауымен ABC Weekend шарасы қолға алынып, бағдарламаға 24 жоба іріктеліп алыныпты. Қатысушылар арасындағы бәсекелестіктің жоғарылы­ғының нәтижесінде қазылар алқасы жеңімпаздар қатарына жоспарланған 10 емес, 13 команданы қосқан. Солардың бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік.   

Тұрғын үйдегі өртті төмендетеді

Қалың топтан дараланып, көзге түскендердің арасында Нұрлан Қаржаубаевтың жобасы бар. Жас инноватор Smart Detector идеясының авторы. Ақылды жүйеге негізделген стартап тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алуға арналған. Бас­қарушы блоктан тұратын смарт детек­тор адам жоқ кезде үйдегі электр қондырғыларын автономды түрде сөндіреді. Өнертапқыш жобаны дайындауға шамамен екі ай уақыт жұмсапты. Нұрланға бұл іспен шұғыл­дану таңсық емес. Себебі ол энергетика саласының маманы.

– Командамыз екі адамнан тұрады. Өзіміз энергетика саласының инженері болған соң, пәтерлер мен жеке тұр­ғын үйлерді автоматтандыруға қызы­ғу­шылығымыз артты. Ғылыми мақ­сатымыз «Internet of things», яғни физикалық заттардың есептеу желі­сімен байланысты еді. Назарбаев Уни­верситетте ABC Incubation бағдар­ламасы іске қосылғанын естіп, қатысуға бел будық. Алғашында ақылды үй жүйе­сін құрастыруды көздеген едік. Алайда инкубация барысында стратегиямызды түзетіп, ойымызды MVP Smart Detector технология­сына бұрдық. Елімізде өрт қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. Жыл са­йын елімізде 15 мыңдай өрт тіркеліп, оның басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында болады. Әр үшінші оқыс жағдайдың шығуына электр қондырғылары себеп. Осыны ескеріп, ақылды детектор жасауды жөн көрдік. Оның көмегімен төтенше жағдайдың алғашқы кезеңдерінде өрт тұтануының алдын алуға болады. Бұл жүйе бөлмені тоқтан ажыратып, түтін шыққаны туралы дабыл қағады. Осылайша смарт детектор арқылы болжамды тәуекелді сейілтіп, өрт қауіпсіздігін күшейтуді көздеп отырмыз, дейді Нұрлан Қаржаубаев.          

Бірінші кезекте аталған құрылғы IT бөлімшесі жоқ құрылыс компания­ларына, сондай-ақ газдандырылған немесе орталық жылумен қамтылмаған жыл­жымайтын мүлік иелеріне ар­нал­ғанын жеткізді жас инженер. Оның өнер­табысының басқа аналогтардан артықшылығы – кеңсе жағдайында электр қуаты шығынын 15%-ға азайтуға мүмкіндік береді екен. Сонымен қоса өнім бағасы басқа құрылғылардан 50%-ға төмен екенін айтты.

– Салыстырмалы талдау көрсеткен­дей, осыған ұқсас қытайлық өнімдердің кемшілігі бағдарламалық жасақтамадан байқалды. Ал ресейлік өнімнің бағасы қымбаттығын айтпағанда, орнатылуы да күрделі. Жобаға жұмсалған екі айдың көлемінде құрылғының про­тотипі әзірленіп, 2 меморандумға қол қойылды. 10 жеке тұлғаға және 1 заңды тұлғаға детекторлар алдын ала сатылды. Бұл жұмыс барысында өнімді сертификаттау және лицензиялау кезінде біраз қиындық болды. Бұған қоса құрылыс компанияларына шығу оңай іс емес, деді Н.Қаржаубаев.   

Енді талапшыл жас бөлмедегі микроклиматты басқара алатын мобиль­ді қосым­ша әзірлеуге кіріспек. Бұ­дан бас­қа қуат үнемдейтін және ком­му­налды қызметтермен жұмысты автоматтандыруға қатысты әріптестік орнату жоспарда бар.

Ai-Legal – автономды заң кеңесшісі

Сәбит Бакиров – корпоративтік заңгер. 9 жылдық еңбек өтілі бар жас маман желілік бөлімшелері жолға қойылған компанияда қызмет етеді. Ол осыған дейін өндірістік құжатты ресімдеуде әжептәуір бюрократиялық қиындықтарға тап болып жүріпті. Мысалы, бір құжат бойынша шешімді бір айға дейін тосуына тура келген. Ал тайм менеджментті жіті түсінетін іскер адамдар үшін бұл айтарлықтай шығын. Осыны ескерген заңгер Ai-Legal онлайн кеңесшіні ойлап тапты. Бұл – түрлі дау-дамайды заңға сүйеніп шешуге, сондай-ақ сот тәуекелдерін фемида өкілдеріне жүгінбей-ақ реттеуге септесетін онлайн кеңесші. Жасанды интеллект негізіндегі өнім кез келген өндірістік құжатқа байланысты жауапты қысқа уақытта алуға жәрдемдеседі.        

– Компаниямыздың әр жерде желі­лік бөлімшелері көп. Біздің ұйымда бір құжатты мақұлдау үшін кейде бір ай уақыт күтуге тура келеді. Бұл әріп­тес­терімнің құқықтық тәуекелдерді болжаудағы субъективті пікірі. Сонда маған неге адамның қатысуынсыз құқық­тық сауалдарға жауап беретін ав­тономды құрылғы дайындап шық­пасқа деген ой келді. Өнімнің ерек­шелігі сол, заңгерлік кеңесті адам емес, бағдарламалық технология береді. Осы арқылы әріптестеріме, өзім секілді заңгерлерге және же­келе­ген компанияларға заңгерлік тәжірибені қолданудың тиімді жолын ұсынғым келді. Атап айтқанда, қысқа уақытта заңгерлік тәжірибе негізінде кеңес беру, келешектегі құқықтық өзгерістерді болжау, сол секілді заң­намалық тәуе­кел­дерді бағалауда жекелеген пі­кір­лерге сүйенбеу керек болды. Қара­пайым тілмен айтқанда, сотта әлде­бір ұйымның мүддесін қорғайтын адво­каттарға, заңгерлерге және даулы істен құтылудың амалын қарастырған ком­панияларға көмектесу – басты мақсат.  

Идея авторы мұндай жобаның елі­мізде баламасы жоқ екенін айтады. Көршілес Ресейде Legal tech саласында, яғни бизнеске ақпараттық-технологиялық қызмет көрсету бағы­тында жұмыстар атқарылып жүр. Стартап иесі Benchmark ретінде IBM Watson-ның озық тәжірибесіне сүйеніп, өзіндік ерекшеліктерін қосқан. Онлайн кеңесшіні әзірлеуде Сәбитке machine learning – машинамен оқыту бағытының білгірі Шоқан Бірліков қолғабыс етіпті.   

– Қоғамға пайдасын тигізетін өнім ұсынғымыз келеді. Сондықтан жоба әрмен қарай тұтынушының сұранысына байланысты дамытылады. Мұндай өнім заңгерліктен бөлек, қаржы сынды маңызды салаларға да қажет. Өйткені қазір Қазақстанда нақты жүйеленген ақпарат көзіне негізделген талдау жүйелері жоқтың қасы, – деді С.Бакиров.

Шығынды азайтуға септесетін ақылды жүйе

Astyq – тағы бір талапшыл жас Әділет Мүсәлімовтің ойлап тапқан өнертабысы. Аталған ақылды жүйе диқандарға шығын көлемін әрбір мың гектардан 2 млн теңгеге дейін қысқартып, 8 сағаттан 60 сағатқа дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның командасы үш адамнан жасақ­талған. Жобаға шамамен 1-2 ай кеткен-ді. Бұл смарт құрылғы арнайы ұялы қосымша арқылы басқарылады. Осы стартапқа мөлшері жарты млн теңгедей қаражат жұмсалды. Оны әзірлеуде қажетті шикізатты Қытайдан алдыртыпты. 

– Ұялы қосымшаны өз күшімізбен жасадық. Оның жұмысына тоқталсақ, қойма меңгерушісі яки қожалық басшысы қосымшаның көмегімен жүктің тиелген уақытын, салмағын және жүргізушінің қоймадан шыққан сәтін бақылай алады. Бұл өте тиімді. Неге десеңіз, астық өлшеудегі олқылықтарға жол берілмейді. Біздің есебіміз бойынша осылайша шаруалар 2 млн теңгеге дейін ақша үнемдейді. Қоймаларда астықтың жетіспеушілігі жиі байқалады. Бұл шаруа адамының қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Себебі аграршылар шығынды өз есебінен өтеуге мәжбүр. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің күн­гей өңіріне сапарлап қайтқан едім. Күзгі жиын-терін барысын көрудің мүмкіндігі туды. Сонда бір байқағаным, астық тиелген жүк көлігінің салмағын өлшеу кезінде, өнімнің өлшемі шамалап белгіленеді екен. Шынайы салмақ пен құжаттағысы бір-біріне сәйкес келмейтін. Тіпті кейде жарты тоннаға дейін есепке дұрыс алынбайтын. Көрдіңіз бе, бұл орасан шығын. Сондықтан осы ұялы қосымшаның жиын-терім жұмыстарындағы келең­сіздіктерді алдын алуға көмегі тие­тініне сенімдіміз, – дейді Әділет Мүсәлімов.          

Дарынды жас жаңа жүйені дайын­дауда АҚШ, Оңтүстік Кореяның озық тәжірибелерін зерттеген екен. Бірақ IT саласы өркендеген елдерде мұндай құрыл­ғыларды пайдалану тек ауыл ша­руа­шылығымен шектелмейтін кө­ріне­ді. Сол себепті қазақстандық өнер­­тапқыштар да екі бағытта жұмыс істеу­ді көздеп отыр.  

– Қазір аталған жобаға «Атамекен» ҰКП қызығушылық білдірді. Біз смарт құрылғының прототипін құрастырып, оның мүмкіндігін таразыға қойып пы­сық­тап жатырмыз. Шаруашылық өкіл­дерімен алғашқы келіссөздер жасалуда. Оңтүстік Қазақстандағы кейбір шаруашылықтармен ауызша келістік, – деді Ә.Мүсәлімов.

Жоба авторы аталған құрылғы сы­нақ­тан толығымен сәтті өтсе, жаппай өндіріске жіберілетінін жеткізді.

Жоғарыда тек үш жоба туралы келтірдік. Қалған 10 стартап та бұлар­дан аспаса, кем түспейді. Арасында топырақтың құнарын арттыратын тыңайтқыштардан бастап, жылуды үнемдейтін жеке тұрғын үйдегі температураны қашықтықтан басқаратын ақылды технологиялар да бар. Демек, талантты да талапты жастар біздің елде де бар. Тек «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тәмсілді ұстансақ игі. Мұны, әсіресе іскерлік ортадағы азаматтар ескерсе деген тілегіміз бар. Себебі бизнес пен ғылым біріксе, екі тарап та табысқа жететіні әлемдік тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген.