Егер «қазақ қоғамында күзетшілерге сұраныс жоғары» десек, біраз жұрт біздің бұл пікірмен келіспес еді. Өйткені күзетші болуды «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге дағдыланған азаматтардың кәсібі ретінде бағалаймыз. Ал іс жүзінде Қазақстанның еңбек нарығында күзетшілерге сұраныс жоғары. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жүргізген талдау нәтижелері куә. Мамандар биылғы алғашқы жартыжылдықта еңбек биржасына келіп түскен резюмелер мен бос жұмыс орындарының арақатынасын салыстыра келе ең тапшы мамандықтардың тізімін күзетшілер бастап тұрғанын анықтаған. Деректерге сүйенсек, еңбек нарығында күзетшілер үшін 4,4 мың жұмыс орны бос қалыпты. Соның ішінде тек Нұр-Сұлтан қаласында 1,1 мың күзетші жетіспейтіні белгілі болған. Әрине, еңбек нарығындағы тапшы мамандықтар тізімі тек күзетшілермен шектеліп қалмайды. Ел бойынша 2,6 мың санитар, 2,3 мың тазалаушы, 2,2 мың даяшы, 2,1 мың жүк тиеушіге арналған жұмыс орны бос тұр. Сұранысқа ие кәсіптердің алғашқы бестігінен бөлек, жол салушыларды, балабақша тәрбиешілерін, мейіргерлер мен медбикелерді, такси жүргізушілері мен промоутерлерді жұмыс берушілер жиі іздейді екен. Дегенмен, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың әр өңірге тән өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Шымкент қаласында 300-ден астам тазалаушыға арналған жұмыс орны бар. Алматыда 2 мыңнан астам такси жүргізушісі жетіспейді.
Ал 2019 жылдың алғашқы алты айында заңгерлерге сұраныс аз болыпты. Еңбек биржасында 3,6 мың заңгердің резюмесіне ешкім назар аудармаса керек. Электронды еңбек биржасына «заңгер керек» деген 1221 ұсыныс түссе, «мен заңгермін» деген 4818 адам резюме қалдырған. Сөйтіп заңгерлер арасында жұмыс берушілерден гөрі жұмыс іздеушілер үш есеге жуық көп болды. Бұл дегеніңіз «беделді кәсіп» саналған заңгерлердің еңбек нарығындағы «даңқы» күзетшіге жетпейтінін көрсетсе керек. Одан бөлек «екі қолға бір күрек» таба алмай қалу қаупі бар кәсіп иелерінің тізіміне әлеуметтік қызметкерлер, аспаздар, компьютер техниктері, кеңсе қызметшілері кірген. Биржада
2,4 мың әлеуметтік қызметкердің, 2 мың аспаздың, 1,5 мың компьютер технигінің, 1,5 мың кеңсе қызметкерінің резюмесіне ешкім назар аудармаған. Сонымен қатар сұраныс азайған мамандықтардың қатарына экономистер, шаштараздар, қаржыгерлер, тігіншілер мен технологтар да кіріпті. Бұл мамандықтардың әрқайсысында 1-1,2 мың резюме ешкімнің назарын аудармаған күйі қалып қойған. Сондай-ақ сатушы-консультант, дене шынықтыру және спорт, орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, маникюр шебері, бухгалтер, кондитер, жылу қазандығының операторы, бастауыш сынып мұғалімі, эколог, заңгер-кеңесші, инженер-экономист, техник-механик, бастауыш мектеп педагогы, визажист мамандарына сұраныс аз болыпты. Әрине, электронды еңбек биржасындағы ұсыныстар мен сұраныс көлемі еңбек нарығындағы нақты жағдайды толық көрсетеді деуге келмес. Бірақ қалай болғанда да бұл статистиканың өзіндік шындығы бар.
Айталық, күзетшілерге сұраныстың молдығы саладағы жалақының төмендігіне байланысты болуы ықтимал. Азаматтар 30 мың теңгеден басталып, әрі кетсе 80 мыңға дейін ғана жететін күзетшінің жалақысына қызықпауы да мүмкін. Оның үстіне аймақтар арасындағы айырмашылық тағы бар. Мәселен, бір ғана Қостанай облысында биылғы алты айда жұмыс берушілер 2123 күзетші қажет деген хабарландыру берген. Сөз басында айтқанымыздай, елордада 1,1 мың күзетші қажет. Бірақ астаналық пен қостанайлық күзетшінің табысы бірдей бола қояды дегенге сену қиын. Бас шаһарда жұмыс істейтіндер сөзсіз молырақ табыс табады. Екіншіден, цифрландыру дәуірінде «болашағы жоқ» деп саналатын кәсіпке елімізде не себепті сұраныс жоғары деген мәселе тағы бар. Бақылау камералары, электронды күзет қондырғылары жетіліп, жаһандағы жаңа технологиялар елге молынан келіп жатса да, елімізде 219,7 мың күзетші бар. Бұл дегеніңіз Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамынан екі, полиция қызметкерлерінің санынан үш есе көп. Яғни, ширек миллионға жуық адам есік күзетіп жүр деген сөз.
Әрине, күзетшілер қатарының не себепті мол екенін дөп басып айту қиын. Қазақстанда әскерден келген жастардың біразы Қарулы Күштерде келісімшартпен қалады, не полиция, төтенше жағдай қызметі тәрізді мемлекеттік қызметке барады немесе күзетші болады. Сөйтіп қоғамнан өз орындарын табуға ұмтылады. Яғни, күзетшілік қазақ қоғамы үшін әлеуметтік лифт қызметін атқарып тұрған сыңайлы. Алайда, күзетші, даяшы, жүк тиеуші, такси жүргізуші тәрізді мамандарға мұқтаждық ел экономикасына инновацияның әлі күнге ене қоймағанын байқататын тәрізді. Зерттеу нәтижелеріне қарасақ, еліміздің көптеген өңірлерінде жоғары білімді мамандарға емес, қарапайым жұмысшыларға сұраныс мол екені байқалады. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдықта электронды еңбек биржасына келіп түскен ұсыныстарға қарағанда Ақмола облысында автобус жүргізушілеріне, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында күзетшіге, Алматы облысында жол салушыларға, Атырауда құрылыс сатыларын монтаждаушыларға, Батыс Қазақстанда өрт сөндірушілерге, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмысшыларға, Қызылорда мен Түркістан өңірлерінде жеке қызмет көрсетушілерге, Маңғыстауда бояушыларға, Павлодарда медбикелерге, Шығыс Қазақстанда жүк тиеушілерге, Алматы қаласында такси жүргізушілеріне сұраныс жоғары екені байқалған. Мұның ешқайсысы жоғары білімді, интеллектуалды өрені қажет ептейтін кәсіптер. Демек, отандық экономикада жоғары білімді мамандардан гөрі, қарапайым жұмысшыларға деген сұраныс мол болып тұр.