Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Үңгірлерге жарық түспек

586 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы, әрі Баянауыл ұлттық паркінің инспекторы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, үңгір – еліміздің киелі орындар тізбесіне енген өңірдегі 5 нысанның бірі. Шырақшы үңгірге сәуір айында келіп, күздің суығы түскенге дейін туристерді күтіп, оларды үңгір шежіресімен, Баянауылдың таңғажайып табиғат кереметімен таныстырады.

Үңгірлерге жарық түспек

Негізі, үңгір орналасқан Қо­ңыр әулие шатқалы ерек­ше қорғалатын аймақ. Өсім­діктің алуан түрі өсіп, аңдар мен құстар мекендейді. Егер ескеретін болсақ, парк ма­мандарының айтуынша, та­биғи тіршілікті сақтау үшін аймақта жол, құрылыс салуға және электр желісін тартуға болмайды. Туристерге де кө­ліктермен келуге рұқсат етіл­мейді.

Үңгір жерден 820 метр биіктікте орналасқан. Оның 220 метріне осыдан он жыл бұрын тұрғындар бі­­­рі­­гіп ағаштан баспалдақ жа­­­­сапты. Сынып кетердей-ақ. Шырақшы аталарымыз осыншама биіктікте орна­лас­­­қан үңгірге қанша рет кө­­­­­теріліп түсті екен деп ой­лайсың.

Мен өзім Қоңыр әулие үң­гіріне көтерілер кезде түу биік­тікке қалай жетемін деп жү­рексінген едім. Бір қайран қалғаным, шаршаған да, ен­тігіп, терлеген де жоқ­пын, лып етіп қалай жоғары кө­те­рілгенімді сезбей қалдым. Әлі күнге дейін таңға­ламын. Бір тылсым күш демеп бара жатқандай болды.

Бізбен бірге жоғары қарай үңгірге ауылдардың кәрі-жа­сы аралас тұрғындары, қы­тайлық, ресейлік, украиналық, моңғолиялық туристер де кө­терілді.

Қарапайым ағаш баспал­дақпен түсіп шығатын турис­тердің, биік құз басына кіш­кентай сәбилерін көтерген аналардың қауіпсіздігін сақ­тауда үңгірге барудың ере­желері бекітілсе дейсің.

Үңгірдің кіреберісі күмбез сияқты. Алды биік жар, сол жерден айналаға, төменге қа­райсың.

Ішке кіруге кезек күту­ші­­­­лер көп. Ереже, тәртіп де­мекші, құз басында ашық-ша­шық өзіміздің де қыздар жүр, тіксініп қалдық.

– Әйелдерге қымтанып ке­луді үнемі айтамыз. Үңгірді қызық көреді, туристік бағыт болған соң, ақшамыз төленген деп еркінсиді ғой, – деп шы­рақ­шы да реніш білдірді.

Алтынбек ағамыз үңгірдің гиді сияқты барлығына орыс­ша, қазақша бірдей түсіндіріп, сұрақтарына жауап беруде.

Үңгірде келушілер қол­таң­басын қалдыратын кітап­ша қойылған. Туристер оған өз­дерінің алған әсерлері ту­­­­ралы жазып, түрлі ой-пі­кір­лерін білдіреді. Фран­ция, Ан­глия, Польша, Вен­грия, АҚШ, Канада, Оң­түстік Корея, Қы­тай және Ре­сей ел­дері өкіл­дерінің жаз­ған­дарын оқыдық.

– Әулиенің үңгіріне зия­рат етіп келушілер кейде түнеп те қалады. Бұл жер әуел­ден адам­дардың тілек тілейтін орны деп саналған. Біреулер ден­саулығына дауа іздейді, енді бірі Жаратушыдан перзент сұрайды. Жұма, демалыс күн­дері халық көп келеді.

Ке­­ңес өкіметінің дінге қар­сы­лық уақытында да бұл жер аман қалды. Ал біздің бас­ты міндетіміз – табиғатты қор­ғау. Демалушыларды алыс­қа жібермейміз, себебі от жа­ғып, табиғатқа қауіп төн­діруі мүмкін, – дейді Ал­тын­бек аға­мыз.

Шырақшы, шежірешінің айтуынша, Қоңыр әулие үң­гірінде Бұқар жырау, Абы­лай хан, Мәшһүр Жүсіп бол­ған деседі. XVIII ғасырда Қо­­ңыр әулие үңгірі жайлы еу­ропалық және ресейлік пат­­­ша шенеуніктерінің жаз­ба­­ларында да кездеседі. Мы­­салы 1790 жылдары «Орен­бургская топография» кі­та­бының авторы Петр Рыч­ков, Шоқан Уәлиханов, Гри­горий Потаниндер үңгірде бол­ған­дарын жазған екен.

Үш бөлмеден тұратын үң­гірдің ғибадатханасы, жатын бөлмесі бар, үшінші бөлмеде қазандық орнатылған. Қазан­дық шұңқыршағында су қыста қатпай тұрады дейді.

Қазандықтағы суға бетіңді жуып, тілек тілейсің. Келген адамдар кезекпен баспалдақ арқылы екінші бөлмеге – ке­лесі үңгірге өтеді. Көзімді тарс жұмып алдым. Өйткені қа­­­зандықтағы суға – жалғыз ба­­расың. Сен түскеннен кейін ке­лесі адам баспалдақпен кө­­теріледі. Ғажап, тылсым дү­­­ние­мен кездескендей бо­ласың.

Бір кезде жоғарыға сәл бұ­рылып қарап қалсаң, үңгірдің үңірейген екінші қабатын көріп, селк ете түсесің. Жерге түскен кезде «ол жақта не бар екен?» деген үрейлі жұмбақ ойыңнан кетпейді.

Ел аузында Қоңыр әулие – табиғаттың таңғажайып туындысы десе, біреулер бұл үңгір ертедегі өмір сүр­ген адамдар тұрған жер, тіп­ті, басқа ғаламшардан кел­гендер жасаған дегенге де бір­түрлі сеніп, үңгір жаққа қа­рай бересің. Қуғын-сүргін жылдары қашқан қазақ екін­ші қабаттағы үңгірден пана тапқан көрінеді. Кезінде еш­кім айтқызбады. Бірақ жер­гілікті халық, көнекөздер біл­­ді. Бұл да беті ашылмай тұр­­ған шежіренің тағы бір па­­рағы.

Айтпақшы, 2016 жылғы сапарымызда туристік бағытқа қосылған көне үңгірдің та­рихи, танымдық тұрғыдан маңыздылығы ескерілсе, қор­ғауға алынып, қамқорлық жа­салуы керек деп, «Үң­гірлерге үңілеміз қашан біз?» атты ой салар ма­қала да жазған болатынбыз.

Бүгінде ұлттық парк бас­шылығы Қоңыр әулие үң­гіріне назар аударғандай. Өз қаражаттарына жаңарту жұ­мыстарын қолға алып­ты. Үңгірге апаратын бас­пал­дақ­тың тақтайлары ауыс­ты­рылған, темірден тая­ныш­тар ор­натылған. Төменге дем­ала­тын күрке тәрізді орын­дар тұр­ғызылған.

Үңгірге апаратын жолды ба­ғыттайтын белгілерді де жар­қыратып жазып қоюға бо­лар еді.

Ал С.Торайғыров атын­дағы мемлекеттік университет ғалымдары болса, қазір Қоңыр әулие үңгіріне күн панельдерін орнатуды жоспарлауда.

Ғалымдар жарықтандыру жүйесі қозғалыс датчигі бар шамдар мен аккумляторлардан құралған, жүйе қоршаған ортаға әсер етпейді дейді. Яғ­ни қондырғының көмегімен үңгірге түнгі уақытта да кіруге мүмкіндік бермек.

Мына айнала тұрған биік таулар, қалың орман ата-ба­­баларымызға күш-қуат бер­ген. Ұлы табиғатты сақ­тау – міндет. Тастары да, оба, үңгірлері де батырларға қор­ған болғанын ұрпағы білсін, – дейді Алтынбек аға.

Иә, Баянауылда обалар, үңгірлер аз емес. Әр үңгір, әр оба тарих. Үңгірлерде хал­қымыздың көз жасы, ой-арман­дары, тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрес тарихының өшпес жолдары жатыр. Ал­тынбек сияқты та­рихшы, ше­жіреші ағалар күңгір үнді үң­гірлердің сақ­таушысы.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы