Аймақтар • 23 Тамыз, 2019

Маңғыстау мектептерінде «Домбыра-дастан» жобасы жүзеге аспақ

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Келешекке – кемел біліммен!» атты Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдің білім беру саласын жетілдірудің жолдарын талқылап, нақты тапсырмалар берді.

Маңғыстау мектептерінде «Домбыра-дастан» жобасы жүзеге аспақ

- Алдымен, білім сапасын көтеру үшін мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтардың сапасына және білім беру ұйымдарын заман талабына сай материалдық қорлармен жабдықтауға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл ретте, білім басқармасы арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру арқылы мұғалімдерді кәсіби тұрғыда дамыту жолдарын қарастыруы тиіс. 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде мектеп оқушыларын толықтай оқулықпен қамтамасыз ету – барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті. Мұғалімдерді кәсібіне қатысты емес жиындарға, басқа да шараларға тартуды тоқтатуымыз керек. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Осыған байланысты, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына, білім басқармасына, аудан, қала әкімдіктеріне мектептерді кезең-кезеңімен арнайы кабинеттермен, оның ішінде компьютерлер, мультимедиалық және пәндік кабинеттермен жабдықтау үшін қаржы көздерін қарастыруды тапсырамын.  Қазіргі уақыттағы маңызды мәселелердің бірі – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы. Түлектер мамандық бойынша даярланады, алайда мүлде басқа саладан орын табады. Негізгі өзекті мәселе – жастардың мамандықты дұрыс таңдамауынан туындап отыр. Сондықтан аудан, қала әкімдеріне мектеп оқушыларының қабілетіне және нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды ескере отырып, ерте бастан кәсіби бағдар жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырамын. Ал, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе өңірімізге қажетті сұранысқа ие мамандықтар тізімін анықтап, 5-10 жылдық болжам жасақтап, жаңа мамандықтардың атласын дайындау керек. Сондай-ақ,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шаралар балабақшадан бастап әр білім ордасында өткізілуі тиіс. Білім ұйымдарында берілген тәрбие туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға үйретіп, ұлттық құндылықты дәріптеуі тиіс. Жаңа оқу жылынан бастап дарынды мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне Әбіш Кекілбаев атындағы 20 шәкіртақы тағайындалатын болады. Осындай игі істердің жалғасы ретінде облыстық білім басқармасы және аудан, қала әкімдері білім беру ұйымдарына ұлы Абайдың атын беру жөнінде ұсыныстарын дайындасын.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраны мектептерде балаларға үйретуге назар аударғаны белгілі. «Осыған орай ұлттық өнерді насихаттау мақсатында оқушыларға арналған домбыра үйірмелерін көптеп ашуды көздейтін «Домбыра-дастан» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. 
Осылайша, маңғыстаулық оқушылар мектеп бітірген кезде кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, бұл шара жүзеге асырылса ата-аналар да риза болары сөзсіз.

Сапалы білім балабақшадан басталатыны бәрімізге белгілі. Ол үшін балабақшаға кәсіби біліктілігі мен білімі жоғары кадрлар қажет. Бүгінде, өңіріміздегі балабақшаларда жоғары білімді және жоғары санатты тәрбиешілердің үлесі жеткіліксіз деңгейде. Сондықтан, білім басқамасына, аудан, қала әкімдеріне осындай жағдайларды болдырмау үшін бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстап, баланы ерте жастан дамыту, мектепалды даярлықтың сапасын арттыру, кадрлардың кәсіби біліктілігін көтеру шараларын ұйымдастыруды тапсырамын.

Жалпы, облысымыз республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда туу көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарларды иеленеді, сондай-ақ көшіп келушілер саны да күн санап артып отыр. Сондықтан мектеп құрылысының мәселесі бірінші кезекте тұр. Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде өңірімізде алдағы бес жыл ішінде бала саны 138 мыңнан 212 мыңға дейін артады деп күтілуде. Қазір аудан, қала әкімдіктерімен жобалық қуаты 16400 орынды құрайтын 21 мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Осы орайда аудан, қала әкімдеріне мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын уақытылы дайындап, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп қаражат көздерін қарастыру мәселелерін шешуді тапсырамын, деді аймақ басшысы.

 

Маңғыстау облысы