Наимды «Тау көтерген Толағай» деп сипаттасақ, артық айтқанымыз емес. Егер спорттық карьерасына көз жүгіртсек, оның бағындырған белестеріне көз жетпейді. Ауыр атлетикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы, 7 дүркін әлем чемпионы. Алтыннан тау тұрғызған Толағай 46 мәрте әлем рекордына түзету енгізді. Сүлейменоғлының ерекшелігі – өз салмағынан үш есе артық штанганы басынан асырған бес спортшының біреуі.
«Қарға бойлы Гераклдың» спорттық карьерасы оңай болған жоқ. Ол 1967 жылы Болгариядағы Кырджаали өлкесінде, түрік отбасында дүниеге келді. Зілтемірге жастайынан қызығып өскен Наимның үлкен спортқа келуінің өзі қызық.
Оны бірнеше Олимпиада чемпионын баптаған, қазір Қазақстан ауыр атлетикадан ұлттық құрамасында аға кеңесші қызметін атқаратын Энвер Түркілери әңгімелеп беріп еді. 2013 жылы Алматыға Түркілери мырзаны арнайы іздеп барып, еліміздегі ауыр атлетика туралы сұхбат құрдық. Әңгіме барысы Наим Сүлейменоғлыға ауысып, Энвер мырза өткен шақтан сыр шертті.
«Наимды он жасында жолықтырдым. 1978 жыл болатын, – деп әңгімесін бастады ақсақал. – Кырджаали өлкесіне қарасты ауылдар жыл сайын қыркүйекте үш күндік жәрмеңке өткізеді. Көкөніс, жеміс-жидек, астық, үй жануарлары – бәрі-бәрі сол жәрмеңкеде сатылады. Бірде достарыма жәрмеңкеге баруға кеңес бердім. Жәрмеңкеге барған соң, әйелдеріміздің қолына ақша ұстатып, керек-жарағын сатып алуға жібердік. Ал өзіміз «чевирмек»(дөнер) жеуді жөн көрдік. Хасан Саанатшы деген әріптесім бар-тұғын. Оған дөнердің ең тәтті жері – белінен үлкен етіп кесіп беруін өтіндім. Айналама қарасам, әудем жерде бір бала отыр. Он жасар шамасында, басы үлкен, иықты екен. Аяқ киімінің біреуі – жыртық, екіншісі – ескі. Әлем мойындайтын зілтемірші қарсы алдымда тұрғандай көрінді. Қасыма шақырып алып, «есімің кім?» деп сұрадым. «Менің атымның саған қажеті қанша?» деп дүңк етіп, жақтырмай жауап берді. Аш екені көзінен көрініп тұрғандықтан, «Чевирмек» жегің келе ме?» дедім. Ол тағы да сұрақпен жауап берді: «Кімнің жегісі келмейді?» Еттің ең тәтті жерінен алып, қолына ұстаттым. Тамақты сондай бір құшырлана жеді дейсің. Содан кейін оның кімнің баласы екенін, не істейтінін тәптіштеп сұрап алдым. Әкесі Кырджаали мен Месбаб арасында автобус айдайды екен. Әке-шешесімен келісіп, оны жеке тәрбиеме алдым. Кейінірек отбасымен бірге Кырджаали қаласына көшіп келді», деп еске алады Э.Түркілери.
«Қарға бойлы Геракл» атанған сайыпқыранның үлкен спорттағы тұңғыш қадамы осылай басталды. Төккен тер мен күндіз-түні өткізген жаттығу босқа кеткен жоқ. Наим жер-жаһанға өзін ерте мойындатты. 16 жасында Мәскеуде өткен әлем біріншілігінде жұлқа көтеруден әлем рекордына түзету енгізіп, күміспен күптелді. Бұл – жеңістер жылнамасының бастамасы болатын.
1984 жылы Олимпия ойындары Лос-Анджелесте өткені белгілі. Төртжылдықтың басты бәсекесіне Кеңес өкіметі бастаған бірқатар мемлекет байкот жариялады. Олардың арасында Болгария да бар-тұғын. Осылайша, дүбірлі доданың бас жүлдесінен үміткер Наим жарыстан тыс қалды.
Мұндай келеңсіздік біздің кейіпкердің сағын сындырған жоқ. Келер жылы Швецияда өткен әлем біріншілігінде топ жарды. Айта кетерлігі, Наим өзі қатысқан әлем чемпионаттарында шашасына шаң жуытқан емес. Скандинавиядағы турнирден кейін 6 рет шартараптың байрақты бәсекесіне қатысып, бәрінде де жеңіс тұғырынан көрінген. Тек 1987 жылғы біріншілікке ғана қатысқан жоқ. Оның өз себебі бар.
Өткен ғасырда Болгарияда кеңестік идеология басымдық танытқаны белгілі. 1985 жылы Болгария елдегі әр азаматтың жеке куәлігіне «болгар» деп жазу жөнінде заң қабылдады. Бұған қарсы шыққандар жетерлік. Әсіресе, түріктер мекендейтін Кырджаали өлкесінде қақтығыс көбейеді. Әскерлер аймақты қоршап, ешкімді не сыртқа шығармай, не ішке кіргізбей тастады. Ақыры билік өз дегеніне жетіп, түріктерді «болгар» деп жаза бастайды. Мұндай қысастық Наимның намысына тигені анық. Бұл оқиғаны Энвер Түркілери былай еске алады:
«1986 жылы Наим үшінші рет әлем чемпионы атанды. Чемпионаттан бір жыл бұрын екеуміз әңгімелесіп отырғанда, маған «егер менің атымды өзгертіп, «болгар» деп жазуға тырысса атажұртыма ораламын» деп айтқаны бар-ды. Наим 16 жаста болғандықтан, әлі атын өзгертпеген еді. Турнирден кейін команда Аустралияға аттанды. Мельбурнға мені апарған жоқ. Сол жақта Наим атажұртына оралуға шешім қабылдады».
Біздің кейіпкер Аустралиядағы бәсекеде өзін аңдып жүргендерден қашып, Канберрадағы Түркия елшілігіне барып тығылады. Кейіннен атажұрты – Ыстанбұлға оралды. Болгария мұндай «сатқындықты» кешіре алған жоқ. Наимның отбасына елден шығуға тыйым салды. Кейінірек 1989 жылы басқа ұлт өкілдерін мәжбүрлеп «болгар» жасау заңының күшін жойды. Басқа елге көшуге мүмкіндік туды. Түріктерге кез келген елге қоныс аударуға және бес жылдан кейін қайтадан оралуына рұқсат берілді. Міне осылайша, Сүлейменоғлы екі жыл бойы ет жақындарын көре алмаған.
Айтпақшы, Наимның 1988 жылғы Олимпия ойындарына қатысуы да жыр-дастан. Болгария билігі Сүлейменоғлының байрақты бәсекеге қатысуына рұқсат беру үшін 1 миллион доллар өтемақы сұраған. Атажұртын аңсап келген арда ұлын түріктер жерге қаратсын ба?! Анадолы қажет соманы санап береді. Наимның өзінің айтуынша, қомақты қаражатты Болгариядағы спорт тізгінін ұстаған азаматтар бөліп алған сыңайлы.
Сеулдегі сол Олимпиада да Түркия ауыр атлетикадан жалғыз медаль жеңіп алды. Алтынды Анадолының қанжығасына байлаған азамат Наим еді. Оның «Қарға бойлы Геракл» атануы да осы кезден басталады. Ол турнирдегі басты қарсыласы – болгариялық Стефан Топуровты шаң қаптырып, 4 рет әлем рекордын жаңартты. Ең соңында серпе көтеруден 190 килоны бағындырып, өз салмағынан 3 есе ауыр зілтемірді басынан асырды.
Сүлейменоғлы кейінгі екі Олимпиада да қарсылас шақ келтірген жоқ. 1996 жылы Атлантадағы Олимпиададан кейін демалысқа шығатынын мәлімдеді. Наимның спорттағы ерен еңбегін ескеріп, Халықаралық Олимпиада комитеті оны «Олимпиада орденімен» марапаттап, Даңқ залына есімін енгізді.
Зілтемірді серік еткен сайыпқыранның спорттан мәңгілік қол үзуі қиын. Кейінірек Наим Сидней Олимпиадасына қатысып көрген. Өзі салған даңғыл жолмен келе жатқан жастармен тайталасу «Гераклге» оңайға соққан жоқ. Тіпті өзін саясатта да сынауға бел буды. Үш рет түрлі сайлауға түскен. Саясаттың ұңғыл-шұңғылы тау көтерген Толағай үшін қол емес екен. Мұны жете түсінген ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойды.
Ауыр салмақ көтеруге бейімделген ағзаға күйбең тіршілік қолайсыз келді ме, кім білсін?! Наим спорттан кеткеннен кейін бірнеше рет төсек тартып жатып қалды. Бірнеше ай аурухана төсегін тоздырған кездері де болған. Кейіннен жағдайы оңалған еді. Алайда 2017 жылы оның халі күрт нашарлап кетті. Сол жылы 18 қарашада күллі әлемді тамсандырған «Қарға бойы Гераклдың» алып жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатты...