05 Ақпан, 2013

Су

3347 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Су

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:36

1. Тұщы судың тауқыметі

Су!.. Қос әріптен құралған осы бір сөзде қанша құдірет бар десеңізші! «Су – өмір нәрі», «Су – баға жетпес байлық» деген сияқты санаға сіңісті ұғымдарды былай қойғанда, тіршіліктің өзі суда пайда болғандығын, сусыз тіршілік тұл екендігін де адамзат ежелден-ақ түйсігіне түйіп қалған. Сондықтан да, алғаш адамзат жаралған сонау ықылым заманнан бері өмір өзегі саналатын судың баламасыз қасиетін бағалап, «судың да сұрауы бар» деген қағида шеңберінде қастерлеп келеді.

 

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:36

1. Тұщы судың тауқыметі

Су!.. Қос әріптен құралған осы бір сөзде қанша құдірет бар десеңізші! «Су – өмір нәрі», «Су – баға жетпес байлық» деген сияқты санаға сіңісті ұғымдарды былай қойғанда, тіршіліктің өзі суда пайда болғандығын, сусыз тіршілік тұл екендігін де адамзат ежелден-ақ түйсігіне түйіп қалған. Сондықтан да, алғаш адамзат жаралған сонау ықылым заманнан бері өмір өзегі саналатын судың баламасыз қасиетін бағалап, «судың да сұрауы бар» деген қағида шеңберінде қастерлеп келеді.

«Суға да сұрау салып, құндайтындай не көрініпті? Жұмыр жердің ¾ бөлігін су алып жатыр. Қалай пайдаланамын десең де кеңірдегіңнен келеді», деп кекірік ата­тын­дардың кесірінен таяу болашақта адамзат су тапшылығы тауқыметін молынан тартатын түрі бар. Әрине, жер бетінде судың мол екендігі де талассыз. Бірақ судың да суы бар. Бұл жерде мәселе тұщы су, яғни тіршілік атаулының нәрі – ауыз су төңі­ре­гін­де болып отыр. Мәселен, планетамызда шамамен 1,4 млрд. текше шақырым су болса, оның 2,5 пайызы немесе 35 млн. тек­ше шақырымы ғана тұщы судың үлесіне тиеді. Осы тұщы судың басым бөлігі Ан­тарк­тида және Гренландияның қарлары мен мәңгі мұз қабаттарында, сондай-ақ жер қыртысының терең қойнауындағы жыл­ғаларда шоғырланған. Ал адамзат тұты­натын бүгінгі тұщы судың басты көзі – не­гізі­нен көлдер мен өзендер және жердің үстіңгі қабатына жақын орналасқан жер асты су қорлары болып табылады. Ендеше, адамзат пайдаланатын ауыз су қоры бар болғаны 200 мың шаршы шақырымды немесе барлық тұщы су қорының 1 пайыздан да аз мөлшерін немесе Жер шарындағы барлық судың 0,01 пайызын ғана құрайды.
Құдіретті табиғаттың өзі адамзаттың сорына шөміштен қысып берген осы тұщы су қорына техногендік ғасыр перзенттері санасыз зұлымдықпен оңалмас қастандық жасады. «Асау табиғатты ауыздықтаймыз!» атты ұрда жық ұранның желеуіне желіккен адамзаттың кесірінен табиғат тепе-теңдігі бұзылды, асау өзен арналарын бұру немесе қолдан бөгеу сияқты қоршаған ортаға жасалған қиянаттың салдарынан 1900 жылдан бері адам тұтынатын ауыз судың негізгі қоры болып саналатын әлемдегі өзен-көл бассейндерінің жартысына жуығы жоғалып кетті. Міне, керемет! Жер шарындағы тұщы су қорының жартысын құртқан сол бір ғасырда, яғни ХХ ғасырда планетамыздағы адамзат саны бірнеше есе өсіп шыға келіпті. Мәселен, 1804 жылы жер бетінде 1 миллиард адам болатын болса, 1927 жылы 2 миллиард адам, 1960 жылы олардың саны 3 миллиардтан асса, 1999 жылы 6 миллиардқа жеткен. Дәл қазір жұмыр жерде жеті миллиард халық тұрып жатыр.
БҰҰ-ның даму және қоршаған орта жөніндегі конференциясының дерегі бой­ынша, бүгінде жер бетіндегі 263 транс­ше­каралық өзен-көл бассейндері әлемнің 145 мемлекетінің аумағын ғана басып өтіп, планетамыздың жарты бөлігін ғана қамтиды. Осыған байланысты қазір әрбір мемлекет онсыз да тапшы тұщы суға деген өз сұранысын барынша молынан қамтып қалуға тырысады. Соның кесірінен трансшекаралық су көздерін пайдалануда екінші бір елдің мүддесіне нұқсан келіп, халықаралық қатынас барысында кикілжің туындап, бара-бара мемлекетаралық қарулы қақтығыстардың орын алуы әбден мүмкін. Тіпті БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі бір сөзінде «әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады» деп атап көрсетті. Мәселен, Колумбия өзенінің суы үшін АҚШ пен Канада арасында, Дунай өзені үшін Балқан мемлекеттері арасында қазірдің өзінде қырғиқабақ келіспеушілік орын алуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­тан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты биыл­ғы Жолдауында «Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр», деп атап көрсетті. Қазіргі таңда су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Орталық Азия өңірі. Орталық Азия мемлекеттерінің негізгі су қорын құрайтын трансшекаралық өзендер Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің аумағынан бастау алады. Соңғы жылдары осы мемлекеттердің трансшекаралық су қорларын пайдаланудағы астамшылық саясатының салдарынан Өзбекстан мен Қазақстан су тапшылығына ұшырап, транс­шекаралық өзендердің төменгі сағасында қоныстанған миллиондаған халықтың мүддесіне нұқсан келтірілуде.
Орталық Азияда су проблемасының қаншалықты ушығып тұрғандығын өткен жылдың қыркүйек айындағы Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің Қазақстанға келген ресми сапары кезінде сөйлеген сө­зін­де айтқан пікірлерінен анық аңғаруға бо­ла­ды.
Өзбекстан басшысының ашына айтқан тағы бір мәселесі, «Қамбарата-1» үшін биіктігі 275 метр бөгет, Рогун ГЭС-і үшін биіктігі 350 метр болатын бөгет құрылысын салу туралы шешім қабылданыпты. Жер сілкінісінің қаупі ушығып тұрған өңірлерде мұндай биіктікте бөгеттер тұрғызу, жазықта орналасқан халықты апатқа айдау­мен бірдей. Экономикалары тығырыққа ті­релген Душанбе мен Бішкек үшін Рогун және Қамбарата су электр станса­ла­ры арзан электр қуатын өндіріп, табыс табудың бірден-бір көзі екендігі де жасырын емес. Алайда, тәжік және қыр­ғыз бауырлардың Амудария мен Сыр­да­рияның трансшекаралық өзендер болып табылатындығын, осыған байланысты трансшекаралық өзендерді пайдаланудың халықаралық нормаларына сәйкес БҰҰ-ның арнайы қабылдаған 4 конвенциясы бар екендігін де естен шығармағандары дұрыс. Қалыптасқан осы халықаралық нормаларға сәйкес трансшекаралық өзендер бойында отырған төрт бауырлас мемлекет шұғыл түр­де туысқандық әділеттілікпен ортақ мә­мілеге келуі керек. Олай болмаған жағдайда, су проблемасының Орталық Азияда барған сайын шиеленісе беретіндігі анық.
Тұщы су проблемасымен тұрақты түр­де айналысып келе жатқан беделді халық­аралық сарапшылардың мәлімдеуінше, ХХІ ғасырдың ортасына таман тұщы су тапшылығы планетамыздағы ең өткір проблемаға айналады. БҰҰ-ның деректері бойынша, қазірдің өзінде тұщы судың тап­шы­лығы жылына 230 млрд. текше метрге жеткен. Бүгінде Жер шарының 2,5 млрд. халқы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, 2025 жылы тұщы су тапшылығы 1,3-2,0 триллион текше метрге жетпек. Бүкіләлемдік су форумында жасаған баяндамасында ЮНЕСКО-ның бас директоры Коитиро Мацууро «2030 жылдары планетамыз тұрғындарының 47 пайызы тұщы су жетімсіздігінен зардап шегетін болады», деп атап көрсетті. Осыған байланысты ол үндеулер мен декларациялар қабылдаудың уақыты өтіп кеткендігін ескертіп, нақты саяси шешімдер мен іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.
БҰҰ мамандары мен сарапшылары пікірінше, алдағы уақытта әлемдік сахнада тұщы суға қатысты үш өте күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселе туындайды. Бірінші­ден, 2020 жылдан кейін әлемнің 22 ірі мега­полисі құбырлар арқылы келетін тазартыл­ған судың жетімсіздігіне тап болады. Әсіресе, бұл жағдай Қытайда шиеленіскен сипат алмақ. Африкадағы құрғақшылықтардың салдарынан миллион­да­ған халық Еуропаға қарай ауады. Қы­тай­да да ұлы көші-қон үрдісі басталады. Екіншіден, 2025 жылға таман трансұлттық корпорациялар дамушы елдерден орасан зор көлемде тұщы су көздерін сатып алуды жүзеге асырады. Әлемдік рынокта су экспорты халықаралық үлкен бизнеске жол ашады. Бірқатар елдердің үкімет басшылары су ресурсын саясат саудасына салып, тұщы су әлемдік әлеуметтік-экономикалық өлшем мәртебесіне ие болады. Үшіншіден, суды қайталап пайдаланудың технологиясы жасалады. Су үнемдеудің ерекше тәртібі енгізіледі.
Табиғат құдіретіне шек бар ма?! Бір­қа­тар құрлықтарды топан су басып, тіршілік атаулы қатты зардап шегіп жатса, жерінің аумағынан бір ұрттам тұщы су таба алмай, ауыз суды сырттан сатып алып жатқан мемлекеттер де бар. Қара құрлықтың жарты мил­лиардтан астам халқы табиғи таза су іше алмайды. Олар қазірдің өзінде тасымал және жаңбыр суларын талшық етіп отыр. Табиғи таза судың мұнайдан да қымбат ұлттық байлық көзіне бағаланатыны ХХІ ғасырда аңыздан ақиқатқа айнала­тын түрі бар. Тек соңғы 50 жылдың кө­ле­мінде әлемдегі мұнай бағасы 10 есе артса, ауыз судың бағасы 1000 есе арт­қан. Алдағы уақытта таза ауыз су баға­сы тағы да жүздеген есе көтерілмек. Кей­­бір ғалымдардың айтуынша, енді бір­неше ондаған жылдардан кейін су әлемдік саясаттың басты құралына айналады. Тек табиғи тұщы суды сату арқылы бюджеттерін қампитып, табысқа кенелетін елдер қатары да қара көрсететін болады.
Ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде еркін көсілген Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде су үлесі тұрғысынан ең соңғы орынды иеленеді. Жеті қат қыртысына дейін құт дарытып, қойнауын қазба байлығына толтырған киелі қазақ даласын кереметі күшті құдірет табиғи су көздеріне тапшы қылып қойыпты. Ұшқан құстың қанаты талар маң даладағы таза су қоры қазірдің өзінде 3 пайызды құрайды. 1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд. текше метр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текше метрге дейін кеміген. Еліміз­дегі 100 текше шақырымды құрайтын жер үсті су қорының 58 пайызы ғана респуб­лика аумағында жинақталады, қалған су қоры шекаралас орналасқан көрші елдердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендердің суымен толығады. Ақиқатында ұлы даланы судан тарылтып отырған жомарт табиғат емес, адам қолымен жасалған қиянат. Қазақстанға су Ресей мен Қытайдан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алатын өзендерден келеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, планетамызда 35 мың текше шақырым тұщы су қоры болатын болса, ол қазіргі Жұмыр жер­ді мекендеп отырған адамзаттың жан басына шаққанда 5418,3 текше метрден келеді. Әлемдегі мемлекеттер тұрғысынан алғанда тұщы судың жан басына шаққандағы мөлшері бірдей емес. Мәселен, Канадада әр адамға 84495 текше метр тұщы су кететін болса, Жаңа Зеландияда бұл көрсеткіш 75768, Норвегияда 79110 текше метрді құраса, Түркияда әр адамға шаққанда – 3160, Әзербайжанда – 907, Пәкістанда – 323, Израильде 100 текше метрден ғана айналады екен. Қазақстанның әрбір тұрғынына шаққанда қазіргі еліміздегі тұщы су қоры 4686 текше метрден айналады. Ал Ресейде жан басына шаққанда 30 393 текше метр тұщы су қоры бар.
Қазақстан экономикалық жағынан еш­кімге тәуелді емес. Жаһандық эконо­ми­каның дамуына қажетті Менделеев кестесіне кіретін қазба байлығының бар­лы­ғы да бар. Өкінішке орай, стратегиялық су көздеріне келгенде, көршілердің бәріне көз сүземіз. Алайда, «төскейде малы, тө­сек­те басы қосылған» деп қырғыздарға қан­ша құшағымызды ашсақ та, «өзбек өз ағамыз» деп неше жерден емешеміз езілсе де, жеріміздің үстіндегі де, астындағы да игіліктерімізді алдарына жайып салып, «ұлы көршілеріміз ғой» деп орыс пен қытайға қаншалықты жалпақшешейлік танытсақ та олардың ешқайсысының «қазағым» деп бауыры езіле қоймайтындығын осы «шөміштен қысқан» су тәжірибесі көрсетіп отыр.
Мақта алқаптарын суару үшін кене­зесі кепкен шөл далаларға есепсіз су жі­бер­ген өзбек ағайындар Сырдария мен Әмударияны сағасынан қысып бөгеп тас­таса, арнасынан асатын асау Талас пен тегеурінді тау өзендерін қырғыз бауырлар қылғындырып тастады. Су тасқыны орын алған кезеңде де қырғыздар табиғи апат салдарын тиімді пайдаланып, Қазақстаннан энергетикалық шикізатты арзанға беруді талап етті. Қазақтың өзбек пен қырғызға қарасты оңтүстік өңіріндегі су мәселесі барған сайын күрделеніп барады. Көрші екі мемлекет суармалы егістіктері мен мақталықтарын кеңейткен сайын, біздің оңтүстік өңірдегі суармалы егістік көлемі екі есеге дейін қысқарып кетті.

водохранилище
Батысымыздағы су проблемасы да оңып тұрған жоқ. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Себебі, Қазақстанның батысындағы ең үлкен су көзі – Жайық өзені бастауын Башқұртстаннан алады. Тағы да қос үлкен өзен – Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынборда жатыр. Кезіндегі сулы да нулы Сарыөзен мен Қараөзен Саратов облысынан бастау алады. Одақ ыдырағаннан кейін жас тәуелсіз мемлекетіміз үлкен көршісімен су мәселесін реттеп алу жөнінде алғашқы қадамдарын жасады. 1992 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қойылды. Уақыттың өзі көрсеткеніндей, бұл келісім күні бүгінге дейін Ресейге ғана қызмет жасап келеді. Қазақстанның келісімінсіз-ақ көршілеріміз трансшекаралық өзендердің бойында жаңа су қоймаларын салды, бұрынғы су қоймаларын кеңейтіп, жөндеуден өткізді.
Көп ретте үмітімізді артатын «үлкен» көрші­міз «кісідегінің кілті аспанданың» керін келтіріп, келісімге біржақты қарады. Соның салдарынан Орал өңіріндегі су көздері күрт кеми бастады. Қараөзеннің сағасындағы Қамысты, Самар көлдері тартылып, Сарыөзеннің төменгі ағысындағы көлдер түгелдей кеуіп қалды. Ресейдің Волгоград облыс арқылы Қазақстанға келетін Еділ өзенінің суын көршілер тауарға айналдырып алды. Жәнібек суландыру жүйесіне құйылатын бұл суға салынатын салықты көршілеріміз еселей арттырып отыр.
Ал еліміздің шығысындағы ең ірі екі өзен – Ертіс пен Іле бастауын Қытайдан ала­тындығы белгілі. Планетамыздағы ең ірі көл экожүйесінің бірінен саналатын Іле-Балқаш бассейнінің өте күрделі ахуалын бұрынырақта жазған «Көкше теңіз көзден бұлбұл ұша ма?» атты мақаламызда (қа­ра­ңыз, «Егемен Қазақстан», 23 ақпан, 2011 жыл.) жан-жақты толғаған болатынбыз. Іле өзе­нінің суына сусаған Балқаштың басынан бақ тайғанын ащы да болса ашына айтып едік. Енді, міне, еліміздің бүкіл Шығыс өңірі мен шөліркеген Сарыарқаға нәр беріп тұрған Ер­тістің қасіреті еріксіз толғандырып отыр.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».