Әлем • 27 Тамыз, 2019

Франциядағы G7 саммиті: клубтағы алауыздық өршіп барады

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Француздың Биарриц қаласында әлемнің ең ықпалды 7 мемлекетінің басшылары жиналды. 24-26 тамыз аралығында теңіз жағасындағы бұл курортты қалада G7 саммиті өтті. Уақыт өткен сайын клуб мүшелерінің көзқарастары алшақтап барады. Неге?

Франциядағы G7 саммиті: клубтағы алауыздық өршіп барады

G7 клубының кезекті 45-саммиті әдеттегідей әлемдік саясаттағы ең ма­ңызды мәселелерді талқылап,  көзқа­рас­тарды бір арнаға келтіруге жасалған талпы­ныс болды. Франция басқосуды өткізу­ші ел ретінде көбіне өзін мазалай­тын тақырыптарды көтеруге тырыс­қан­дай: жаһандық климаттың өзгеруі, Амазонкадағы өрт, Кашмир үшін жанжал, Гонконгтегі митингілер, Брексит, Сирия, Ресеймен қарым-қатынас және басқалары. Бұл мәселелер бойынша қатысушы елдердің көзқарастары әртүрлі болғандықтан, саммит соңында ортақ коммюнике қабылданбайды. Бір ғана мысал, АҚШ президенті жаһандық жылыну, Ресейді клуб құрамына қайтару, сауда қатынасы мәселелерінде өзгелермен келісе бермейді. 

Эммануэль Макрон саммитті өткі­зу арқылы Францияның әлемдік саясат­тағы орнын нықтап алғысы келетіні бай­қалады. Президент сайланғалы бері түрлі жаһандық бастамалар көтеріп, Фран­цияның да көптеген мәселелер бо­йынша өз көзқарасы бар екенін жеткізгісі келеді. Мысалы, Иранмен жасалған ядролық ке­лісімнен АҚШ-тың шықпауы үшін барын салып күресті. Кейінірек НАТО-дан бөлек Еуропаның ортақ армиясын құруды ұсынды. Оған қоса, саммитті өткізуші ел ретінде ол Үндістан, Аустралия, Чили, Мы­сыр, Буркина-Фасо, Сенегал және Руан­дадан қонақтар шақырды. Әрине, олар­дың әрбірі Францияның сыртқы саясаты үшін маңызды мемлекеттер.

Саммитте көтерілген мәселенің бірі – G7 қатарына Ресейді қайта қосу. Бұл ұсынысты Трамп көтерген болатын. Себебі оның пікірінше, Украина, Сирия жанжалдарын Мәскеусіз шешу қиын. Оны Италия премьер-министрі Конте қолдаған. Алайда отставкаға кетіп бара жатқан үкіметбасының пікірі көпті қызықтыра қоймас. Ал Германия, Франция, Канада, Британия басшылары бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы шыққан. Олар украин дағдарысы шешілмей, Ресейдің G7 құрамына оралуы мүмкін емес деп есептейді. Жапония бұл мәселеде бейтарап қалған. Оның да өз себебі бар. Ол Ресейден Курил аралдарын қайтарғысы келеді. Сол себепті Мәскеуге ашық қарсы шықпаған болар. Жалпы, Ресей 2014 жылы Украина территориясындағы Қырымды жаулап, Донбаста сепаратистік соғыс ашқан соң G8 клубының мүшелері өз құрамынан Ресейді шығару туралы шешім қабылдаған болатын.

G7 саммиттері өткен сайын «қатаң сақталатын дәстүр» бар. Саммит өтетін қалада жаһандану процесіне, капитализмге, жаһандық жылынуға қарсы азаматтар жаппай митинг ұйымдастырады. Бұл жолы 10 мыңға жуық кісі Биарриц қаласының маңындағы Андай қаласына жиналып, өз көзқарастарын білдірді. Полиция бірнеше адамды ұстап әкетті. 

Айтпақшы, саммит барысында АҚШ делегациясы күтпеген жайт болды. Жиынға Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф қатысты. Бұл елмен Вашингтонның арасы тым суып кеткенін ескерсек, АҚШ тарапы Зарифті көргенде қуана қоймағаны белгілі. Алайда кейбір ақпарат көздері АҚШ делегация­сына Иран министрі жайлы ескертілген деп жазады. Бұл халықаралық саясаттағы «қулық» деуге келер әрекет шығар. Нақ­ты­рақ айтсақ, саммит иесінің Трампқа жаса­ған «сыйлығы».

Жоғарыда айтқандай, саммит қоры­тындысы бойынша коммюнике қабыл­данбайды. Мүше елдердің көптеген мә­се­леге қатысты ұстанымдары сан алуан, тіпті өзара қарама-қайшы келіп жата­ды. Саммит алдында Франция АҚШ-тың ірі IT-гиганттары Amazon, Apple, Facebook және Google компанияларына «цифрлық салық» салатынын мәлімдеген еді. Мұндайды қалт жібермейтін әрі сау­да соғысын жүргізуде біраз тәжірибе жинап алған АҚШ президенті Д.Трамп жауап ретінде француз шарабына баж салығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеретінін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы жаңа сауда тартысы ма, әлде ықпал етудің тың тетіктері ме, әзірге белгісіз, оны уақыт көрсетер.

Әрине, G7 кезекті саммитінен ешкім ха­лықаралық саясатқа өзгеріс әкелетін маңызды шешімді күтпеді. Бұл ірі держа­валардың жыл сайын әлемдік мәселелерді бір үстел басында талқылап, қажет кезде әрекет ету механизмдерін пысықтап ала­тын кездесуі. Алайда мүше елдер екіжақты да келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алады. Мәселен, осы жолы Британияның жаңа премьер-министрі Борис Джонсон Еуропаның тірек елдері – Франция мен Германия басшыларымен Брексит тақырыбын талқылаған. Себебі аталған мәселе келісім бойынша 31 қазанға дейін шешімін табу керек. Ал Борис Джонсон Брекситті түпкілікті шешемін деп уәде берген.

Дегенмен қазір G7 клубы әлемдік экономика мен саясаттың толық көрініс табатын жері деу қиын. Себебі бұл ортаға кірмейтін Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка, Корея Республикасы, Ресей, Сауд Арабиясы, Иранның да ықпалы аз емес. Экономикасы да өсіп келеді. Сондықтан жыл өткен сайын G20 саммитінің маңызы арта түсуде. Бұл дамушы елдердің дауысы жаһандық қа­тынаста енді естіле бастағанын көр­се­теді.