Экономика • 27 Тамыз, 2019

Елімізде автокөлік шығару қарқын алды

627 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда елордада Қазақстан машина жасаушылар бірлестігінің ұйымдастыруымен отандық машина жасаушылардың VІІ форумы өткізілмек. Форумда еліміздегі осы саланың жай-күйі талқыланып, оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері қаралады деп күтілуде.

Елімізде автокөлік шығару қарқын алды

Жалпы отандық автоөнеркәсіп эконо­микадағы ең қарқынды дамушы сала­ның бірі. Өткен жылды ойдағыдай табыспен аяқ­таған сала кәсіпорындары биыл да жо­ғары даму деңгейін көрсетіп келе­ді. Бұған үстіміздегі жылдың жеті айлық көр­сет­­кіштері дәлел бола алады. Мәсе­лен, «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағының мәлімет­те­рі бойынша жеті айдың ішінде Қазақстан жалпы құны 171,3 млрд теңгені құрайтын 24 687 автокөлік шығарған. Бұл – өткен жылдың осы мерзіміндегіден 42,6 пайызға артық. Соның ішінде, жеңіл көлік түрлерін шығару 38,1%-ға өсіп, 22 280 бірлікке жетсе, автобус шығару 4,1 есе өскен. Жеті айдың ішінде 754 автобус құрастырылған. Ал жүк автокөліктері мен оның тіркемелерін шығару тиісінше 84,3 және 68,1 пайызға өсе түсті.

Әрине, отандық өнеркәсіп саласында, тіпті жалпы экономикамызда дәл осындай өсім көрсеткіштерін көрсетіп отырған басқа саланы табу оңай емес. Сондықтан еліміздің автоөнеркәсібін дәл қазіргі кезеңде отандық экономика дамуының көшбасында келеді деп айтуға әбден болады.

Осы жеті айдың қорытындысына сәйкес отандық автозауыттар өнімдерінің сатылу дең­гейі де өсе түскен. Мәселен, былтырғы жыл­дың осы мерзімінде олар шығарған авто­көлік­тердің 15 451 бірлігі сатылса, биыл 22 157 бірлік сатылған. Сөйтіп өнім­дерді өткізу көрсеткіші 43,4 пайызға ұл­ғай­ған.

«Отандық автоөнеркәсіп саласының даму қарқыны шілде айында одан әрі жал­ғасты. Бір қуанарлығы, отандық авто­көліктердің өтімділігі артты. Ел тұты­ну­шыларының көпшілігі өз елімізде шы­ға­рыл­ған автокөліктерді қалады. Соның нәти­жесінде Қазақстан автоөнеркәсібінің на­рық­тағы үлесі өткен жылғы 47,6 пайыздан да өсіп, шілде айында 56,7 пайызға жетті. Сөйтіп халқымыз елімізде шығарылатын автокөліктерді сатып алуға 145,7 млрд теңге қаржысын жұмсады. Егер ақшалай есептейтін болсақ, бұл қаржы өткен жыл­дың жеті айындағы көрсеткіштен 66,3 пайызға артық» дейді сарапшы Артур Мискарян.

Әрине, бұл істе еліміздегі автокөлік саласын дамытуға қатысты қабылданған бағдарламалардың да ықпалы жоқ емес. Мәселен, отандық автокөліктерді сатып алушы­ларды жеңілдікті несиелендіру жөнінде арнайы бағдарлама бар. А.Миска­рян­­ның келтірген мәліметі бойынша, осы бағдарлама беретін мүмкіндікті 416 ел тұрғыны пайдаланған екен. Дегенмен отандық автокөліктерді сатып алудағы олардың үлесі бар болғаны 9,6 пайызды құраған. Мұның өзі Қазақстанның автоөнеркәсіп саласының өз күшімен дамуға қабілетті екендігін көрсетеді.

Қазақстанда құрастырылатын авто­кө­­­ліктерді шығаруда және оны сатуда әдет­тегідей Өскемен қаласында орна­лас­қан «Азия авто» АҚ көш бастап келеді. Өткен жеті айдың ішінде кәсіпорын 11 965 автокөлік сатып үлгерді. Бұл – осы мерзім ішінде отандық кәсіпорындар сатқан өнімнің 54 пайызын құрайтын көрсет­кіш. Екінші орында тұрған қоста­най­лық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС 9 179 көлік сатты. Яғни сатылған отандық авто­кө­лік­тердің 41,4 пайызы осы кәсіпорынның еншісіне тиді. Мұнан кейінгі орындарды «СемАЗ» ЖШС (404 бірлік, 1,8%), «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ (361 бірлік, 1,6%), «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС (145 бірлік; 0,7%), «Hyundai Trans Auto» ЖШС (103 бірлік, 0,5%) иеленді.

Әрине, Қазақстанда құрастырылатын автокөліктер арасында осы уақытқа дейін халық сұранысына ие болып үлгерген өнімдер бар. Оның алдыңғы легін өткен жылғыдай Lada жеңіл автокөлігі бастап келеді. Үстіміздегі жылғы жеті айдың ішінде осы көлік түрінің 8 616 бірлігі сатылған. Мұнан кейінгі орындарды рет бойынша Hyundai (7 340 бірлік), KIA (1 989 бірлік), Ravon (674 бірлік) және Skoda (643 бірлік) автокөліктері иеленген.

«Lada жеңіл автокөлігінің халық көңілі­нен шығуының басты бір себебі – бағасының арзандығы және біздің табиғат жағдайына арналғандығы. Сондықтан оған сұраныс жоғары. Осы жеті айда қазақстандық автозауыттар сатқан автокөліктердің 38,9 пайызы Lada-ға тиесілі», дейді бұл жайында А.Мискарян.

Сарапшының айтуынша, шілде айы қашанда болсын көлік саудасының қызатын уақыты. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы шілденің мәні ерекше болған. Өйткені ел тұрғындары дәл осы айда 58,5 млрд теңгенің 6465 автокөлігін сатып алған. Соның ішінде тұрғындардың 61 пайызы отандық өнімдерге таңдау жасаған. Бұл – жыл басынан бергі ең үздік нәтиже ғана емес, сонымен қатар отандық автоөнеркәсіп саласы үшін жаңа тарихи рекорд болып шыққан.

Сонымен қатар соңғы жылдары еліміздің автоөнеркәсіп саласы өздері шығарған автокөліктерді шетке саудалау ісінде де едәуір нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, жыл басынан бері 6 млрд 512 млн теңгенің 1219 автокөлігі экспортқа шығарылса, бұл істе «СарыарқаАвтоПром» ЖШС үлесі қомақты екенін айтуымыз керек. Бұл кәсіпорын шілде айының өзінде Ресей нарығына 694 JAC кроссоверін шығарған.

Автобус шығару ісінде семейлік «СемАЗ» ЖШС кәсіпорны белсенділік танытып тұр. Сондай-ақ енді автобустардың Қостанайда да шығарыла бастауы іске тың серпін берді. Яғни осы өңірде шығарылатын Ankai және Yutong автобустары шілдедегі сауданы қыздыра түсті.

Әрине, Қазақстан автоөнеркәсіп саласы бұл жетістіктерге қанағаттанып қалмайтыны айқын. Өйткені қазіргі нарық жағдайы істі бұдан да ширата түсудің жолдары бар екенін көрсетіп отыр.

Мәселен, үстіміздегі жылдың жеті айын­да сарапшылардың дерегі бойынша қазақстандықтар жиыны 341 млрд теңгеге 37 219 көлік сатып алды. Бұл көрсеткіштер ел тұрғындарының 40 пайыздан астамы әлі де болса, шетелдерден келетін автокөліктерді сатып алып жатқанын көрсетеді. Демек, қазақстандық автокөлік құрастыратын зауыттар ендігі кезекте отандық нарықтың осы бөлігін де игеруге ұмтылатыны анық. Сонымен қатар әзірге шеттен әкелініп жатқан көптеген қосалқы бөлшек түрінің кейбірін өздерінде шығару ісімен да айналыса алады.

Екіншіден, сарапшылардың пікірінше, еліміздегі жолаушылар тасымалдайтын автобус парктеріндегі автобустардың 70-80 пайызын әлі де болса, пайдалану мерзімі өтіп кеткен ескі автобустар құрайды. Оны алмастыру үшін жылына бірнеше мыңдаған автобус сатып алу қажет. Демек, елімізде автобустар шығару ісінің қолға алынып, соңғы жылдары қарқыны арта түсуінің мәселен, биылғы жылдың жеті айында автобустар шығару көрсеткішінің 4 есеге арту себебі жеткілікті. Өкінішке қарай, Қазақстанда шығарылатын автобустар әзірге көп жағдайда мемлекеттік органдар тапсырыстарымен әзірленуде. Елімізде автобус құрастыруды қолға алған жас кәсіпорындар әзірге қалалардағы жолаушылар тасымалын қолға алған жекеменшік компаниялардың талабынан толық шыға алмай келеді. Бұл жерде басты проблема баға мәселесінде тұрған секілді. Жекеменшік компаниялардың автобустарды неғұрлым арзан бағаға алуды және сапасының жоғары болуын қалайтыны түсінікті. Әзірге олардың басым көпшілігінің назары шетелдердің ескі автобустарына ауып тұр.

Дегенмен уақыт өте келе, бұл іс те бірте-бірте оңалар деген сенімдеміз. Елімізде халыққа арналып жеңіл көліктер шығару ісінің өркен жаюы – соның жақсы бір дәлелі. Сондықтан қазіргі күндері қала көшелерінде жарқырап жүйткіп жүрген шетелдік автобус­тарды отандық кәсіпорындар құрастыратын өнімдердің алмастыратын уақыты тым алыс емес деген ойдамыз.