Абылай ханның табаны тиген мекен
Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгіме көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Қоңыр әулие үңгірі атауы «Қабанбай батыр» мен Шәкір Әбеновтің «Тоқтамыс батыр» дастандарында да кездеседі. Сонау 1750 жылдардың ортасында болған Шаған шайқасы кезіндегі бір айқаста қазақ жасақтарының саны айтарлықтай ойсырап қалады. Сонда Абылай хан: «Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қарамыздың аз екенін жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз», дейді. Осы кезде топ ішіндегі жас батыр Тоқтамыс суырылып шығып, ханның алдына келіп дат сұрайды. «Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран салып шапсақ, қалың шаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды» дейді. Сонда Абылай: «Япыр-ай, мынау Қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер», деп бұйырады. Айтқандай-ақ, осы шайқаста жау жағы қалың шаңнан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан Шаған тауының бір тас үңгіріне барып тығылса керек. Сол үңгір Қоңыр әулие үңгірі екен. Ал бұл шайқас кейіннен «Шаңды жорық» немесе «Қалмаққырған» деген атпен тарихта қалыпты. Әйгілі Қабанбай батыр «Дарабоз» атағын осы жерде алған деседі. Бұл туралы «Абай жолы» романында да жазылғаны белгілі. Үңгір маңында жоңғарлармен қаншама кескілескен қанды шайқастардың өткенін сол төңіректегі тас қорымдардың өзі әйгілеп жатқандай.
Үңгірдің қай заманнан бері Қоңыр әулие атанғанын нақты ешкім білмейді. Жергілікті жұрт арасында тылсым мекенге қатысты түрлі әңгіме айтылады. «Бала кезімде әкеммен бірге Қоңыр әулиенің үстінен өтетінбіз. Сол кезде үңгір алды қаптаған белгілер болатын. Әр қойылған таста әр рудың таңбалары білінетін. Мысалы, көз, шошақ найза деген секілді. Әкем «Бұл – қазақ руларының таңбалары» деп айтатын. Сол кездегі қалың қорымның қазір бірде-біреуі жоқ. Жақында қазақтың үлкен ақыны Несіпбек Айтұлы сонау елордадан қазақ батырларының есімдері қашалып жазылған тас жасатып әкеліп, Қоңыр әулиенің басына қойды. Сонда ақын «Бұл жерді «қазақтың Бородиносы» деп атауға болады» дейді. Өйткені жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай хан бастаған, Қабанбай, Бөгенбай, Тоқтамыс, Баймұрат секілді қазақтың атақты батырлары осында атақты Шаған шайқасына қатысып, қалмақтарға алғаш соққы берген. Аңыздарда қазақ батырлары жоңғарларды үңгір ішіне тығылған жерінен қуып шыққаны жайында айтылады. Беріректе естіген әңгімем, Қоңыр әулиеге Абай атамыздың өзі де қызығушылық танытып, арнайы келіп көріп, «Бұл не деген су?» деп үңгір ішіне кіріп, орыс достарының бірімен көлдің біраз жеріне дейін қайықпен барған секілді. Бірақ әрірек бара алмаған дейді. Орыс досы, менің ойымша, Долгополов болуы мүмкін. Өйткені ол осы жақты көп зерттеген ғой. Бала кезімізде үңгірге арқанмен түсіп жүргенімізде үңгір ішінде әулие деген тас болатын. Тастан жасалған мүсін. Қыз ба, ұл ма, белгісіз. Келген жұрт әлгі мүсінді әулие тұтып, әртүрлі заттар, ақша, тиын-тебен қалдырып кететін. Сол әулие тас қазір жоқ. Ол тас мүсін өзенге тура кеткенде сол жақ қапталдағы үңгірде жататын. Сол тас мүсін сол жердегі тастардың бірінің астында қалды ма, біреу алып кетті ме, түсініксіз. Қоңыр әулие үңгіріне келмеген қазақ жоқ шығар. Кейінгі кезде шетелден, әсіресе көрші Ресейден келіп, суға шомылушылар көп. Соған қарағанда белгілі бір мөлшерде суында емдік, дәрумендік қасиеті болғаны да. Елдің айтуынша, үңгір ішіндегі су әрі қарай Қоңыршәулі, Ақшәулі дейді, Аягөзге қарай кетіп, солардың үлкен суларына қосылады», дейді ел-жер тарихына қанық, абайлық белгілі ақын Төлеген Жанғалиев.
Шыңғыс хан осында жерленген бе?
Сонау 1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Онда бұл үңгір жайында «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адам келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» деп жазылыпты. Кейіннен «Семипалатинские вести» басылымында Семей өлкесін зерттеуші Виктор Брюхановтың Қоңыр әулиеге жасаған сапары туралы жазбасы жарияланады. 1897 жылдан Семей қаласында тұрған ол Семейдегі қалалық училищенің 5-класын бітіріп, 1900-1904 жылдары Семей облыстық Статистика комитетінде жұмыс істепті. 1904 жылы шаруалар бастығының іс-қағаздарын жүргізуші қызметін атқарған В.Брюханов Абаймен бірнеше рет жүздесіп, ақынның балалары, туған-туыстарымен, әсіресе Тұрағұл, Шәкәріммен араласып тұрған көрінеді. Жалпы, Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде осы үңгір қабырғаларының бірінде ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы бар екендігі де айтылады. Ұлы Абай демекші, ақынның әкесі Құнанбайдың да көл суына түскені «Құнанбай» фильмінде көрсетілген.
Қоңыр әулие үңгіріндегі ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылатын, ең терең жері 5 метрге дейін баратын көл суына, үңгірдің өзіне қатысты да ел арасында әңгіме көп. Біреу «көл суының дәмі Күшікбай асуындағы бұлақ суының дәмімен бірдей» дейді. Былай қарасаңыз, Күшікбай асуы қайда, Қоңыр әулие қайда?! Тағы бір қызық, тылсым дүние, үңгірдегі көл суының температурасы (4 градус) қысы-жазы өзгермейді екен. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7. Қысы-жазы. Бұрындары жұрт үңгір ішіне шырақпен, бірінің қолынан бірі ұстап кіретін. Үңгір түбіндегі көлге жеткенде үңгір аузындағы тесік жалғыз нүкте болып қана көрінетін. Ол кезде суға түспек түгілі, әуелде «не бар екен?» деп қызығушылықпен қараңғы үңгірге кірген жұрт ауа жетпей сыртқа шығуға асығатын. 2002 жылы мектеп бітіріп, Қоңыр әулие үңгіріне барғанда өзіміз де сондай күйді кешкенбіз. Қазір ғой, түк болмағандай үңгірдің жарқырап тұрғаны.
Турасын айтқанда, Қоңыр әулие үңгіріне келетіндердің бір тобы қызығушылықпен, екінші бір тобы іштей бір сеніммен емделуге келеді. Көл суы кімге шипа болып, кімге қалай әсер етіп жатқаны бір Құдайға аян. Әйтпесе үңгір алдында «көл суы мынадай ауруға шипа» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған нұсқаулық жоқ. Иә, біздің айтып отырғанымыз – келушілер түсіп жүретін бергі көл. Оның әр жағындағы көл туралы да аңызға бергісіз әңгіме көп. Кейбір басылымдарда үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын тағы бір көлдің бар екендігі де айтылып жүр. Тіпті, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын еліміздің еңбек сіңірген туризм қызметкері С.Кистанов, Туризм және спорт ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі К.Миляев және «Тұран» университетінің доценті В.Волошин бастаған топ Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің түбіне сүңгіп, зерттеу жұмыстарын да жүргізіпті. Нәтижесінде, көл суының астында көлемі 10х10 м болатын қара қуыстың бар екені, оның арғы жағының тұңғиық теңіз екені анықталыпты. Ел арасында осы Қоңыр әулие үңгірінде әйгілі Шыңғыс хан жерленген деген де бір болжам бар екенін айта кетейік. Осыдан біраз жыл бұрын Сергей Афанасьев деген тарихшы да осындай тоқтамға келіп, онысын «Экспресс К» басылымы арқылы көптің талқысына ұсынғаны белгілі. Ғалым Шыңғыс хан секілді тарихи тұлғаны қарапайым адам тәрізді жерге көміп, оның үстінен жылқы айдап өтті дегенге сену қиын дейді.
Үңгір ішіндегі тастардан әртүрлі түсініксіз жазуларды, қашалған әртүрлі бейнелерді да аңғаруға болады. Абай атамыз қалдырған қолтаңба соның арасында сан жылғы ыстан көрінбей көзге түспей қалды ма екен?! Алайда бұған мұқият үңіліп, үңгір ішіндегі тастардағы таңбаларды зерттеп-зерделеп жатқан жан жоқ секілді әзірге.
Былтыр 5 мың турист келді
Қоңыр әулие үңгірі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған болатын. Қазір қасиетті мекен Абай аудандық Мәдениет үйінің қарауында. «Үш қызметкеріміз бар. Бірі экскурсовод, екіншісі шаруашылық жұмыстарына жауапты, үшіншісі тазалықшы. Үңгірдің инфрақұрылымы жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасымен жеке кәсіпкер Ораз Әбділдин 25 орындық қонақүй салып жатыр. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталып қалатын шығар. Туристер саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, 2018 жылы 5 мыңдай адам келді. Биылғысын әлі есептеп үлгермедік. Мұнда туристер негізінен маусым, шілде, тамыз, қыркүйек айларында келеді. Әсіресе Алакөл секілді шілде мен тамызда келушілер қатары көбейеді. Қоңыр әулиеге шетелдерден де туристер келіп жатыр. Биыл Германия, Аустрия мен Чехиядан келді. Ресейден көп келеді. Бірі үңгірді көруге, бірі емделуге келеді. Үңгір ішіндегі суға әркім өз қалауынша түседі. Болашақта туристер саны артатын болса, бәлкім шағын медициналық бекет ашып, медбике қоюға да болатын шығар. Үңгірге «Семей-Қарауыл» трассасы арқылы барсаңыз – 35 шақырым, ал «Семей-Қайнар» трассасы арқылы жолға шықсаңыз, 23 шақырым дала жолымен жүресіз. Біздегі бір мәселе – үңгірге жарық тартылмаған. Жарық тарту жұмыстары басталады деген. Осы жұмыс қолға алынса жақсы-ақ болар еді», дейді Абай аудандық Мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов.
Қоңыр әулие үңгіріне қатысты мәселелердің анық-қанығын білейік деп облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақовқа хабарласқанымызда мынадай жағымды жаңалықтарды жеткізді. «Бұл жер 2017 жылдан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүйелі түрде дамытылып жатыр. Сол жылы үңгір ішін абаттандыруға, сан жылғы ыс-күйені тазартуға, кіріп-шығатын баспалдақтарды салуға облыстық бюджеттен 50 миллион теңге қаржы бөлінді. «Семей-Қарауыл» тас жолы 2 жарым миллиард теңгеге жөндеуден өткізілді. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Қоңыр әулиеге электр желісін тартуды жоспарлап отырмыз. Бұған жалпы сомасы 171 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның 48 миллионы бөлінді. Жарық тарту жұмыстары 2020 жылы аяқталуы керек. Сонымен қатар Қоңыр әулиеге апаратын дала жолы (25 шақырым, 120 миллион теңге) жөнделеді, яғни көтерме жол салынады. Бұл жұмыс келесі жылы басталып, аяқталуы тиіс» дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы