Сұхбат • 29 Тамыз, 2019

Ауыр қылмысқа көз жұмуға болмайды

816 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Соңғы кездері зорлау туралы жиі айтыла бастады. Бұған «Тальго» пойызындағы оқиға да себеп болғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауында аталған қылмысқа қатысты жазаны қатаңдату туралы Парламентке және Үкіметке тапсырма беретіні мәлім болды. Осы орайда «#НеМолчиKZ», «#НеМолчиДетиKZ» қоғамдық қорларының жетекшілері Дина СМАИЛОВА және Алмат МҰХАМЕДЖАНОВПЕН әңгімелескен болатынбыз.

Ауыр қылмысқа көз жұмуға болмайды

– Әуелі қоғамдық қор туралы айтып берсеңіз.

Алмат: Қор 2016 жылы жұ­мысын бастады, 2017 жылы қоғамдық қор ретінде тіркеліп, заңға сәйкес қызмет етеміз. Қор мүшелеріне ешқандай ақы төлен­бейді, тіпті осы үшін өз мүлігімізді сатқан күндер болған. Психологтар, тергеуші сияқты мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз.

– Ауыл-аймақтарға жиі барасыздар ма?

Дина: Арыз түскен бойда оқиға орнына баруға тырысамыз. Дегенмен барлығының басы-қасында жүруге мүмкіндік бола бермейді. Аймақтардағы жағдай тым мүшкіл болса, баруға тура келеді.

– Негізгі түйткіл деп нені айтар едіңіз?

Дина: Ең негізгі мәселе – құқық қорғау органдары қыз­меткерлерінің жауапсыз­ды­ғы. Көп жағдайда полиция қызметкерлері арыз-шағым түскеннен кейін уақтылы жұ­мыс істемей, тараптардың бі­тімге келуін күтеді. Зәбір кө­ру­ші көптеген экспертиза мен талдамалардан өтеді, құжат­тар жинайды, қайта-қайта сұх­бат болады, сол кезде онсыз да психологиялық соққы ал­ған адам шыдамай, соңына дейін бармайды. Қылмыстың со­ңына түсіп, сотқа дейін алып бару өте қиын. Экспертизалар мен соттан сотқа жүгіру адам ден­саулығына да әсер етері сөзсіз. Бір-екі апта жүгіргеннен кейін, ол істің алға жылжуын­ көр­меген соң көбі қолын сілтеп, дәлелдеуге тырыспайды. Құ­қық қорғау органдарының қызмет­керлері де оны жақсы біліп алған. Шын жаны ашып, зәбір көру­шіні ойлап, мәселенің мән-жайын анықтайтындар шамалы. Полиция қызметкерлерінің істі тез арада қолға алмауын қылмыскерлер де біліп, босаңсып алған. Былтырдың өзінде 120-бап «Зорлау» мен 121-бап «Сек­суалдық сипаттағы зорлық-зом­былық әрекеттері» бойынша түскен 1332 арыздың 454-і ғана сот алдына барды. Ал 2000-ға жуық іс қараусыз жабылды. Ол санның ішінде 5-9 жыл бұрынғы қылмыстар да бар. Сотқа дейін жететіне қарағанда, жабылған істердің көп болуы таңғаларлық емес.

– Елді мекендердегі жағ­дайға тоқталып өтсеңіз.

Дина: Жақында Өскемен қаласының тұрғыны хабарлас­ты. Оның айтуынша, біреу әйе­лін зорламақ болған. Ал құқық қорғау органдары оның ауыр қыл­мысқа жатпайтынын айтып, қылмыскерге әкімшілік жаза беруді ұйғарған. Негізі, күдікті пробациялық бақылауда еді, яғни ол ұсталуы керек.  Біраз уа­қыт­тан кейін оның тағы біреуді зор­лағаны туралы шағым түседі. Бұл жауапсыздықтың шыңы десе болады. Құқық қорғау органдары әлгі әйелмен дұрыс сөйлеспеген. Басынан соққы алып, «амнезия» деген диагноз қойылған әйелді мазақтап, таспаға түсірген. Қол­дау таппаған соң күйеуі бізге хабарласты. Олардың 7 баласы бар, бірді бірге жалғап жүрген отбасы. Үйінде де болдық, жағ­дайды өз көзімізбен көрдік. Әйел полициядан қолдау таппай, күйін­гені сонша, барлығының ал­дында жағдайды баяндауға дайын­ болды. Біз өз кезегімізде оқиға туралы әлеуметтік желі­лер­де тараттық. Сенесіз бе, біз жеткенше, жергілікті орган­дар жағдайды қолға алды, қыл­мыскерді біз жетпей жатып тұтқындады. Сот қылмыскерге 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. 

– Туған-туысының зорла­ғаны туралы жиі еститін бол­дық? Инцестің бары рас па?

Дина: Қазіргі таңда инцест бойынша екі қылмыстық іс жүр­гізіліп жатыр. Бір істі бес жыл бойы дәлелдей алмай келеміз. Мәселеге құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы бар сияқты, қашан жіберсек те, істі қайтарып бере­ді. Олардың қатысы бар, жасыр­ды деуімізге де негіздер бар. Мә­селен, қыл­­мыс­тық іспен та­нысуға да мүм­кіндік бермеді. Ал біз әр­бір жә­бір көрушіден сотқа шағым­дануға, істі соңына дейін жеткі­зуге сенімхат аламыз. Яғни, бар­лы­ғынан хабардар болуға толық құқығымыз бар.

Балаларды зорлау да көп кез­деседі. Ең қиыны балалар­ды қорқытып, шындықты айтқыз­байды. Ата-анасына қауіп төну, ешкімнің сенбеуі сияқты факторлар  жылдар бойы сол «жүкпен» өмір сүруге алып келеді. Шыда­май айта бастағанда, кеш болады. Педофилді табу да қиын, қылмысты дәлелдеу де оңай болмайды. Біздің заңнама бо­йынша тергеушілер тек био­логиялық, генетикалық дактилос­копияның нәтижелерін ғана негізге алады. Куәгердің болуы, психологиялық экспертиза­лармен қылмысты дәлелдеу мүм­кін емес. Мамандарымыз жеткілікті дәрежеде оқымаған, тәжі­рибесіз. Қылмыскердің шын не өтірік айтып тұрғанын анық­тайтын полиграф сияқты құралдар қолданбайды. Бізде жақсы психологтар мен сарапшылар бар. Олар баланың қай оқиғадан қандай соққы алғанына дейін айтып береді. Олардың да тұжырымдарын есепке алмайды. Мәселен, Павлодардан кішкентай қызды әлдекімнің зорламақ болғаны туралы хабар келді. Арыз ертесіне жазылды, яғни уақыт жоғалтпады. Медициналық экспертизада баласының ауыр психологиялық соққы алғаны анықталды. Цере­бралды сал ауруымен ауыратын қыз бүгінде тағы бір психологиялық ауруға шал­дықты. Бірақ қылмысты дәлел­деу мүмкін болмады, күдікті бостандықта.

– Қылмыс неге дәлелденбей­­ді? Айғақтар аз ба?

Алмат: Негізінде, айғақ аз деген болмайды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 220-бабы бойынша полиция қызметкерлері атқаруы тиіс 16 шара бар. Оқиға орнын, киімдерді түсіру сияқты міндеттер бар. Бұлардың барлығы уақтылы істелсе, қылмысты дә­лел­деу оңай. Бірақ заңмен бекі­­тілген міндетті шаралар орын­­далмайды. Тіпті полиция қыз­мет­керлерінің оқиға орнына бар­маған күндері де болды. 

– Отбасы мүшелері үйле­рінде болып жатқан қылмысқа неге көз жұмады?

Дина: Біздің бір байқа­ғаны­мыз, отбасында зорлау бол­ған­дар жиі көшеді. Оқиға тура­лы басқаларға хабар жетсе, көрші­лердің сезіктенгенін байқаса, көшіп кетеді. Бұл жерден олар­дың әлеуметтік жағдайының тө­мен екенін түсінеміз. Өздері­нің баспаналары мен үй-жайы болмаған соң көшу оңай. Негізі­нен, отбасы мүшелерінің, мәсе­лен аналарының оқиғадан хабары бар. Мысалы, Атырау қаласының тұрғыны хабарласты. 18 жасар қыз жұмыс берушісіне әкесі зорлайтынын айтқан, анасы да біледі екен. Қыздың бес бауыры бар, ешкімге айтпауын өтініпті. Бірақ тамырын басып, мән-жайды анықтай бастағанда, қыз хабарын үзді.

Жасыруға, көз жұмуға негізгі себеп – қорқыныш. Әйел бәрін жақ­сы түсінсе де, өз өміріне, ба­ла­ла­рының өміріне алаңдайды. Екінші мәселе – айғақтар. Куә­гер табу қиын, дәлелдеу оңай емес, қылмыскерді қамауға алуы да екіталай. Ал қылмыс дә­лел­­денбесе, барлығының өмі­ріне қауіп төнеді. Оның үс­тіне әйелдердің материалдық тәуел­ділігі бар. Күйеуін қамаса, баланы кім асырайды, қалай күн көреміз деген ойлар ішінен тынуға себеп болады.  

– Есейгенде шындықты айтып, арыз түсіргендер бар ма?

Дина: Әлбетте! Ол үлкен жүк, психологиялық соққы. Кө­бі ескі жараның бетін ашпауды­ ұйғарады. Бірақ бірнеше уа­қыт­тан бері 32 жасқа келген аза­матшаның ісімен жүрміз. Оны 12 жасынан 20-ға келгенше әкесі зорлап келген. 1,5 жыл түрмеде отырып келген соң әйе­ліне, бала-шағасына күн бермеген. Әйелі қашып құтылған, қызы әкесімен қалған. Жоғарыда айт­қанымыздай, отбасы Алматы облысынан бастап, Қызылорда облысындағы Шиелі ауылына дейін көшкен. Нақты тұрғылықты жайының болмағаны да жағдай­ды қиындатады. Әр тергеу үшін ол үлкен соққы. Біздің қо­лы­мызда тек психологиялық экс­пертизаның деректері мен куәгерлер бар.

– Істі соңына дейін жеткізу мүмкіндігі бар ма?

Дина: Алматы облысының Полиция департаментімен бір­лесіп жұмыс істеудеміз. Біздің де нақты әрі тиімді деген шешу жол­дарымыз жоқ, мүмкін шетел­дік тәжірибелерге жүгіну керек пе? Бірақ бұл қылмыстың басы ашылса, басқаларға үлкен сабақ болар еді. Балалар он жыл өтсе де, шағымдана алатынын көр­сетер еді. Яғни, қылмыс жазасыз қалмайтынына дәлел болар еді.

– Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кеңесетін кездеріңіз бола ма?

Алмат: Әрине, барлығы жауапсыз деуге келмейді. Алматы қаласындағы Медеу ауданында үнемі кеңес алып тұратын тергеуші бар. Өте жауапты маман. Әр істі 2-3 ай көлемінде дә­лелдеп береді.

– Бұл мәселеге қоғамның көзқарасы қандай?

Алмат: Негізі сот отырысына қылмыскерді қолдайтындар көп келеді. «Оның отбасы бар, ол ондайға бармайдыдан» бас­тап, «өзің кінәлісің» деп, жәбір көрушінің өзін айыптайды. Біздің қоғамда жәбірленуші кінәлі деген түсінік бар. Үлкен қалаға жұ­мыс іздеп келген, еш қолдауы жоқ қыздар осындай оқиғаға тап болғанда, ешкімге айта да алмайды, ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қысымы олардың мүшкіл халін одан са­йын қиындатады. Ал ата-аналар баланың денсаулығынан бұрын ұятты ойлайды. Сондық­тан жағдайды түгелдей өз қолы­мызға алуға тура келеді. Сот ісін жүргіземіз, әр отырысқа қа­ты­­самыз, зәбірленушіге пси­хо­логиялық көмек береміз, үнемі қасында болуға тырысамыз.

– Жағдайды өзгерту үшін не істеу керек?

Алмат: Заң мен кесілетін жазаны өзгерткеннен жағдай өзгер­мейді. Алдымен қоғам зор­лаудың ауыр қылмыс екенін түсінуі керек. «Тальгоға» қатыс­ты оқиғада көбісі қызды жаз­ғырды. Оның алкоголь іш­кенін айтты, айқайламағанын сылтау қылды. Яғни, қоғам жапа шеккен қызды кінәлап отыр, ешкім қылмыскерлерге қатысты «неге?» деген сұрақ қоймады. «Неге жолаушының купесіне кірді, неге жұмыс кезінде ішімдік ішті?» деген күдік болмады. Бұл барлық оқиғада кездесетін қалыпты жағдай. Білесіз бе, бар­лық оқиғада зәбірленуші – кінәлі. Мен 6 жасар қызды да «саған ұнады ғой» деп кінәлаған полиция қызметкерін көрдім. Олардың ойынша, тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді. Қоғамда сыйластық, қыздарды сыйлау, заңды құрметтеу сияқты түсініктер толық қалыптаспаған. Білімсіздік те негізгі себептердің бірі.

– Жалпы кейбір адамдар осы психологиялық ауытқумен туа ма?

Дина: Жоқ, бұл туабітті емес. Біз қазір заңды өзгертуді сұ­рап жүрміз, дегенмен жүйелі өзге­рістер керек. Барлығы мектеп қа­быр­ғасынан басталады. Санасы таза бала мектептен мұғалімнің дөрекі, агрессивті қатынасын көріп, бойына жинай береді. Байқайсыз ба, мектепке алғаш келген бала мұғалімін жақсы көреді, таңдана қарайды. Кейін авторитарлы қатынас, бұрышқа тұрғызу, жазалау сияқты факторлар агрессияға алып келеді. Ең алдымен қоғамдағы агрессиядан құтылу керек. Сонымен бірге балаларға мәдени жаңғыру керек. Бүгінде театрға, музейге алып ба­рудың өзі қымбат. Бұрында тегін үйірмелер болатын, қазір олар сиреп кетті. Қылмыскерді анықтап, түрмеге жауып, оны бюджет есебінен асырағанша, сол ақшаны балалардың дамуына жұмсасақ, жағдайдың алдын алар едік.

– Ата-аналарға қандай ке­ңес бересіз?

Алмат: Балаға ерте жастан шекара дегенді үйреткен дұрыс. Көшеде, саябақта әлдекімнің ба­сынан сипауы, тәтті беруі дұ­рыс емес екенін де білгені абзал. Балаға жақын туыстарынан басқаның жақындауы қалыпты болмауы керек.

– Осындай қылмыскер­лердің ортақ сипаты бар ма? Оларды алдын ала анықтай аламыз ба?

Дина: Қылмыскерлердің ортақ сипаттары, тіпті орта жасы жоқ. Оларды байланыс­тыратын бір белгі – білімсіздігі мен әлеуметтік деңгейі. Мұн­дайға көбіне өмірден өзін таба алмағандар барады. Қылмыскер­лердің 70 пайызы білімі жоқ, жұмыссыз азаматтар. 11 жастан 70 жастағы азаматтар аталған қылмыс бойынша ұсталғанын білеміз. Ал зәбір көрушілердің жасы 1,5-нан бастап 82-ге дейін барады.

Алмат: Ортақ статистика шығару қате әрі дұрыс емес. Бұл барлық жерде кездеседі. Мәселе – үнсіз қалмауда. Барлығы ашып айтуға қымсынады. Әри­не, айту қиын, бірақ үнсіз қалу үлкен қателік. Көз жұму – қылмыс­кердің жазасыз қалуына алып келеді, ал ол өз кезегінде қыл­мыс­тың қайталануына себепші болуы мүмкін. Барлығы бір-бірімен байланысты.

– 11 жасар қылмыскер туралы айтып берсеңіз.

Алмат: Нақты қылмыскер деу­ге келмес. Қарасай ауданының тұрғыны 8 жасар ұлын көршінің 11 жастағы ұлы зорламақ болға­нын айтып хабарласты. Полиция қызметкерлері жауапқа тарту үшін 14 жасқа келуі керегін сыл­тау қылды. Бірақ онымен сөй­лесіп, мәселенің мәнін түсі­­нуге тырыспады. Ол бала келесі­де қайталамасына кім кепіл?

– Әділдікке жету үшін мін­дет­ті түрде қоғамдық қор­дың көме­гіне жүгіну, көпші­лікке мәлімдеу, жариялау шарт па?

Дина: Жоқ, біздің көмегімізсіз де ашылып жатқан қылмыстар бар. Ол тағы да тергеушіге бай­­­ла­нысты екенін ескеру керек. Жүйедегі жемқорлықтың ке­сірінен жағдай қиындайды. Бар­лығы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауап­кер­шілігіне байланысты.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»