Қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағыттары – тиімді өркендеу мен өрлеудің басты шарты
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:26
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында «Қазақстан-2030» Стратегиясының ел дамуындағы маңызы жоғары болды. Елбасы 1997 жылғы қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды.
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:26
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында «Қазақстан-2030» Стратегиясының ел дамуындағы маңызы жоғары болды. Елбасы 1997 жылғы қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат егемен елдің экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты мемлекетке айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді. Даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырып, аталмыш басымдықтар елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады.
Жоғарыдағы Стратегияны іске асырудың алғашқы ұзақ мерзімді кезеңі ел Президентінің 2001 жылғы желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болды. «Қазақстан-2030» Стратегиясының келесі кезеңі – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Сондықтан өркендеу мен өрлеу стратегиялары саналатын бұл құжаттардың құндылығы тарихи сыннан өтіп жатқандығы анық. Ал Елбасы сарабдал саясатындағы тұрақтылық, бейбітшілік және келісім Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерінің кепілі болып қала бермек.
Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен жағдайын сипаттайтын әр Жолдаудың өзіндік салмақты жүгі бар. «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауынан бастау алған құжаттарда еліміздің стратегиялық дамуындағы міндеттер көрсетіледі. Ал міндеттердің орындалуы өз кезегінде Елбасының жыл сайынғы Жолдауларымен айқындалады. Бүгінге дейін Елбасы Қазақстан халқына 17 Жолдау арнаған екен.
«Қазақстан-2030» Стратегиясына негізгі қорытындылар жасалған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда негізгі міндеттердің орындалуы және қалғандарының орындалу үстінде екендігі тұжырымдалды. 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру басты мақсатын орындаудағы жаңа саяси бағыттардың міндеттері айқындала түсті. Елбасы өз сөзінде: «1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды», деген болатын. Қалыптасқан Қазақстанның қуатты да табысты мемлекет құрудағы тарихи жолы, демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты үдерістері, түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, ұлттық экономикадағы ерекшеліктер мен халықаралық еңбек бөлінісіндегі еліміздің рөлі, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қоғамдастық таныған мемлекет және ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі еліміздің белсенді рөлі негізделді.
Елбасы тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, Үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет құндылықтарының дағдарысы, жаңа әлемдік қауіпсіздік секілді ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатеріне тоқталып қана қоймай, халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдау қажеттілігіне баса назар аударды. Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ел тұрғындарының шешуге тиісті міндеттер парадигмасының сапалық тұрғыдан өзгерісі баяндалды.
Елбасы өз сөзін: «Біріншіден, Қазақстан – қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше. Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050-жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда. Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды. Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде», – деп түйіндеді.
Қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуаттығын анықтайтын әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті Елбасы әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын ұсынды: кедейшіліктің өсуіне жол бермеудің тежегіші ретінде қалыптасуына мүмкіндік туғызатын мемлекеттің жаһандық дағдарыс жағдайында азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін ұсынуы; мемлекеттің әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарға ғана көмек көрсетуі; өңірлерді дамытуда әлеуметтік теңгерімсіздік мәселелерін шешуге назар аудару.
Осы себептерге байланысты Елбасы Үкіметке төмендегідей тапсырмалар жүктеді: ана мен баланы қорғау, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарау; ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту; туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалау, жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру, материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеу; елде жыныстық ерекшелігі бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. «Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажеттігі негізделе түсіп, ұлт денсаулығы табысты болашақтың негізі екендігі айқындалды.
Жалпы, кез келген қоғамдағы саяси тұрақтылық пен экономикалық өсімнің негізі тұрғындардың өмір сапасын жоғарылатуға бағытталған мемлекеттің әлеуметтік саясатында жатыр. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған күннен бастап мемлекет саясатының негізгі басымдығы ретінде азаматтар әл-ауқатын жақсартуды көздеді. Заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары саналатын білім және кәсіби машық бағыттары да Елбасы назарынан тыс қалмады. Еліміздің білім беру саласындағы басымдықтары төмендегідей болып белгіленді: бүкіл әлемдегі секілді Қазақстанның мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшуі қажеттігі; халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз ету; жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігінің білім беру саласында айрықша көрінуі; оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту қажеттігі.
Бұл тұста «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын қалыптастыру, ғылым мен бизнестің кооперациясы мен перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы мәселелеріне мән берілгенін айта кеткен жөн. Аталмыш мәселе төңірегінде Елбасы жастарға өз сөзін арнады: «Бүгін мен жариялаған жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым», – деді Президент.
Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамытудағы негізгі мақсат мемлекеттік басқаруды қалыптастырудың жаңа міндеттері қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтуға сай болу қажеттілігі нақтыланды. Бұл үшін мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу, басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құру, мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстану, мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін күштің болуы, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру міндеттері қойылды.
Дәйекті және болжамды сыртқы саясаттың, ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың мақсаттары айтылды. Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары айқындалды: аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту; экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту; мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру; азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту. Елбасы өз сөзінде: «Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым. Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру», – деді.
Нәтижесінде 2012 жылдың 12 қаңтары күні тек Қазақстанның емес, өз экономикасын және дүниежүзілік экономиканы дамытуға дайын бүкіл әлемнен барлық мүдделі қазiргi заманның белгiлi ғалымдары, бизнес бiрлестiктері, өкiметтiң өкілдерін біріктірген G-Global коммуникативті алаңы іске асырылды. Қысқа уақытта G-Global коммуникативті алаңы 150 елден сан мыңдаған пайдаланушыларды біріктірді. Сайт пайдаланушылары төмендегідей тарауларға атсалыса алады: сарапшылық шолу; кәсiпкерлiк жобалар; пікірсайыстар; жарияланымдар. Адамзат өркениетінің даму конструктивизмі бес негізгі қағидаларға негізделеді. Бұл пікірді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев G-Global қағидалары деп атауды ұсынды: 1) революция емес, эволюция; 2) әділдік, теңдік, пәтуалық; 3) жаһандық толеранттылық және сенім білдіру; 4) жаһандық транспаренттік; 5) конструктивті көпполярлық.
Жолдауда көпұлтты және көпконфессиялы қоғам табысының негізі саналатын жаңа қазақстандық патриотизм бағытындағы басты мақсаттарымыз – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту қоғам, ұлт ретінде өмір сүрудің айнымас шарты екендігі сөз болды. Жаңа қазақстандық патриотизм бағыты бойынша мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беру тәсілі арқылы патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі барлық қоғамды біріктіретіндігі анық. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығы жауапкершілікті тіл саясатының қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі екендігі атап көрсетілді. Жаңа патриотизмді қалыптастырудағы мәдениет пен дәстүрлер іргетасын бекіту заңдылықтары, ұлттық интеллигенцияның қоғамдағы рөлі, ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін төңірегіндегі тұжырымдар айқындалды. Жолдау аясында Мемлекет басшысы болашақтың Қазақстаны төмендегідей болатынына сенімді: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары».
Мемлекет басшысының Жолдауда ұсынған тапсырмаларын жүйелі және өз мерзімінде орындау Қазақстандағы жаңа саяси бағыттардың іргетасы саналады. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясы Отанымыздың жаңа ұлы жетістіктері мен табыстарын жалғастырудағы тиімді өркендеудің тура әрі берік бағыттаушысы болмақ.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты,
Қызылорда «Болашақ» университетінің доценті.