
Жыл басында Алматы қаласы әкімдігі аталған жолдардың бойында межелі шекті сағатына 60 шақырым деңгейіне түсіргенде, оған наразы жұрт аз болмады. Әкімдік мұның барлығы жолдағы көлік апатын, адамды қағып кету оқиғаларын азайту үшін жасалып отырғанын айтып түсіндірді. Алайда қаланың жаңа басшылығы жақында рұқсат етілген жылдамдықты қайтадан 80 шақырымға жеткізді. Қала әкімі өз шешімін Алматының қоғамдық кеңесі мен тұрғындарының ұсынысын, талап-тілегін ескере отырып қабылдағанын айтты. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев та жылдамдық шегінің сағатына 80 шақырымға көтерілгенін қолдады. Бұл халықаралық стандарттарға сай екенін мәлімдеді.
Ал енді халықаралық тәжірибеге назар аударсақ. Жыл сайын әлем бойынша жол-көлік оқиғаларында 1,25 млн жан көз жұмады. Бұл жер бетіндегі түрлі жанжал, соғыстың құрбандарынан 20 есе көп. Ең жиі көз жұматындар мотоцикл жүргізушілері (23%) мен жаяу жүргіншілер (22%) екен. Бір қызығы, мемлекеттің табыс көлемі жол бойындағы өлім көрсеткішіне де әсер етеді. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда Бурунди мен Зимбабведе 34,7 адам қайтыс болады, ал Норвегия мен Швейцарияда 2,7 кісі. Қазақстанда 17,6 адам. Елімізде 2015 жылдан бері жол-көлік оқиғаларынан 11 мың адам қаза тапқан, 120 мың адам әртүрлі жарақат алған. Ал 1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысында 947 қазақстандық сарбаз көз жұмған. Бейбіт кезеңдегі және соғыс кезіндегі адам шығынын салыстыра беріңіз.
Жалпы, елді мекендер үшін қауіпсіз жылдамдық шегі сағатына 50 шақырым екен. Себебі бұл жылдамдық жол кептелісіне әкелмейді және көлік соқтығыса қалса, зақым да көп болмайды. Сол үшін Еуропаның көптеген қаласында ортақ жылдамдық шегі бар: қала көшесі –
50 км/сағ, халық тығыз орналасқан қаланың аудандарында – 30-40 км/сағ, бірнеше жолақты кең көшелерде 70-80 км/сағ. Бұл сандар ауадан алынбаған сараптама, зерттеулердің нәтижесі.
Бұдан бөлек, мамандар жоғары жылдамдық жол-көлік апатында жаяу жүргіншінің о дүниеге аттану мүмкіндігіне тікелей ықпал ететінін айтады. Мәселен, көлік 30 км/сағ жылдамдықпен жылжыса, жаяу адамның көз жұму мүмкіндігі 15 пайыз, ал
50 км/сағ жылдамдықта – 60 пайыз, енді осы шектен сәл асып, көлік адамды 60 км/сағ жылдамдықпен қағып өтсе, оның өліп кетуі мүмкіндігі 100 пайыз екен. Егер адам 80 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көлікпен соқтығысса, бұл 10-шы қабаттан құлағанмен бірдей. Ал ондай биіктен құлаған кісінің тірі қалуы екіталай. Міне, осы себепті 50 км/сағ ең тиімді жылдамдық саналады.
Ал Еуропаның ең ірі қалаларындағы жылдамдық шегі қандай? Берлин мен Париждің орталық және тар көшелерінде көлік тек 30 км/сағ жылдамдықпен жүре алады, басқа көшелерінде – 50 км/сағ. Қаладағы магистральдар мен автобандарда санатына қарай 60, 80 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Ал кейбірінің бойында жаяу жүргіншілер жолағы мүлдем болмаса, онда көлік спидометрі 110 км/сағ көрсете алады.
Жалпы, адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары қала ішінде жиі тіркеледі. Егер көлік жылдамдығын сәл кемітсе, біреудің өліміне себепші болмас еді. Адам қанша асықса да, жылдамдығын 50 шақырымнан асырмаса, еш жерге кешіге қоймас. Кешіске де, одан өзгерер нәрсе шамалы. Есесіне, ешкімді мүгедек етпейді, өмірін қимайды, өзі де аман қалады.