Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2019

Жол бойындағы сервистің жайы қалай?

575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республикалық және жер­гілікті маңызы бар автожолдар құрылысын жоба­лаған кезде немесе оған күр­делі жөндеу жүргізу кезінде ұмытуға болмайтын бір маңызды мәселе бар. Бұл – жол бойындағы сер­вистік нысандарды мем­лекеттік стандарттарға сәй­кестендіру. Елімізде жол бойындағы қызмет көр­сету ісінің жай-күйі қалай?

Жол бойындағы  сервистің жайы қалай?

Ашығын айтқанда, бұл мәсе­леде бәрекелді дей­ қоя­­тын­дай ештеңе жоқ. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сында жинақтал­ған деректерге сүйенсек, респуб­ликадағы 1819 жол сервистік нысанның тек 850-і ғана ұлттық стандарттарға сәйкес. Жол бо­йын­дағы қызмет көр­сету орындарын дамыту ісін­де қандай өлшемдер назарға алынуға тиіс? 2016 жылдың 24 шілдесінде ел Үкіметінің Қау­лысына сәйкес «А», «В», «С» және «Д» стандарттары бекітілген. Жолдағы тиісті нысандар осы стандарттарға сәйкес жобаланып салынуға тиіс.

Қазір бұл жұмысты жолға қоюға «ҚазАвтоЖол» мен «Бәйтерек» холдингі арасында жасалған келісім оң ықпалын тигізе бастады. Оның басты артықшылығы – жол бойы сер­висін дамытуға жергілікті кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерін тарту үшін қолайлы жағдай жасалғаны. Соған сәйкес оларға пайыздық мөлшерлемесі төмен несие беріл­мек. Сервистік кешен жобасы үшін 1 млрд теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады.

Республика бойынша аталған бағдарламаның бюджеті 15 млрд теңгені құрайды. Бұған қа­ты­сатын екінші деңгейдегі отан­дық банктердің көшін «Сбербанк» АҚ бастап тұр. Оның жол бойы сервисі нысандарын тұрғызуға бөліп отырған несиелік қаражатының көлемі 6 млрд теңгеден асып түседі. Жол бойы сервисіне кемпинг, жанар-жағармай бекеті, асхана, сауда және демалу орындары, сондай-ақ эстакада секілді құрылыс нысандары жатады. Осы аталған нысандар қамтылғанда, бүтін бір кешен пайда болмақ. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ алдын ала жасаған есептерге қарағанда, мұн­дай кешенді тұрғызу үшін кем дегенде 750 млн теңге қаражат қажет екен. Аталған компанияның бизнесті дамыту стратегиялары және ақпараттар басқармасының басшысы Еркебұлан Тұрсынбаев­тың айтуынша, мұндай кешенді бірнеше кәсіпкердің бірлесіп салғаны әлдеқайда тиімді. Осын­­дай қанатқақты жоба «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды облы­­сы әкім­дігімен бірлесе отырып, Оса­каров ауданында қолға алын­ды. Сөйтіп, бірнеше кәсіпкер аук­­цион арқылы жер телімдерін са­тып алып, кешен тұрғызуға кіріс­ті.

Сервис нысандары инфра­құрылымдардан және инженер­лік желілерден қашық орналас­қан жағдайда оның құны тым қымбатқа түседі. Сарапшылардың тұжырымы осындай. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер БҰҰ Даму бағдарламасына арқа сүйей алады. Даму бағдарламасы арқылы балама энергия көздері құрылыстарын тұрғызу үшін жылдық өсімі 12-14 пайыз­ды құрайтын несие алуға мүм­кіндік бар. Өсімнің 10 па­йызын еліміздегі Даму қоры суб­сидия­лай алатынын ескерсек, кәсіп­керлер үшін тиімді болуы мүмкін.

Жол бойы сервисі нысан­дары­ның жай-күйі Ақтөбе облы­сында қандай деген сауалға жауап іздеп көрейік. Өңірде рес­пуб­ликалық маңызы бар авто­жол­дардың ұзындығы 1892 шақы­рымды құ­райды. Бұған қоса облыс­тың 600 шақырымнан асатын аума­ғын «Батыс Еуропа-Батыс Қы­тай» халықаралық көлік дәлізі қиып өтеді. Бұл аралықта шетелдік ав­то­көлік иелері көп кездеседі.
Яғ­ни, сервис деңгейі жоғары болса, еліміз үшін де, отандық кәсіп ие­ле­рі үшін де бір мәртебе емес пе? Шетелдік жолаушылардың осы­ қыз­метті пайдаланғаны үшін тө­лей­­тін қаражаты артықтық етпесе керек.

Әйтсе де өңірде жол бойы сер­висінің қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Айталық, облыстағы 145 тиісті нысанның тек 85-і ғана ұлттық стандарттарға сай келеді. Жол үстінде көзге мүлдем қораш көрінетін кемпингтер жеткілікті. Қазіргі талаптар бұрынғы кездегі­дей жол бойында үйшіктер салуды көтермейді. Сондықтан оның бәрін бұзып, жаңадан салу жобаланып отырғанын жеткізді облыс әкімі­нің орынбасары Аман­ғали Бердалин.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Ақтөбе филиалынан алынған деректер өңірдегі жарамды деп есептелген жол бойы сервисі нысандарының саусақпен санап аларлықтай бөлі­гі ғана «А» стандарты санатына сәйкес келетінін көрсетеді. Өкініш­ке қарай, «В» санаты жөнін­де де осылай деуге болады. «С» стандарты сапындағылар 44 болса, «Д» тобындағылардың саны – 33.

Осы арада Темір ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрлан Есенғалиұлы «А» және «В» санат­тарына кіретін кемпинг құры­лысын салу жоспарына қатысты қандай кедергіге тап бол­ғанын да айта кету керек. Себебі, бұл жалпы осы жұмысқа қатысты ахуалдан хабар беретін бір мысал. Кәсіпкер алға қой­ған мақсатын орындау үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберіне тиісті құжат тапсырыпты. Әйтсе де, ол жоғары жақтағы өкілетті ұйымдардан «Ақтөбе облысында мұндай жоба қарастырылмаған» деген жауап алған. Мәселенің ақ-қарасын айыра келгенде аудан­ сәулетшілерінің жол бойы сервисі жобаларына немқұрайлы қарайтыны анықталды. Осы­лайша, шалғай ауданнан құжат тапсырған кәсіпкердің бастап­қы жобасы өтпей қалды. Облыс­та алдағы уақытта мұндай олқы­­лықтарға жол берілмеуі үшін аталған санаттардағы сер­­вис­тік жобалардың үлгісі аудан­дарға жіберілетін болды. Об­лыс орталығындағы әлеуетті кәсіп­кер­лерді жол бойы сервисі нысандарын салуға және олардың Қара­ғанды облысындағы секілді қанат­қақты жобаға қатысуға үн­дей­тін бастамалар да қолдауға тұрар­лықтай.

Түйіп айтқанда, Ақтөбе облысында жол бойы сервисінің жаңа нысандарын ұлттық стандарттарға сай тұрғызу ісі кезек күттірмейді. Сондай-ақ аты бар да, заты жоқ кемпингтерді де осы өлшем мен деңгейге қайта лайықтап салудың да маңызы ерекше. Бұл ретте жаңа істі бастауға бел буған бизнесмендер түрлі санаттағы нысандар жобасын «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-мен бірлесіп жасауға тиіс.­ Басты мақсат – жол бойы сер­висі нысандарының ұлт­тық стандарттарға сәйкес келуін қам­тамасыз ету. Ал жер телім­дерін беру мәселесі тиісті инфрақұ­рылымдық желілердің даму дең­гейіне қарай шешімін тауып жатса, бұл іс оңға басатыны сөзсіз.

Бұл үшін тиісті талдаулар мен сараптамалар жүргізілгені жөн. Соның шеңберіне соңғы стан­дарттағы «А», «В», «С» және «Д» санаттары енгізіліп, сервистік нысан­дарының қай жерге салынатыны және әрқайсысының арасы қанша шақырымды құрайтыны анықталса, іс нәтижелі болмақ. Өңірлердің табиғи ерекшелігі де ескерілуге тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі, Ақтө­бе облысында туризмді дамыту ісінде шешімін таппаған мәсе­­лелер жеткілікті. Жол бойы сер­вистерін жетілдіру ақсап тұрған туризм саласының да төрт аяғын тең басып кетуіне үлесін қосады.

 

АҚТӨБЕ