Қоғам • 02 Қыркүйек, 2019

Дүние кең, көңіл тар

582 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниенің кең екені белгілі. Галак­ти­ка­лар­ды былай қойып, өзіміздің Жер планетасын алсақ, әлі қаншама игерілмеген жерлер бар. Тіпті Қазақстанның өзінде әлі де көптеген жерлер адам игілігіне аспаған күйінде бос жатыр. Егер пойызбен немесе кез келген автокөлік түрімен Нұр-Сұлтаннан Алматыны бетке алып шықсаңыз, ілеуде бір кездесетін қалалар мен елді мекендер, көзге шалынатын егістік алқаптар болмаса, жалпы даланың бос жатқанын байқайсыз. Әрине бұл жерлер мал жайылымдары саналатыны және теміржолдың бойындағы әрбір жер телімінің иесі бар екені белгілі. Бірақ сөйте тұра ауқымды бөлігінде тіршілік белгісі байқала бермейді. Жайылып жүрген малдың өзі сирек кездеседі.

Дүние кең, көңіл тар

Демек, жалпылама түсінік бойынша дүние кең. Қазақтың маңдайына біткен жер көлемі бойынша да дүние кең. Оның үстіне, діни наным-сенімдер, ата-бабаларымыздың дүниеге халықтық көзқарасы, оны білдіретін нақыл сөздері бойынша да Алланың жаратқан дүниесін тар деп айтуға келмес.

Бірақ қазіргі адамзат пиғылына, адам баласының пендешілік іс-әрекеттеріне қарап, дүниені кең деуге келмес. Қазір біз өмір сүріп жатқан нарықтық қоғам, анығырақ айтқанда, оның түп атасы болып табылатын XVI-XVII ғасырларда Батыста орныққан өнеркәсіптік капитализм адамның қанағатсыз көңіліне және соған сай туындайтын іс-әрекетіне заңды түрде ерік берді. Капитализм идеологы атанған экономист Адам Смит осы қанағатсыз көңілдің жер бетінде материалдық байлықты жасайтынын теориялық тұрғыдан шегелеп берді. Материалдық игілікті жасауда, көбейтуде жеке адамға берілген шексіз еркіндік және осы еркіндіктің мемлекет тарапынан қатаң қорғалуы көп өтпей-ақ капиталдың қорлануын туғызды. Жер бетіндегі алғашқы миллионерлер, миллиардерлер осылай пайда болды. Ал бұл құбылысты саяси тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан, заң тұрғысынан да қолдаудың үлкен бір себебі – капиталистік өндірістік қатынастар орныққан елдерде өнеркәсіптің жедел дамуы, қалалардың өсуі еді.

Капитализмнің басты сыншысы Карл Маркстың өзі бұл қоғамның әділетсіздігін аяусыз сынағанымен, адамзатқа берген жемісін де жеріне жеткізе айтқан еді: «Буржуазия тарихта бірінші рет адам қызметінің қандай биікке шыға алатынын дәлелдеп берді. Ол барлық ұлттарды өркениетке қарай ұластырды. Әлем халқының елеулі бөлігін ауыл өмірінің нақұрыстық артта қалушылығынан жұлып алып, үлкен қалаларды өмірге әкелді. Ол өзінің 100 жылға жетпейтін қызметінің негізінде адамзаттың бұрынғы барлық ұрпақтарының бәрінің қосып істегеніне қарағанда, неғұрлым көп дүниені өмірге әкелген аса зор өндірістік қатынастарды жолға қойды».

Маркстан кейінгі капитализм байлықтың жеке адамдарға шоғырлануы жөнінен оның болжамдарын расқа шығара отырып, жеке елдер шекарасынан шықты. Трансұлттық компанияларды құрды. Инвестициялар арқылы басқа елдердің табиғат байлығына қол салды. Сол елдерден өндірістер, жұмыс орындарын ашты. Соңында бүкіл дүниенің байлығы санау­лы ғана адамдардың қолына ауды. Міне, осыны көре отырып, біз қалайша дүниені кең деп айта аламыз?!

Егер дүние кең болса, соғыс болар ма еді? Адамзатты, барша тіршілік иелерін қынадай қыру қарулары жасалар ма еді? Дүниені еркін жайлаған жыртқыш жануарлардың өзі ормандардан қуылып, хайуанаттар бағынан орын алар ма еді?!.

Осының барлығы дүние кең болғанымен, Жер әміршісі – Адам көңілінің тар екенін білдіреді. Ал көңіл тар болған жерде дүниенің кеңдігінен не пайда?!

Біз оқыған диалектикалық материализмнің (қазіргі жастарға қандай философия оқытылып жүргенін білмейміз) негізгі заңдылықтары да адам және адамзат өмірінің күреске арналатынын білдіретін. Ол заңдардың аттары «Қарама қайшылықтардың бірлігі мен күресі», «Теріске шығаруды теріске шығару» болып келетін. Егер дүние кең болса, адамзат неге өз өмірін күреске арнауға тиіс?!

Қазір көптеген жастардың дінге бет бұр­ға­нын байқауға болады. Мұны жамандық деп айта алмаймыз. Бәлкім қоғам түптің түбінде осы арқылы тазарар. Бірақ сол жастардың дінге бет бұруы дүниенің кеңдігінен тумағаны анық. Дінге бет бұрғандардың бәрі қараңғы адамдар емес. Олардың қатарында қолында бірнеше дипломы бар жастар да жүр. Бәлкім олардың біраз бөлігі дінге мына тар дүниеден көңілдеріне сая тауып, жан тыныштығын сақтау үшін барып жатқан шығар?! Өйт­ке­ні діннің қазіргі буырқанған өмір мен қоғам заңдылықтарынан бір ерекшелігі – қана­ғат­шыл­дықты насихаттайтындығы.

Қоғамда ашынған, ашуға булыққан адамдар көп. Сіркесі су көтермеушілік жиі байқалады. Әйтпесе дүние де, қазақтың көңілі де кең еді ғой. Бірақ олар қазір бір бірімен бұрынғыдай үйлесе алмай тұр.