Әлем • 05 Қыркүйек, 2019

Ресейде оқыған қазақ өнерпаздары мұрағатын түгендеуге не кедергі?

496 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғалы төл тарихымызға қызығушылық артып, өткен күндердің талай қатпарлы беттері ашылды. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар түзіліп, алыс-жақын шетелдердегі баға жетпес құнды мұраларымызбен қауыштық. Кеңестік дәуірдің идеологиялық көзқарасына қайшы келетін небір құнды құжаттар мен рухани әлемімізді байытатын мұраларымыз еліміздің, халқымыздың мәдени-рухани айналымына қайта еніп, көптеген жаңалықтың беті ашылды десек те, әлі де толыққанды игерілмей жатқаны қаншама? Кеңес Одағы тұсында Ресейдің айтулы білім ордаларында Қазақстаннан кімдер оқыды, белгілі тұлғалардың шетел архивтерінде сақталған құжаттарына қол жеткізуге не кедергі болып отыр? Ресей архивтеріндегі осы және басқа да өзекжарды мәселелер туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді МҰҚАН баяндайды.

Ресейде оқыған қазақ өнерпаздары мұрағатын түгендеуге не кедергі?

– Еліміздің өнері мен мәде­ниетіне байланысты сондай деректердің басым бөлігі Мәс­кеу мен Санкт-Петербургтің (Ресей) мұрағаттары мен мұ­ражай­ларында сақтаулы. Өйт­кені бұл қалалар ХХ ғасыр­дың 30-40-жылдарында Қазақ­станның саяси-мәдени дамуы­на ерекше әсер етті және ма­ңыз­ды рөл атқарды. Бүгінгі тә­уелсіз еліміздің кәсіби өнері мен мәдениеті саласындағы зор жетіс­тіктеріміз сол кезде орыс-кеңес мәдениетінің ықпалымен іргесі қаланып, биік белестерді бағындырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген көптеген талантты қазақ жастарының тағ­дыры, студенттік өмірі мен шығармашылығы осы қала­лармен, ондағы ірі өнер ордаларымен, ЖОО-мен тығыз бай­ла­нысты еді. Қазақ өнері мен мә­дениетінде есімдері ерекше аталатын Мұқан Төлебаев, Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бей­секова, Асқар Тоқпанов, Ха­диша Бөкеева, т.б. көптеген таланттар шоғыры осы қалаларда өнер-білімге сусындап, үлкен шығармашылыққа жолдама алды. Мұндайда қарапайым қа­зақтың қара домалақ балалары дамыған, еуропалық үлгідегі елден не үйренді, кімдерден тәлім-тәрбие алды, кімдермен сырлас-сыйлас болды, өнер жолында қандай жетістіктерге қол жеткізді деген сипаттағы сан түрлі сұрақ­тың қойылуы заңды. Белгілі өнер май­талмандарының естелік-эсселерінде олардың жалын ат­қан жастық шағы сағынышпен, ерекше сезіммен еске алына­ды. Бұл жазбалар арқылы олар­дың кәусар шағы жайында аз­ды-көпті мағлұматымыз бар. Асқар Тоқпанов пен Кәукен Кен­жетаев ағаларымыздың сту­денттік кездері туралы ғибратты әңгімелерін өз ауыздарынан ес­тіп, жазбаларын құныға оқы­дық. Мұнда олардың Мәскеу мен Ленинградтың (Санкт-Петербург) кәсіби өнерге бау­литын айтулы білім ордалары – консерватория мен театр­ инс­титутында оқып жүрген кез­деріндегі небір қызықты оқи­ғалары баяндалады, орыс тілін жетік білмеуден өмірде көп қиналғандығы және сол тығырықтан шығу ерліктері тәнті етеді. Жоғарыда аттары аталған тұлғалар – қазақ ұлттық өнері тарихында есімдері алтын әріппен жазылып, ел аманатын абыроймен орындап қайтқандар.

Ал енді қазақы тәрбиемен өскен қалған саңлақтарымыз жай­лы не білеміз? Олардың рухани орталықтағы жастық кезеңі несімен ерекшеленді? Өнер бәсекесіндегі бәсі қалай болды деген мәселені қаузай түс­сеңіз, мұрағатқа иек артпай тұра алмайтыныңыз анық. Өт­кен ғасырдың 30-шы жылдары Ре­сейге Қазақстаннан білім қуып барған өнерлі жастарды түгендеу барысында олардың нақты санын білмей, дал болғанымыз рас. Май­талман аға-апаларымыз жайлы мұндай тың деректер бізге болмағанмен, кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ауадай қажет деп санаймыз. Сол үшін Мәскеу мен Санкт-Петербург қалалары білім ордаларының архивтерін бетке алуымызға тура келген.

Шын мәнінде адам үшін оқу орындары қабырғасында өткен кезең мен кәсіби шеберлікке бау­литын ортаның ықпалы орасан зор болмақ. Тарих пен ел руханияты үшін бір жапырақ қағаздың өзінің маңызы ерекше. Біздің қазіргі іс-әрекетімізді құрақ көр­пені өрнектеген шебердің тіршілігіне ұқсатамын, өйткені қазақ өнерінің өткен ізі мен белгі-бедерін қайта қалпына келтіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл қазақ кәсіби өнері мен мәдениетінің негізін қалаушы шоғыр алдындағы азаматтық парызымыз саналады. Сондықтан Қазақ ұлттық опера студиясының оқу-шығармашылық бағдарла­масымен танысуды, құжаттарды тірнектеп жинақтау мен зерт­теуді мақсат тұттық. «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында архив құжаттарын бүгінгі таным тұрпатында қайта сұрыптап, жаңаша сараптауымыз қажет. Әрі бұл екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты дамытуға қозғау салатын іргелі құнды еңбек болмақ.

Осыған орай өткен жыл­ғы қазанның 1-5-і күндері аралы­ғында Мәскеу қаласына арна­йы іссапармен барып, П.И.Чай­ковский атындағы Мәс­кеу мем­лекеттік консерваториясы­ (ММК) архивінде болдық. Мақсат қазақ өнері мен мәдение­тінің бірегей тұлғалары білім алған оқу орындарымен шығар­ма­шылық байланыс орнатып, аға буын ұрпақтың өмірі мен шығармашылық із­де­­ністері туралы толығырақ мағ­лұмат жинақтау болатын. Ресей астанасындағы архив пен мұражайларды осы аралықта толық аралап, ресми мекемелердің құжаттарымен жете танысу мүмкін емес еді. Десек те осы ниетіміздің өзін істің басы деуге толық негіз бар. Енді осы бастама әрі қарай қалай жалғасады, ол үшін не істеуіміз керек? Әңгіме – сонда.

Жолға шығудан екі апта бұрын ММК архивінің меңгерушісі Т.Н.Трушковаға алдын ала ресми хат жолдаған болатынбыз. Онда өзімізге қажет құжаттардың тізімін, тағы да басқа тың дерек көздерін көрсетуді сұрадық. Алайда консерваторияның архи­вінен қажет құжаттарға қол жет­кіземіз деп аптығып барған көңіліміз алғашқы күні-ақ су сепкендей басылды. Мұнда ІІ дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі оқыған санаулы-ақ студенттің жеке іс-қағаздарынан басқа Қазақ ұлттық опера студиясы атты оқу бөлімшесі жайлы құжат атымен жоқ болып шықты. Бүгінгі таңда мұрағат сандық форматқа көшіріліп, осы бағытта біраз жұмыстар істеліп жатқан көрінеді. Бірнеше бумадан тұратын түрікмен, қырғыз, татар, өзбек студияларының құ­жаттары бар да, ал осы үлгіде кө­реміз деп үміттенген қазақ студиясының құжаттары табылмады. Туыстас ұлттық студиялар құжаттарының жып-жинақы сақталып, керісінше қазақ студиясына қатысты мате­риалдардың ұшты-күйлі жоғалып, табылмағаны бізді қатты ойға қал­дырды. Архивтегі дерек жа­зылған тізім мен тір­кеу журналдарын бірнеше бағытта мұқият қарастырып көргенімізбен нәтиже шықпай салымыз суға кетті. Бар тапқан олжамыз – 1936-1939 жж. ара­лығында консерваторияға сту­дент болып қабылданған қазақ­стандық 29 студенттің жеке бастарына қатысты іс-қағаздары ғана. Бұлар – оларға берілген әртүрлі бастауыш, арнаулы орта білімі туралы анықтамалар, Қазақстан оқу-ағарту комиссариатының арнайы комиссиясы шешімімен талапкердің Мәскеу консерваториясына жолданғандығы жайлы анықтамасы, жол қаражаты мен тамағына деп бөлінген қаржы мөлшері, консерваториядағы Қазақ ұлттық опера студиясының директоры атына оқуға қабылдау туралы өтініштері, оқу үлгерімі, сабаққа келмеуі, үлгермеуі жайлы түсінік хаттар, ескертпелер, денсаулығына байланысты, қорытынды бағалары жайлы т.б. анықтамалар. Бұл да болса аз олжа емес деуіңіз мүмкін. Со­лай бола тұра, бұл сондағы өзге ұлттық студиялардың іс-қағаз­дары сияқты қомақты, толық папка емес, жекелеген адамдардың құжаттары ғана. Тізімдегі студия шәкірттерінің басым бөлігі әртүрлі себептермен (денсаулығы, отбасылық, жұмыс бабымен, кәсіби біліктілігі жетпей т.б.) оқуды аяқтамаған. Сол себепті ол құжаттар арқылы Қазақ ұлттық опера студиясының жұмысы жайында толыққанды ақпарат алу мүмкін емес еді. Ал біз жо­лығып әңгімеге тартқан архив қызметкерлері «барымыз осы» деуден басқа түк айта алмады. Өкінішті-ақ! Әйтпесе қазақстандық қаншама талантты жас мұнда білім алды емес пе? Бұл не сонда, студия жұмысының салғырттығы ма, әлде басқа себебі бар ма?!

Алайда қазақтың танымал композиторы Мұқан Төлебаев­тың жеке папкасын алып келгенде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Композитордың консерватория­да соғыстан кейінгі жылдары оқыған құжаттары ғана екен. Сол сияқты 1936 жы­­лы Мәскеуде оқыған, со­ғыс басталған соң май­данға кет­кен немесе елге орал­ған ал­дың­ғы лектегі танымал тұл­ға­ла­рымыздың папкаларын да кө­ре алмадық. Бұлар архивтің не­­гіз­гі тізімінен де, қосалқы тізі­­мінен де кездеспеді. Соған қара­­мастан М.Төлебаевтың құ­жатын ақтара отырып зерттеу­ші­лер үшін қызықты біраз дерекке тап болдық. «Біржан – Сара» операсы үшін Кеңес Одағының ең үлкен марапаты – Сталиндік сыйлықпен марапатталып, соғыстан үзіліп қалған Мәскеу консерваториясындағы оқуын қайта жалғастыруға ше­шім шығарылады. Сондай-ақ­ республикалық деңгейдегі түр­лі маңызды іс-шараларға қа­ты­суына байланысты өзінің са­баққа, сынақтарға дер кезінде қа­тыса алмауына байланыс­ты емтиханды кейінге шегеру туралы, стипендия­сын қал­ды­руды сұраған өтініш хаттары мен республиканың ресми басшылары атынан консерватория басшылығына жолданған жеделхаттар табылды.

Қолымызға тиген құжат­тардың бәрін біртіндеп қарап шықтық. Уақыт өте сарғайған, бүктесең сынып кетуге шақ тұрған қағазда тұтас бір адамның ғұмыры жайлы сыр шертер құнды деректер тізілген. Студенттердің жеке іс-құжаты сақталған 1936 жылғы папкаларды ақтарғанда толқып кеттік, сан түрлі тағ­дыр­ иесімен тілдескендей күй кеш­тік. Сонау жылдар еле­сі көз алдымызда көлбеп, қа­зақ­стандық студенттердің бей­мәлім ортаға бейімделуі мен консерваторияның күрде­лі оқу бағдарламасына, шығармашы­лықтың қыр-сырын игерудегі талпыныстарына қанықтық. Арасында өрімдей талантты қыз-жігіттердің 2-3 жыл оқып, кейін кәсіби әншілік өнерге «жарамай», қайраңға соғылған қайықтай қираған ауыр тағдырлары да жолықты. Алақандай қағазда алмағайып тағдырлар бейнесі сынаптай сырғиды. Мәскеу консерваториясына қабылданған біреу­лері оқуға елден кешігіп келе алмай жатса, енді бірде траге­диялық сәттерге куә боласың. Солар­дың ішінде Қазақ ұлттық опера студиясының бөлім мең­герушісі Л.Берманның 1938 жылы 23 қарашада ҚазССР уәкілі (Полпредство) Корябкинге жазған хатындағы: «22-го ноября умер ребенок студентки Казахского отделения МГК Уралбековой. Родители ребенка подозревают, что он отравлен сожительницей по комнате гр. Мельниковой. В настоящее время выяснением обстоятельств смерти ребенка заняты органы Уголовного Розыска», – дей келіп, – «Прошу Вас оказать материальную помощь студентке Уралбековой для похорон ребенка» – деген жолдарды оқығанда жан түршікті. Консерваторияда оқып жүргенде өзін әртүрлі қырынан таныта алған белсенді студент Жұматай Ақатовтың өз еркімен оқудан кететінін сұрап консерватория директоры (ректоры) В.Н.Шацкойға жазған өтініш хаты да назар аударарлық. «Я убедился в том, что у меня только лишь посредственные музыкальные способности, что далеко недостачно для посвяще­ния себя музыкальной науке. Тем более я имею большую способность по драматической линии. Это показал конкурс Московских чтецов, где я занял не последнее место. Вот, теперь я хочу, да и необходимо перейти в эту отрасль искусства, ибо даль­нейшее оставание в стенах консерватории – считаю бесполезным и для себя и для государства»,  делінген әлгі қағазда. Бұдан өз қабілетін түрлі салада сынап көрген жастың мамандық ауыстыруға біржолата бел шеш­кенін көреміз. Әр студенттің іс-қағаз папкасынан осындай өмір­лік маңызы бар детальға толы деректер, студенттердің оқу үдерісі кезіндегі вокал, фортепиано т.б. арнайы музыкалық пәндер бойынша оқытушымен қарым-қатынасы, жатақханадан орын алуға, денсаулығына, сабаққа келмеуіне байланысты анықтама қағаздары, жеке бастарының проб­лемалары сынды қилы-қилы қисындар кезігеді. Алматыда көп талапкердің ішінен таңдалып оқуға жіберілген жастарды Үкімет қараусыз қалдырмаған. Барынша қолдау білдіріп, оқу үлгерімін бақылап отырған. Алайда соған қарамастан кейбір үлгерімі нашар студенттерді оқудан шығару фактілері де арагідік көзімізге шалынды.

Консерваторияның Қазақ ұлттық студиясы негізінен опера сахнасы әнші-орындаушыларын дайындады. М.Төлебаев секілді таланттар бірер жылда-ақ көп еңбектенуді талап ететін музы­ка теориясы және композиция бөліміне ауысып кетті. Ал опера әншісіне тән дауыс мүмкіндігі жоқтар хор дирижері немесе музыкатану секілді теориялық мамандықтарға ауысуға мәж­бүр болған екен. Бірақ ол ма­ман­дықтарға арнайы комиссия алдында сынақтан өтіп барып ауысуға рұқсат етілген. Хор­мейстер, му­зы­катанушы­ ма­­мандығына қажет талап дең­­гейінен көріне алмаған жас­тарға оқуларын Алматы музы­калық техникумында аяқ­тауға мүмкіндік беріліпті. Кон­серваторияда оқыған 3-4 жылда музыкалық пәндерді жақсы меңгерген студенттердің алды Алматы музыкалық техникумына арнайы музыкалық пәндердің оқытушылары болып жұмысқа орналастырылды. Сонымен бір­ге музыканттардан гөрі драма театрына, актерлік немесе режис­сураға ыңғай танытқан Ж.Ақатов секіл­ді жігіттер мен қыздардың Мәскеудегі екінші ірі оқу орнына ауысуы да ішінара кездесіп қалып жатқан.

Ресей театр өнері академия­сы (РТӨА) (бұрынғы Луначарский атындағы ГИТИС) өнер сала­сындағы мамандарды даярлайтын танымал ЖОО болып саналады. Шығармашыл талай дүлдүлге жолдама берген бұл институттың қазақ сахна өнері үшін орны алабөтен. Оқу орны 1935 жылдан бері қаншама талантты сахна шеберлерінің қанатын қатайтып, қазақ драма театры мен кино өнерін кәсіби білікті режиссерлермен, актерлер мен балетмейстерлермен қамтамасыз етті. Сондықтан біз де осы жерден іздеген жоғымызды табуға ниеттендік. Академияның шаң басқан архивінде Қазақстанға қатысты құжаттардың болуы әбден заңды да. Өйткені бұл жер­ден түлеп ұшқан танымал қайраткерлер аз емес. Олар – осын­да майталман әртістер мен педагогтерден оқып, қазақ кәсі­би сахна өнерінің тарихын жасаған тұлғалар. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланыс­ты РТӨА архивіндегі мұрағатқа қол жеткізе алмадық. Жалпы мәселелер бойынша проректор Георгий Викторович Тарасовтың қабылдауында болғанда осы мәселені алға тарттық. Академия архивінде жүйелі жұмыстың жоқтығынан мұрағаттық құжат­тар буылып-түйілген күйі сөре­лерде жатқан көрінеді. Сандық форматқа көшірілмеген. Ол бізге өткен ғасырға тиесілі құжат­тарды дәл қазір алу мүмкін еместігін жеткізді. Проректор Қазақ­станның Ресейдегі елші­лігімен тығыз байланыста екен­дік­терін, елшілік тарапынан өтініш жазылса, бұл іс шешімін табатынын жеткізді. Бізге оның идеясы өте ұнады және көп ұзатпай Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке Мәскеу мен Санкт-Петербургтің архивтік қорындағы Қазақстан мәдениеті мен өнеріне қатысты мате­риал­дарға қол жеткізуге кө­мек­тесуін сұрап, Институт ди­ректоры аты­нан жазылған өтініш хат елші­ліктің электронды поштасына жіберілді. Әзірге соның нәти­жесін күтіп жүрген жайымыз бар.

Ресей астанасындағы құнды құжаттардың көшірмесін алу тұтастай алғанда, қазақ кәсіби теа­тры мен музыка өнерінің негізін қалаушы дара тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын танып білуге, қосымша деректерді ашу­­ға көп көмек болар еді. П.И.Чайковский атындағы Мәс­кеу мемлекеттік консерваториясы, Ресей театр өнері академия­сы және Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының (ЛГИТМК) архи­вінде сақталған қазақ сахна өнері мен өнерпаздарына қатысты құ­жаттарды ғылыми айналымға енгізу – уақыт талабы. Бұл іс келешек мамандар үшін де баға жетпес байлық ретінде құнды деп білеміз. Сондықтан бізге қазір ресми мекемелер мен белсенді азаматтардың қолдауы мен көме­гі ауадай қажет болып тұр.

 

Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»