Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2019

Әйел атқа ер салса...

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысында ауыл әйелдерінің форумы өткізіліп, онда ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл әйелдері мен қыз-келіншектерінің қоғамда алатын орны, оларды қоғамдық-саяси, мәдени өмірдің әр саласында, орта және шағын бизнесте қолдап, жұмысқа орналастыру тәрізді өзекті мәселелер талқыланды.

Әйел атқа ер салса...

Форумға Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты Майра Айсина, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шайымова, «Жасыл» экономика және Global дамыту коалициясы» заңды тұл­ға­­лар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова және Ақмола облысы әкімінің орын­­басары Айна Мысырәлімова қа­тысты. Осындай шара облыста екінші рет өткізіліп отыр. Оны «Coca-cola» халықаралық қоры мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мографиялық саясат жөнін­де­гі ұлттық комиссияның қол­да­уымен Ақмола облысының әкім­дігі, G-Global Халықаралық хат­шылығы, «Жасыл» экономи­ка және Global-ды дамыту коалициясы» және «Қазақстан әйел­дерінің аграрлық одағы» бірлес­тік­тері ұйымдастырды.

Мәжіліс депутаты Майра Айси­на бүгінде ел тұр­ғын­да­рының 52, нұр­отан­дық­тардың 56 пайызын нәзік жандылар құрайтыны жайлы деректерді келтірді. Әйелдер қай салада еңбек етсе де, белсенділік танытуда. Nur Otan партиясының сайлау­алды бағдарламасы «Әр халықтың өмірінде өзінің нағыз ұлттық болмысын, ұлттық намысын көрсететін кезең келеді» деген мағыналы сөздермен басталады. Менің ойым­ша біз, әйелдер қауымы осы сөздерге мән беруіміз керек. Бүгінде экономика саласында әйелдердің рөлі айрықша. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының тұжырымы бойынша сұлулық әлемді ғана емес, жаһандық экономиканы да құтқара алады. Мұнымен келіспеу мүмкін емес. Қазіргі таңда еліміздегі еңбекке қабілетті 9 миллион адамның шамамен 40 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Ішкі жалпы өнімнің әрбір үшінші бөлігін солар шығарады. Сол себепті әйелдердің әлеуетін мейлінше көбірек қолдана білуіміз керек. «Coca-cola» халықаралық қоры 2020 жылға дейін әлем бойынша 5 млн-ға жуық жұмыссыз әйелді оқытуды қолға алды. Солармен бірлесіп, жеті жылдан бері ауылдық жерлерде тұратын 11 мыңға жуық жұмыссыз әйелді кәсіпкерлік негіздеріне оқыттық. Біразына өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант бөлінді, – дей келе, Майра Арапқызы «Ауыл – ел бесігі» жобасына тоқталды.

Форумда ауылдарға «жасыл» технологияларды біреу әкеліп енгізеді деп күтіп отырмай, тұрғындар өз күштерін, қабілеттерін пайдаланып, үйде, мектептерде қолдануға болатыны кеңінен сөз болды. Әсіресе Аршалы ауданына қарасты Арнасай аулында ашылған «Жасыл» технологиялардың ұлттық академиясы» орталығы жайлы көптеген оң мысал келтірілді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. «Ауылым – алтын бесік» деп білетін тұрғындар үшін бұл жобаның орны ерекше. Осыған сәйкес облысымызда нақты істер қолға алынды. Бүгінде Аршалы, Астрахан, Зеренді аудандарында бағдарлама аясында кешенді жұмыстар басталды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Өңірде мемлекеттік басқару органдарында еңбек ететін әйелдердің үлесі артып келеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 276 депутаттың 70-ін нәзік жандылар құрайды. 532 жергілікті атқарушы органның 147-ісінде әйелдер басшылық қызметтерде. 56 әйел ауылдық округтердің әкімдері болып қызмет етуде. Шаруа қожалықтарын басқарып отырған әйелдер де бар. Шамамен 400 әйел «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Биыл 662 әйел кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған.

Форумға арнайы келген басқа да меймандар өз ойларын ортаға салып, «Ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, бюджеттің төртінші деңгейі» тақырыптарын пленарлық отырыстарда кеңінен талқылады. Аудандардан келген қатысушылар министрлік өкілдеріне толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

 

Ақмола облысы