– Митра мырза, Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдері қаламгерлерінің форумы алғаш рет ұйымдастырылды. Жалпы, іс-шараның бағыты, маңызы туралы айта кетсеңіз?
– Ең әуелі осындай керемет форум ұйымдастырып жатқан Қазақстан тарапына зор алғысымды білдіргім келеді. Алқалы жиынға Азияның беделді жазушылары жиналды деп айтуға толық негіз бар. Осы тұрғысынан алғанда бүгінгі шараның маңызы зор.
Меніңше, мұндай форумның маңызы мынада. Бұған дейін сары құрлықтың жазушылары жеке-дара жүрсе, енді бір шаңырақтың астына жиналды десек артық айтқанымыз емес. Мұнда біз өзара пікір алмасып, көзқарастарымызбен бөлісіп, жаңа идеялар алып, шабыттанамыз. Бәлкім, ортақ жобалар жасап, жазылған шығармаларды Азия елдерінің тілдеріне аудару мәселесін де шешіп қалармыз. Егер осыларды жүзеге асыра алсақ, бүгінгі форумның мақсаты орындалды деп айтуға толық негіз бар.
Мен үшін де бүгінгі шараның мәні ерекше. Ел көріп, әріптестеріммен тілдесіп, білім көкжиегімді кеңейте түсемін. Пленарлық сессияда сөйлеген сөзімде 2000 жыл бұрынғы көне дәуірге негізделіп жазылған шығармам туралы айтқанмын. Ондағы оқиға осы Ұлы Жібек жолы бойында өрбіп, қазақ даласын қамтиды. Алайда мен шығармамды оқыған-тоқығанымды елестете отырып жазған болатынмын. Бүгін, міне, Ұлы даланы көзбен көріп отырмын. Бұған, әлбетте, өте қуаныштымын.
– Ендеше, алдағы шығармаларыңызға азық болар біраз дүние жинап үлгерген шығарсыз?
– Әзірге қоржыным аузы-мұрны шыға толды деп айта алмаймын. Бірақ қазірдің өзінде көптеген мағлұматтарға қанық болып, тың идеялар таптым. Форум жұмысы үш күнге созылады ғой. Осы уақыт аралығында ұзаққа жететін дүние жинап қайтамын деп ойлаймын. Елге оралған соң, осында көрген-түйгендерімді ой елегінен қайта өткізіп, шығармаларыма құнар болатын тың тақырыптарды табатыныма сенімдімін. Қазақстан және оның өткен тарихы сол туындылардың бір бөлігінен ойып тұрып орын алатынына сөз беремін.
– Білуімше, сіздің шығармаларыңыз негізінен аңызға, мифтерге негізделген екен. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиеті аңыз-әңгімелерге өте бай. Солармен танысудың сәті түсті ме?
– Өткен ғасырда Калькуттаның бірқатар жазушылары Кеңес өкіметі құрамына кіретін елдердің аңыз-әңгімелерін бенгал тіліне аударған болатын. Соларды іздеп жүріп оқығанбыз. Сол кезде қазақ әдебиетінен аздап мағлұмат алған едім. Оның үстіне, ғарышқа ұшқан алғашқы спутник қазақ даласынан көкке көтерілгенін бала кезден естіп өстік. Бұрын атын ғана естіген елді көзбен көріп отырмын. Қазақ аңыздарына тереңірек қаныққан сайын тезірек жазу үстеліме отырып, қаламымды қолға алуға асыға түсемін.
Кезінде қазақ елі мен үнділердің байланысы болғаны тарихтан белгілі. Бабыр ханның тұсында, Алтын орданың кезінде қарым-қатынасымыз тығыз болған. Келешекте осы бағытты қамтитын роман жазу ойымда бар. Бұған дейін қазақ халқын көзбен көрмегендіктен, шынайы түсінік қалыптаспаған еді. Осы сапардан кейін көп жайға қанықтым деп есептеймін.
– Қарап отырсақ, Нобель сыйлығын алған Азия жазушылары сирек екен. Мұның басты себебі не? Жалпы, Азия құрлығының жазушыларына тән ортақ қандай мәселе бар?
– Негізі әр жазушыға байланысты олардың кемшіліктері, артықшылықтары болады ғой. Әйтсе де, сіз айтып отырған мәселенің басты себебі сапалы аударманың жоқтығы деп есептеймін. Мысалы, Азия елдерінің жазушылары жазған шығармалар халықаралық тілдерге жиі тәржімалана бермейді. Жасалған аудармалардың бәрінің сапасы керемет деу қиын.
Сондай-ақ бәрімізге ортақ бір мәселе – шығармалардың өзара аударылмауы. Мәселен, қазақ жазушыларының туындылары бенгал тіліне аударылды ма? Жалпы, аударыла ма? Немесе малай тіліндегі шығарма өзбекше басылып шықты ма? Бәлкім, бірлі-екілі тәржіма жасалған шығар. Бірақ аударма мәселесін жүйелемей, бір-бірімізді танымаймыз да, әлем мойындайтын шығарма да жаза алмаймыз.
Меніңше, өзара аударманы жолға қою үшін арнайы комитет құру керек. Онда әр елден бір-бір өкілден сайланса. Солар Азиядағы ең үздік туындыларды таңдап, аударып отырса, бір-бірімізді кеңінен тани түсетін едік. Таным көкжиегіміз де кеңейетін еді.
– Форум барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия жазушыларына арналған әдеби сыйлық тағайындау қажеттігін айтты. Бұл ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?
– Президент Тоқаевтың сөзіне бәріміз сүйсіндік. Азия жазушыларына арналған сыйлық тағайындау қажет деп есептеймін. Кез келген жазушы аталған марапат иесі атануға тырысатыны сөзсіз. Сондықтан бұл ұсынысты бүкіл жазушылар бір ауыздан қолдайтыны анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»