Естеріңізде болса, осыдан 80 жыл бұрын 1 қыркүйекте Германияның соғыс кемесі Польшадағы Вестерплатте айлағына шабуыл жасады. Осылайша, II Дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанған еді. Кейінірек зұлматтың ауыртпашылығы артта қалғаннан соң соғыста қаза тапқан миллиондаған адамды еске алу үшін осы күнді, дәл сол жерде атап өтіп келеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, биылғы шараның бірқатар ерекшелігі бар. Біріншіден, рәсім әдеттегідей Вестерплатте айлағының маңында емес, Варшавада және Велюнь қаласында өтті. Айта кетерлігі, Велюнь де соғыс өртіне бірінші болып шалынған мекендердің бірі саналады. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Польшаның мұндай қадамының астарында Вестерплатте аймағын қазіргі билікке қарсы оппозициялық партия басқаратыны жатқанын айтады. Әйтсе де, мұндай алып-қашпа әңгімені жайына қалдырып, негізгі мәселеге оралсақ.
Бұл жолы еске алу шарасына Германияның, Словакияның, Хорватияның, Литваның, Венгрияның, Украинаның, Чехияның президенттері, Германияның канцлері Ангела Меркель, Франция мен Бельгияның премьер-министрлері, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қатысты. Жиынға Ресей президенті Владимир Путин шақырылған жоқ.
Мұның себебін Польша президентінің баспасөз хатшысы Блажей Спихальский былай түсіндірді: «Іс-шара тарихи оқиғаға арналған. Алайда шақыртуды тарихи мәліметке қарап емес, заманауи принципке сүйеніп жасадық». Ал президент кеңсесінің басшысы Кшиштоф Щерскийдің айтуынша, қонақтар тізімін түзгенде сол елдің қаншалықты халықаралық құқықты сақтайтынына, басқа елдің егемендігі мен территориялық тұтастығына құрметі қандай екеніне мән берген.
Ресейдің шақырылмағанының себебіне ел президенті Анджей Дуда да рәсімде сөйлеген сөзінде тоқтала кетті. «Еуропаның өзінде импералистік тенденцияны – шекараны күшпен өзгерту, басқа елге басып кіріп, жерін тартып, тұрғындарды қанауын әлі күнге дейін көріп келеміз. Бұған көз жұма қарау – бейбітшілік кепілі емес. Бұл – басқыншы адамдарды күшейту, олардың келешекте тағы сондай қадам жасауына жол беру» деп мәлімдеді. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастық бірігіп, мұндай әрекетке тосқауыл қоюдың қажеттігін, 2008 жылы Грузияда, 2014 жылы Украинада болған оқиғалардың қайталанбауы керек екенін атап өтті.
Соғыстың басталуына 80 жыл толғанын еске алу шарасына Ресей Президенті Владимир Путиннің шақырылмауын әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары түрліше қабылдады.
«10 жыл бұрын Польшаға келген Ресей Президентінің бұл жолы шақырылмауы күдікті көрінді. Оның шақырылмау себебі – Мәскеу билігінің 2014 жылы Украинаға тиесілі Қырымды басып алуына қатысы бар», деп хабарлады Рейтер агенттігі. Ал Al Jazeera телеарнасы Ресейдің шақырылмау себебін НАТО-ға, Еуропалық одаққа не «Шығыс әріптестеріне» кірмейтінімен түсіндірді. Ал Известия газеті В.Путиннің жиынға қатыспауы – оның әлемдік маңызын түсіргенін жазады.
Бұдан бөлек, Ресейдің іс-шараға шақырылмауының тағы бір себебі мынада. Польша билігі КСРО-ны фашистік Германиямен келісім жасасты, 1939 жылы ел аумағына басып кірді деп есептейді. Яғни, талай жыл Кеңес өкіметінің қол астында болған ел бұдан былай КСРО-ны нацизмнен азат етуші деп емес, басқыншы ретінде көретінін байқатты.
Осы орайда, КСРО тарапын фашизмнен құтқарған жоқ деп есептейтіндер қатарына Болгарияның да қосылғанын айта кеткен жөн. Осы елдің Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, Кеңес өкіметі Еуропадағы нацизммен күресуге үлес қосқанымен, «азат етуші» деген атауға лайық емес.
«Кеңес әскерінің қалқаны Орталық және Шығыс Еуропа елдерін жарты ғасыр бойы қуғын-сүргінге ұшыратып, азаматтық танымды түсіріп, экономикалық дамуды тежеп, басқа Еуропа елдеріндегі ілгерілеу динамикасына ілесуіне тосқауыл қойды» деп хабарлады.
Айтпақшы, жиынның ашылу салтанатында Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Польша тұрғындарынан, жалпы әлем халқы алдында неміс ұлты атынан кешірім сұрады. «Еуропаның басқа бұрышында ана тілімде сөйлеуге, әңгіме айтуға дәл осылай қиналған емеспін... Мен Германияның тарихи кінәсі үшін кешірім сұраймын және нацизмді айыптау – міндетіміз», деді.
Польшадағы оқиға мына нәрсені анық байқатса керек. Біріншіден, халықаралық қоғамдастық басқыншы пиғылы бар елдерді шеттетуін одан әрі жалғастыра береді. Екіншіден, бұған дейін КСРО-ның ықпалында болған елдер онымен ат-құйрығын мүлдем үзуді көздейді. Үшіншіден, Болгария, Польша секілді мемлекеттер Кеңес әскерінің фашизмді жеңуі, Еуропаны азат етуі секілді бұған дейін айтылып келген деректерді қайта қарау қажет деп есептейтінін көрсетеді.