Үкімет • 11 Қыркүйек, 2019

Ішкі жалпы өнім: Өсім 4 пайыздан асты

169 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы таныстырылды. Сондай-ақ 2019 жылғы қаңтар–тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу барысы қорытындыланды.

Ішкі жалпы өнім:  Өсім 4 пайыздан асты

5 бағыт бойынша  81 іс-шара бар

Алдымен Президенттің «Cын­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жол­дауын іске асыру жөніндегі Жал­пы­ұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы таныстырылды. Құ­жат­ты таныстырған Премьер-Минис­трдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайы­лов жобада 5 бағыт бойын­ша 81 іс-шара қамтылғанын айт­ты. Онда «Заман талабына сай тиімді мемлекет» деп атал­ған I бағыты бойынша 11 іс-ша­ра­ны іске асыру, азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңмен 25%-ға қыс­қарту, қатысушылар үшін қол­же­тімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингі өткізуге рұқсат беру көзделген.

− Әл-Фарабидің 1150 жыл­дығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар, сондай-ақ, Алтын Орданың 750 жылдығына арнал­ған іс-шаралар әзірленетін болады, − деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

ІІ бағыт − «Азаматтардың құ­қықтары мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету» бойынша сот шешімдерінің мониторингі мен судьяларды бағалауды енгізу, «Сот практикасының цифрлы аналитикасы» жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжі­рибе негізінде Әкімшілік поли­ция комитетінің жұмысын қай­та ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылады. Ә.Смайыловтың айтуынша, жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қыл­мыс­тарға, браконьерлікке қатысты жазалау­ды қатаңдату, әкімшілік әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар енгізу, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігін арттыру бойынша 6 заң қабылдау жоспарлануда. Белгілі болғандай, келер жылдың соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құ­ра­лымдарды дамыту тұжы­рым­дамасы жаңадан редакцияланып, қабылданады.

«Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» − III бағыт бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюджет заңнамасы бойынша 27 іс-шара іске асырылатын болады. Микро және шағын бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» шеңберінде жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылады.

«Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі»деп аталған IV ба­ғыт бо­йынша 18 іс-шара қарас­ты­рылған.  Бірінші вице-министр атап өткендей, «Дипломмен ауыл­ға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үйге несие беру кеңей­тіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, пе­да­гогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің ең­бекақысы ұлғаяды.

– Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады, − деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар «Қуатты өңір­лер – қуатты ел» V бағыты бойын­ша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, жер­гілікті атқарушы органдарды баға­лау жүйесі қайта қаралатын бола­ды, үш ірі қала әкімдіктерінің құзы­реті кеңейтіледі, тұрғын үй бағдарламалары оператор­лары­ның саны қысқартылады, Парламент жанынан заңнаманы зерттеу институты құрылады.

Ә.Смайылов келтірген мәлі­метке сүйенсек, «Сарыарқа» ма­гистральды газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға берілмек.

− Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Мемлекет бас­шы­сының Қазақстан халқына Жол­дауында қойылған барлық міндеттерді және сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, − деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

 

Көрсеткіші төмен салаларға мән беріледі

Күн тәртібінде қаралған екін­ші мәселе биылғы 8 айдың қоры­тындысы бойынша әлеумет­тік-экономикалық даму көр­сет­кіштері мен республикалық бюд­жеттің орындалуына арналды. Тақырыпты тарқату үшін Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев баяндама жасады. Р.Дәленовтің айтуынша, 8 айда  ІЖӨ-нің өсуі 4,3%-ға дейін жеделдеді.

– Экономика өсімінің бас­ты факторлары инвестициялық бел­сенділік пен нақты сектор өн­ді­рісінің ұлғаюы есебінен болып отыр, – деді Р.Дәленов. Ин­вес­­­ти­циялардың өсімі 10,7%-ды құрады. Ең жоғары инвести­циялық өсім ауыл шаруашылы­ғында, құ­ры­лыста, саудада және өнеркәсіпте бай­қалды. Белгілі болғандай, жыл­дық инфляция нысаналы дәліз шегінде сақталып, 5,5%-ды құрады, – деді министр. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісі ағым­дағы жылғы 8 айда 3,2%-ға дейін артты. Өсу қарқындары бо­йынша өңдеу өнеркәсібі кен өндіру өнеркәсібінен озық. Оның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, сусындар өндіру, фармацевтика салалары көш ілгері тұр. Кен өндіру өнеркәсібінде негізінен металл кенін және мұ­най өндіруді ұлғайту есе­бі­нен өсу қарқыны 3,1%-ға дейін арт­ты. Елдегі құрылыс секто­ры тұрақты қарқынмен дамып келе­ді. Орындалған жұмыстар­дың көлемі 11,8%-ға өсті. Өнер­кәсіп объек­тілерінің құрылысы, автомобиль жолдарын, газ құ­быр­ларын салу бойынша жұмыстар қарқын­ды жүргізілуде. Сондай-ақ ірі зауыттарда құрылыс-монтаж­дау жұмыстары да уақытында атқарылған.

– Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 3,6%-ға ұлғай­ды, оның ішінде өсімдік шаруа­шы­лығы – 3,9%, мал шаруашылығы 3,5%-ға ұлғайды. Ағымдағы жылғы 31 тамыздағы жағдай бо­­­йынша дәнді дақылдар себіл­ген алаңдардан 29,8%-дан астам өнім жиналды. Өнімділік гек­тарына 11,5 центнерді құрады. Экономиканың нақты сек­тор­ындағы іскерлік белсенділік қыз­мет көрсету сала­сының өсуімен сүйемелденді. Есепті кезеңде өсім 4,3%-ды құрады, – деді Р.Дәленов. Министрлік кел­тірген мәлімет бойынша қаңтар-шілде айларында сыртқы сауда айналымы 1,7%-ға яғни 53,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғай­ды. Экспорт көлемі 32,9 млрд АҚШ долларын құрады. Им­порт 20,9 млрд долларға жетті. Ұлт­тық банк төрағасы Е.Досаев 8 ай­дың нәтижесі бойынша қаржы нары­ғындағы жағдай тұрақты екенін айтты.

−Азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсеткіш бойынша 9%-ға өсті, ол инфляцияға ең көп үлес қосуда. Жылдық азық-түлік инфляциясының ша­ма­­мен 60%-ы азық-түліктің кей­бір түрлеріне, яғни – еттің 12,8%-ға, нан-тоқаш өнімдерінің және жар­­маның 12,6%-ға қымбат­тауы­на байланысты олардың ин­фля­цияға үлесі 1 пайыздық тармақ­ты құрады. Тауарлардың бұл са­наты әлемдік бағалар мен экспорт көлемінің өсу аясында қым­бат­тады,− деді Ұлттық банк басшысы.

Белгілі болғандай, азық-тү­лік­ке жатпайтын тауарлар бағасы бір жылда 5,7%-ға өскен. Ақылы қызметтер бағасының жылдық серпіні тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейде қалып отыр 0,8%. Биыл фис­калдық ынталандырудан бо­ла­тын инфляцияға қосымша үлес­ті 0,5% тармақ мөлшерінде ба­ға­ланады. Ағымдағы жылдың соңы­на инфляция 5,7-5,8% дең­гейінде болады деп болжанып отыр.

Өз кезегінде Премьер-Минис­тр­дің бірінші орынбасары − Қар­жы министрі Ә.Смайылов респуб­ликалық бюджеттің орын­да­луы туралы баяндады. Мемле­­кет­­тік бюджеттің түсімдері есепті кезеңде 102,8%-ға орындалды. Осы­­лайша, бюджетке 8 трлн 407 млрд теңге қаражат түсті. Мем­ле­кеттік бюджеттің шығыс­тары есепті кезеңде 8 трлн 910 млрд тең­геге атқарылды − 98,3%. Олар­дың жартысынан астамы неме­се 4 трлн 856 млрд теңгесі әлеу­меттік салаға жіберілді. Бюджет тапшылығы 503 млрд теңге немесе ІЖӨ-нің 0,7%-ы деңгейінде қалыптасты.

−Кірістер бойынша (транс­ферттерді есепке алмағанда) есепті кезеңнің жоспары бюджеттердің барлық деңгейлерінде артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет кіріс өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 114,6%-ға өсті, − деді Ә.Смайылов. Атал­ған мерзімде республикалық бюд­жетке 4 трлн 363 млрд теңге кіріс түсті. 2018 жылғы 8 аймен са­лыстырғанда кіріс 118,1%-ға, яғни 669 млрд теңгеге көп. Кіріс негізінен салықтың есебінен қалыптасты. Салықтардың өсуі­не салықтық-кедендік әкімші­лен­дірудің жақсаруы және эконо­миканың өсуі себеп болды.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр А.Мамин негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары экономикалық өсім Атырау, Қарағанды, Қызыл­орда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында байқалатынын атап өтті. Үкімет басшысы Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көр­сет­кіштерінің төмендеуіне қатысты жағдайды қысқа уақыт ішінде түзеуді тапсырды.

– Өткен аптада Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқына Жол­дауын жариялады. Онда Елба­сының саясатымен сабақтастық көрініс тапты және Үкіметтің экономиканы одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар негізгі мін­дет­тері белгіленген. Үкіметтің бас­ты міндеті − ІЖӨ-нің жыл са­йынғы тұрақты өсуін қамтамасыз ету, 2025 жылға қарай оны 5% жә­не одан да жоғары деңгейге жет­кізу, − деді А.Мамин. Үкімет басшысы салалық министр­ліктерге белгіленген мақсатты инди­ка­торларға қол жеткізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.