Руханият • 13 Қыркүйек, 2019

Қаттыны жұмсақ жейді

622 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан 107 жыл бұрын Саутгемптоннан Нью-Йоркке бара жатқан жолында айсбергке соғылып Атлант мұхитының түбіне кеткен «Титаниктің» су астында жатып тоза бастағаны жөніндегі хабар жақында ғана жарияланып, шартарапқа тарап кетті. Мұны аты аңызға айналған кеме туралы деректі фильм түсірмек болып, мұхит астына 4 мың метр тереңдікке түскен зерттеушілер анықтаған. Зерттеушілердің өзі сегіз елден құралыпты.

Қаттыны жұмсақ жейді

Зерттеуші Парк Стивенсонның айтуынша, кеменің ең бүлінген жері офицерлер каютасының оң жағы болып отыр. Кеме капитанының каютасы да осы тұсқа жақын орналасқан екен. Кеменің жедел тозуына әсер етіп отырған кәдімгі бактериялар.

Бактерия дегеніміз – табиғатта ең көп тараған, негізінен бір ғана жасушадан тұратын, оқшауланған ядросы жоқ, өте қарапайым зат. Бактериялар қарапайым бөліну арқылы көбейеді. Мысалы, шамамен 1 грамм қара топырақта 2-3 млрд, 1 грамм құмды топырақта 150 мың бактерия болады. Адам көп жиналған бөлме ауасының 1 текше метрінде он мыңдай бактериялар тіршілік етеді. Олардың пішіндері әртүрлі. Оны тек микроскоп арқылы байқауға болады. Бір затқа жабысып алған бактериялар жиынтығы жұмсақ болып келеді.

Зерттеушілер су астында кеменің жедел тоза бастауына оның металл құрылымына жабысып алған осы бактериялар әсер етіп жатқанын хабарлады. Ал Титаниктің металл құрылымдары сол кездің ең сапалы да берік болатынан құйылған болатын.

Сонда байқасаңыз, қаттыны жұмсақ жейді екен. Жер бетіндегі ең қатты саналатын таудың жақпар тастарын жаңбыр шайып, жел тоздырады. Су астындағы тастар әдетте малта тастар болып келеді. Бұл да қаттыны жұмсақ жейтіндігінің, майдалайтындығының белгісі. Жердегі кез келген жануардың қаңқасын, көрдегі адам сүйегін ақырында бактериялар жеп құртады. Құрт-құмырсқаларды құстар жейді, құстарды аңдар жейді, андардың сүйегін құрт-құмырсқалар жейді, ақырында құрт-құмырсқалардың өзімен қосып осы циклді жер бетінде ең көп тараған көзге көрінбейтін зат бактериялар аяқтайды. Сонда ең кішкентай, ең жұмсақ зат – бүкіл табиғаттың қожайыны.

Қоғамның даму заңдылықтары да осыған ұқсас. Ең әуелгі кезде аң секілді жабайы болған адамдар арасындағы қарым-қатынас ғасырлар өткен сайын жұмсарып, ізгіленіп келеді. Оны біз мәдениет деп атаймыз. Оған бір жағынан өркениет жетістіктері әсер етуде. Өркениет жетістіктеріне ертерек қол жеткізген елдер мәдениеттірек көрінуде. Бірақ осы өркениеттік жетістіктерге қол жеткізбей-ақ қарым-қатынасты жұмсақ аурада құратын халықтар бар. Олар көбінесе, Шығыс халықтары. Осы ерекшеліктеріне байланысты біз мұны «шығыстық менталитет» деп атап жатамыз. Қазір осы Шығыс халықтарының ояну, өрлеу дәуірі басталды.

Жер бетіндегі ең озық өркениет басында табиғаты тамаша, тұрмысқа жайлы жерлерге келген еді. Сондықтан Батыс елдерінің бірінші кезекте көтерілуінің өзіндік табиғи заңдылықтары бар деп түсінеміз. Олар осы озық жетістіктер нәтижесінде қазіргі заманғы даму технологияларын әзірледі. Енді бұл технологиялар Шығыс халықтарына да қолжетімді болды. Соның нәтижесінде Шығыстың адам саны ең көп Қытай мен Үнді елдері жедел көтерілуде. Аталған халықтардың қолында осы технологиялардан басқа тағы да бір үлкен қару бар. Бұл – шығыстың жұмсақ менталитеті. Ал осы менталитеттің түпкі негізі Будда дінінде жатқан секілді. Будда діні әдетте адамды бұл дүниедегі қиындықтар мен кедергілердің бәрі Құдайдың жібергені, сондықтан оған қарсыласпай көну керек, бұл дүниеде неғұрлым азап көрсең, о дүниеде соғұрлым бақытты боласың деп үйретеді. Будда өмірді азап, қасірет деп, ислам сынақ деп қабылдайды. Католиктер бақыт бұл өмірде, сондықтан оны дұрыстап қызықтап өткізу керек дейді. Батыстағы буржуазиялық революцияның өркен жаюына дәнекер болған протестанттық ағым (католик діні) жеке адамның мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қояды. Осы бағыт капитализм заманында жеке адамдардың күрт баюына моральдық негіз қалады.

Дегенмен, әр нәрсенің өз шегі бар. Әр құбылыстың пайда болу, даму және құлдырау кезеңі болады. Уақыт қазір шығыстық жұмсақ менталитет жағына жұмыс істеп тұр. Дін мен сол кездегі жағдай негізінде қалыптасқан бұл менталитет Шығыс халықтарын ғасырларға созылған кедейшілікке төзімділікпен қарауға үйретсе, енді осы халықтар байыған сайын саясат сахнасына қарай көтеріліп, тыныш қана әлемді жаулау құралына айналғандығын көріп отырмыз.

Иә, түптің түбінде қаттыны жұмсақ жейді.