13 Қыркүйек, 2019

Сөз сойыл №87

10127 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №87

БІРДЕ...

Бір күні Шерхан Мұртаза Нәбиден Әбутәлиев екеуі келе жатып Баянғалимен кездеседі. Сонда Баянғали інісін «Палуан» деп еркелететін Шерхан:

– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрін сабап жүрсің ғой, мына Нәбиденді сабап берші, – дейді.

Оның сөзіне наразылық білдірген Нәбиден: «Неге мені сабайды, ол менің інім, мен оның атасы Сегіз серіні жазғанмын», - деп, өзіне тартады. Баянғали екі ағасының алдында тұрып: «Қалай сабаймын, Шераға?» - дейді.

Сонда Шерхан:

– Мынаны сабау керек. Бұл «СҚ»-да местком болған. Сонда: «СҚ»-да не көп, салық көп», - деп отыратын. Бір жолы «картоп әкеліп беремін» деп елдің ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрі жайымен қалған. Сосын қабырға газетіне өлең шығарғанбыз:

«Жылу жинап әр үйден,

Кетіп едің, Нәбиден.

Картоп та жоқ, қап та жоқ,

Атаңа нәлет, Нәбиден!» – деп! Мұны сол үшін сабау керек!

Содан «Нәбиден құрдасымды саба» деп, тағы кездескенде айтады. Үшінші жолы топтың көзінше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзілдеп:

– Әй, палуан, сен менің бір тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбиденді бір сабап бер дедім, сабамай жүрсің. Бір бабыңда жүргенде қолыңа түсіп қалса, сүйкеп жіберсейші, – деп, тағы айтады.

Сонда Баянғали:

– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сізге Нәбиден түгілі, Ғабиденді сабап берейін! – деген екен.

***

Белгілі жазушы Баянғали Әлімжан Алматыда қызмет істеп жүргенде Мәскеуде оқитын Моңғол елінің жазушылары Жағдалын Лхагва, Гунсен екеуін халық жазушылығы жетістіктерінің көрмесіне қыдыртып апарады. Сонда сарық қойлардың беттері бері қарап түскен суретін көріп, екі қонақтың бірі:

– Почему так снимали? Где курдюк? – деп сұрайды. Оның қазақтың құйрықты қойларын іздеп тұрғанын түсінген Баянғали:

– Наши овцы цивилизованные, гостям не показывают зад! – деген екен.

***

Жазушылар одағы үйінің астыңғы қабатындағы «Қаламгер» дәмханасында әдебиет сыншысы Төлеген Тоқбергенов Баянғалимен кездесіп қалады. Ол кезде Баянғалидың «Жұлдыз» журналына жұмысқа жаңа тұрған уақыты екен. Сонда Төлеген қарлығып шығатын даусымен Баянғалиға: «Әй, «Жұлдызға» келдің... «Жұлдызға» келдің... «Жұлдызға» келдің... Енді артыңды қысып жүр!» - депті, иығынан жұдырығымен қойғылап тұрып.

Баянғали ағасына қарап:

«Ойбай, Төке-ау, жерде қыспаған артты жұлдызға шыққасын қысқан ұят емес пе?» - деген екен.

Көрген БІЛГЕНОВ

Нұр-Сұлтан

 

Бала бақша – шала бақша

Бізде де бала бақша бар,

Сәбилер келіп «бақ» санар,

Ғимараты көз тартып,

Айта алмайсың сөз де артық.

Ал ішкі жұмысы –

Көңілді «көже» қылды дұрысы...

Бір бала жау-жағалас жылап жатыр,

Бір бала жер сүзіп құлап жатыр,

Бір бала сынған ойыншықты

Өзінше түзеп құрап жатыр.

Тәрбиеші қыз ұялы телефонмен

Өз құлағын өзі «бұрап» жатыр.

Бір бала мамалап, папалап

Шалқақтағаны шатақ-ақ,

Сол кезде барып шарт етті,

Май құйрықтан шапалақ.

...Сосын түскі асты,

Көргенде, бала да болса түс қашты,

Онысын көбі ішпеді,

Қасықты құр тістеді,

Себебі, жыланқарақ қатығы жоқ,

Дәм-тұзы татымы жоқ...

Ал бала бақша бастығы:

«Сәбидің тіл сындырар,

«Английскийге» құлшындырар –

Көктен іздедік, жерден іздедік маман жоқ,

Лондоннан шақыртпасақ адам жоқ,

Күнде бір комиссия,

Отырмыз алаң боп...» –

Деп өзі де мырс етті,

Ақылы айран боп «сыр шертті»,

Кешкісін барлық балақай –

«Үйге кетті алақай...»

***

Бізде осындай бар бала бақша,

Шаруасы шатқаяқ шала бақша.

Өзімнен өзім шошыдым...

Орталықта ағамыздың үйі бар,

Бір қаланы сатып алар күйі бар.

Құдай өзі көпсінбесін бұл күнде,

Небір үлкен шенділер де сыйынар.

Қарапайым шаруа едім ауылда,

Үйреншікті қарлы боран, дауылға.

Сәлем бере «аға-жеңге» деп келдім,

Қандай адам шыдай алар бауырға.

Үй қызметші әйел бізді «баптады»,

Дастарқанда қара нанның қатқаны.

«Ауылда өстік...» деп шалқыды ағамыз,

Ал, баласы қазақша тіл қатпады.

Бұл ағамыз несібесі халықтан,

«Кредитпен» жан емес-ті тарыққан.

«Жемқор» дейді қызғанышпен біреулер,

«Ұзынқұлақ» сығаласып «жабықтан».

«Бүгін кешке той бар еді шақырған,

Әкім адам «әруағымен» ақырған.

Қайным енді тағы бірде келерсің,

Айналайын «Төрежандай" атыңнан...»

Деп, жеңгеміз көтере алмай денесін,

Елестетіп «мұзды мұхит» кемесін,

«Кет» дегенді жұқалап-ақ білдірді,

Бұдан өзге біз «байғұсқа» не десін.

Он төрт бөлме «кәтеж» үйге сыймадық,

Шыға бердік «тәтті» сөзге иланып.

Біз кетерде ылғи шенді қонақтар,

Келіп жатты», «Қош келдің» деп сыйланып.

«Келдік біздер үйіне дос-таныстың,

Құдалардай құшақтасып табыстым.

Үш-төрт бала жүгіріп кеп қол берді,

Иелері күлкі-базар шабыстың.

Үш-ақ бөлме үйі бар-ды досымның,

Қалжың-қармақ әңгімеге қосылдым.

Ағамыздың үйі бар деп айтпадым,

Ойласам-ақ өз-өзімнен шошындым...

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ,

Маңғыстау облысы 

 

*Шымшымалар

ЕСЕПҚҰМАР

Есеппен жүріп, 

 есеппен күледі,

 Қулық-сұмдықтың неше 

атасын біледі.

 Өз шаруасын тындырып 

алған соң,

 Жұдырығын көрсетіп, 

 білегін түреді.

ЕКІ ЖҮЗДІ

Көзіңе мақтайды,

 Шыға сала «оттайды».

АЯР

Ауыр іс болса аяна қалады.

 Екі бүйірін таяна қалады.

ЖЕБІР САТУШЫ

«Бұйыртқаны» деп қойып,

 Жүріп жатыр «жеп» қойып.

Бекәділ СЕМҚҰЛ

Қарағанды 

 

*Ауылдың айтқыштары

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы тілшісі Байқал Байәділдің орайы келгенде ойып түсер айтқыштығы бар екендігін біреу білсе, біреу білмес. Біз әр жерде қолма-қол айтып салған орынды сөздерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Халықтың жайын кім ойлар?

Журналистің жол сапары таусылған ба? Газеттің тапсырмасымен күздің соңы, қыстың басы дегендей өліара шақта ауданға барыпты. Аудан әкімімен кіреберісте жолыққан. Әкімдіктің алды шыңылтыр мұз, тағалаған ат тайып жығылатын көктайғақ болса керек. Әлдебір ақ шашты кейуана көктайғақта ілбіп басып, қолындағы таяғын демеу қылып, қалт-құлт етіп келе жатады. Асығыс сыңайлы. Болмады. Көсенің иегіндей жылтыраған көк мұз кейуананы алып жықты. Қысқа, жіңішке таяқ әжейдің екпінімен көк мұзға тайып, бірер метр көтеріліп барып құлады. Сол кезде аудан әкіміне былай депті:

      Есіктің алды көк тайғақ,

      Жарытпас әкім көпті ойлап.

      Бір әжей, әне, жығылды,

      Таяғы ұшты көкке ойнап.

 

      Мұздаққа соғып ақ басын,

      Мертігіп байғұс жатпасын.

      Халықтың қатты қарғысы,

      Бір күні сені атпасын.

– Тек, – депті аудан әкімі, – қарғыс алып көргем жоқ. Айтатындары тек алғыс.

– Бұл аудан саған бақ мекен,

Алдыңнан шырақ жақ мекен.

Жығылса да алғыс айтатын,

Ауданың тіпті жақсы екен, – депті журналист.

 

Сарқыт

Бурабайдың баурайында ит  басына іркіт төгілген ұлан-асыр той. Көз байланып, елдің іргесі сөгіле бастаған кезде мейрамханадан бусанып екі ақсақал шығады. Есімдерін жалпақ жұрт танитын, кешегі партия қызметкерлері. Ел басқарған, ұлысқа үлгі көрсететін азаматтардың қолдарында екі-екіден төрт пакет сарқыт. Жеңгейлер келмегесін солардың міндетін атқарып, борышын өтеп қайтпақ.

  –Ау, – дейді бірі екіншісіне, – Байқал бүгін саған тиіспеді ғой.

 – Неге тиіседі, – дейді екіншісі, – бұл – менің інім. Осыдан тиісіп көрсін, жағасын жыртамын.

Сонда былай депті:

  –  Бурабайда бір бәдік жыр туды, аға,

    Ағам дайын жағамды жыртуға да,

    Базардан қайтқан әйелдер тәрізді

    Пакет арқалап, не күн туды, аға?– десе керек.

 

Мылтығыңыз ата ма?

    «Игілік» акционерлік қоғамының президенті Тілепберген Айкенов алпысқа толды. Әдемі, ажарлы той. Тілепбергеннің бір топ құрдасы мерейтой иесіне мылтық сыйлайды. Дүмі жылтыраған, ұңғысы жарқыраған кәдімгі қос ауыз. Той иесі сыйлыққа разы болып, ұмсынып көздеп көріп жатқанда былай десе керек:

       – Өзіңді туған елің мақтайды анық,

        Батасы жұртшылықтың жатқай дарып.

        Жеңгейден ұят болып жүрмесінші,

        Бір күні мылтығыңыз атпай қалып.

Сөйтсе, той иесі:

– Атады, – депті, – не көрініпті? Атып жүрміз ғой.

 

Ет-сүйектен жаралғандар

Тоқмурзиндер әулеті көкшетаулықтарға жақсы мәлім отбасы. Шалғайдағы шоқ жұлдыздай шағын ауылда ғұмыр кешкен бір отбасынан қазақтың тұңғыш орман шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Тайжан Хамитұлы, химия ғылымдарының докторы, академик Қыдырма Хамитұлы тәрізді оқымыстылар шығуы ғажап емес пе. Қырық жыл бойы облыстық Орман шаруашылығы басқармасын басқарып, халыққа қалтқысыз қызмет еткен Шабдан Хамитұлының інісі Болат Бурабайдағы Қазақ орманды ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик.

Болат академик атағын алғанда Бурабайдың баурайында той жасайды. Тойға Алматы мен Астанадан әлденеше ғалым келеді. Сол тойда Байқал Тоқмурзиндердің ішінде оқымай қалғаны Шабдан Хамитұлы дейді. Алматыдан келген бір ғұлама ғалым сұрайды:

– Ол неге оқымай қалған?

– Қайыңдар қайда желегі желмен билеген,

Арқарлар қайда табаны тасты илеген.

Бурабай, сенің бедерлі сұлу бейнеңді,

Пенделер бар ма сүймеген.

Қырық жыл қорғап соларды,

Жұмыстан қолы тимеген.

Жанары жанды жаулайтын,

Шортандай шоршып ойнайтын,

Көргенде көзің тоймайтын,

Бірақ, бәрібір бақыт болмайтын,

Қыздардан қолы тимеген, – десе керек.

Өзіне сөз тигенде Шабдан Хамитұлы:

– Ағаларымның академик болғанын қайтейін, қысқы соғымы, жазғы тоқтысы менің мойнымда, – деп әзілдейді. 

Сол сәтте Байқал былай депті:

– Қара жерге тал ексең, көктегісі келеді,

Күнге бой сап, биікке беттегісі келеді.

Академик болғанмен ет-сүйектен жаралған,

Пенде емес пе олар да, ет жегісі келеді, – десе керек.  

Кіреб Әкімқожа

******************