Қоғам • 16 Қыркүйек, 2019

Жат ағым жақсылыққа апармайды

3042 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ислам дінінің қадір-қасиеті адамзат баласы үшін басты құндылық. «Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет.

Жат ағым жақсылыққа апармайды

Алайда, қазіргі кезде дін төңірегінде түрлі дау-дамайдың, пікірталастың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине танымға талас жоқ. Бірақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзінің әр жерден естіген, көрген нәрселерін дінге әкеліп таңғысы келетіндер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адамның өзінің таным-түйсігіне байланысты болса, әсіресе жас­тарға шариғаттың негізгі шарттарын түсіндіруде имамдар мен теолог ғалымдардың үлесі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде имандылық жолына қарай бет бұрған жастар көбейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар дәстүрге қарсы шығып, дінді бұра тартуда. Жамбыл облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, облыс бойынша бүгінде мем­лекеттік тіркеуден өткен 346 діни бірлестік пен оның филиалдары бар екен. Оның ішінде 300 мешіт пен православтық, кат­оликтік, протестанттық 46 шіркеу жұмыс істейді.

Облыстағы барлық мешітте жо­ғары білімді, орта білімді және қыс­қа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген 414 ді­ни қызметкер ең­бек етеді. Жуырда ғана Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқар­ма­сының төр­ағасы, бас мүфти Серікбай Ораз Әу­лие­ата жеріне арнайы келіп, өңір­­­дің діни ахуалымен танысқан болатын. 

Дін мәселесінің қазіргі кезде кө­кей­кесті болып тұрғаны шындық. Жамбыл өңірінде діни ахуал тұрақты дегенмен, қордаланған мәселелер де бар. Ешқандай қисынға келмейтін ұстанымдар, көңілге қонбайтын ойлар қоғамда қаптап барады. Алайда жыл санап өңірде білімді мамандар қатары да артып келеді. Сон­дай-ақ жергілікті медреседе де маман дайындауға айрықша көңіл бөлінген. «Бүгінде «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде облыстан дінтану және исламтану мамандықтары бойынша 78 азамат білім алса, оның 9-ы биыл оқуын аяқтады. Бұдан бөлек, жергілікті халықтың сұранысы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұсы­нысы бойынша Қордай ауданы, Масаншы ауылынан «Қордай» Құран оқыту орталығы өз қызметін өткен жылдың қараша айынан бастады. Бұл жерде 60 шәкірт білім алуда. Жалпы, облыс­та әртүрлі салаларда теологиялық жоғары білімі бар 71 азамат қызмет етуде», дейді Жамбыл об­лыс­тық дін істері басқармасы ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Ақбай.

Дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айт­паса да түсінікті. Бұл ретте Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының Жамбыл облысы бойын­ша өкілі, облыстық «Һибатулла Та­ра­зи» мешітінің бас имамы Қа­нат Жұмағұл өңірде жастарды тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Имамның айтуынша, «Һибатулла Тарази» медресесінде Жамбыл облысымен қатар, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларынан келген 60 шақты шә­кірт оқиды екен. Одан кейін Атырау, Ақ­төбе, Орал, Ақтау қалаларынан да шәкірт­тер қабылданған. Енді салынып жатқан жатақхананың құрылысы аяқ­талса, шәкірттер саны бұдан да арта түсуі мүмкін. «Дін, оның ішінде Ислам діні – ата-бабамыз ұстанған идеологияның бір қыры. Бүгінде халық тарапынан дінді тануға сұраныс көбейіп келеді. Ме­шіт­теріміз, мешіт­те қызмет ететін имамдары­мыз өз деңгейлерінде қыз­­мет­­терін атқарып жүр. Әуе­лі халықтың діни рә­сім­де­рін атқару, сол сияқ­­ты ме­шіт­ке­ келген жа­ма­ғаттың ді­ни­ сауатын кө­теру, олар­дың жат ағымға қар­сы им­му­­нитеттерін қалып­тас­ты­­ру бойынша­ жұмыс іс­тей­міз. Уағыз-насихат та жал­­­пы тақырыптарда қоз­ға­лады. Одан бө­лек, имам­дарымыз жамағаттың білі­мін арт­тыруға күш салады. Бүгінде орталық ме­шіт жанындағы сауат ашу курстары жұ­мыс істейді. Курсқа келген азаматтар әуелі Ислам діні жа­йында ақпарат алса, одан кейін дінді одан әрі тереңдетіп оқуға қол жеткізе алады. Бұл жерге ерлермен қатар, әйелдер де келе алады.

Содан кейін шетелге оқу­ға кеткен жастарды да қай­­тару мәселесі бар. Біз жо­ғары білімді Қазақстанда ал­дық. Туған жерде оқығанға ештеңе жет­пейді. Ең әуелі маман мәселесін шешіп ал­ған дұрыс. Еліміз бойынша Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масына қарасты 9 медресе бар. Бұл медресе­лер­де де маман дайындау мәселесі қам­тылуда. Бірін­шіден, жас­тар асыл дініміздің қасиеттерін бо­йына сіңіруі керек. Мешітте бүгінде әлеу­мет­тік жағ­дайы төмен, асырау­шысынан айы­рыл­ған от­ба­сыларға түрлі көмек көр­сеті­луде. Сонымен қатар жастарға діннің тағылым­дары үйретіледі», дейді ол.

Жастардың жат ағымның жете­гінде кетпей, ислам жау­һар­ларын бойына сі­ңіру үшін берілген білім бір бөлек. Алайд­а кейде қоғамда діни экс­тремизм мен терроризм көрі­ністерінің қылаң беретіні рас. Бұл бағытта өңірде дін са­ла­­сын­дағы ақпараттық-түсіндіру топ­тары облыстық, қалалық және аудан­дық дең­гейлерде құрылған. Құра­мында 122 адам бар. Топ құ­ра­мы дінтанушы, теолог және психолог мамандардан және дін саласына уәкілетті мем­лекеттік қыз­метшілерден жасақталған. Өкі­нішке қарай, жергілікті дін істері басқар­ма­сының мәліметінше жыл басынан бері интер­нет ресурстарда 1067 кү­дік­­ті сілтеме анық­талып, Ақ­па­рат және қо­ғамдық да­му министрлігінің дін­тану са­рап­тамасына жолданып, 107 сіл­теме бұғатталыпты. Соны­мен қа­тар құ­қық қор­ғау органдарымен бір­лесіп, дес­труктивті діни ағым­дар­дың ық­­палына ұшыраған аза­маттарды оңал­ту және қоғамға бейімдеу бағы­тында жеке адрес­тік жұмыстар да жүр­гізілуде екен.

«Бүгінде облыс бойынша 911 азамат деструктивті діни ағымдардың ық­палында жүр. 2015 жылдан бүгін­ге дейін жүргізілген оңалту жұмыс­тарының нәти­жесінде, деструктивті діни бағыт­тағы 679 азамат қоғамға бейім­делсе, оның 118-іне ағым­дағы жылы атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижесінде қол жеткізілді. Оның ішін­де 11 азамат жастар санатына кі­ре­ді. Аталған жұмыстар Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Жамбыл облы­сы бойынша департаментімен бір­­лесе отырып, еліміздің Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі тара­пынан ұсынылған оңалту кри­терийлеріне сәйкес жүргізілуде. Ағым­дағы жыл ішін­де теолог мамандар тарапы­нан тү­зеу мекемелеріндегі 172 адам­мен жеке кездесулер өткі­зілді. Жо­ғарыда атал­ған жеке кезде­су­­­лер 2019 жылдың басында арнайы әр сотталушыға жеке бекі­тіл­ген теологиялық оңалтудың жеке бағдар­л­амасына сәйкес жүргізілді», дейді Е.Ақтай.

Сонымен қатар бүгінгі таңда өңір­ден 25 азамат шетелдік діни оқу орындарын­да оқып жүр. Алай­да сол 25 азамат­тың 14-і Сауд Арабиясы, Пәкістан, Мысыр, Қырғызстан мем­лекеттерінде кү­­мән­ді оқу орын­да­рында оқып жатқан болса, қал­ған 11-і Түркия, Мысыр мем­лекеттерінің жо­ғары оқу орындарында білім алуда екен.

Қазір діни ағымдар көп. Мұның қауіпті екені тағы түсінікті. Бұл орайда об­лыстың бас имамы Қанат Жұмағұл өзінің пікірін білдірді. «Кезінде пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 73 ағымның болатыны туралы айтқан. Дінді ұстану үшін білім керек. Мектепте дұрыс оқы­маған бала кейін дінді де дұрыстап оқи алмайды. Жат ағымда жүргендер бар, әрине. Бірақ олар уағыз-насихат жүр­гізбейді. Уағыз-насихаттың бәрін де имамдар жүргізеді. Алайда бүгінгі қауіп әлеуметтік желілерден болып тұр. Рес­публика бойынша мешіттерде сайттар жұмыс істейді. Ал өңірде жамағатқа арналған «Уағыз дастарқаны» бар. Мұнда біз аудан, ауыл тұрғындарымен кездесіп, көшпелі түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Еліміз бойынша ақпараттық-насихаттық топ жұмыс атқарады. Мүф­тияттың жанында ғұламалар кеңе­сі де түрлі мәселелерді көтереді. Халықтың қазіргі кездегі сұранысына орай көптеген мәселелердің жауабын беріп, түйткілді мәселелердің ше­ші­мін айтып жүр. Бас­тысы, ел шетелдің емес, өзіміздің ақ­паратты пайдалануы керек. Сырттағы шейх­сымақтарды емес, өзіміздегі имам­дарды тыңдаған дұрыс. Ағым мәселесі тарихтан бар. Ол – адам­ның діни мәтіндерді жорамалдап, түсінуіне байланысты. Елімізде тұнық бұлақтан сусындаған дәстүрлі ханафи мәзһабы бар. Бұл жолды ата-бабаларымыз ұстанған. Енді жолдан қосылған топтар өз пікірін тықпалағысы келеді. Мәселе сонда. Ең бастысы, дұрыс бағытты елге насихаттау керек», дейді имам.

Қазір ақпараттың заманы. Кітап­тар­­дың тасқынынан да көз сүрінеді. Бұл ретте дін төңірегінде жүрген жас­тар не оқып жүр, кімді тыңдайды деген мәселе де өзекті. Ел ішінде жолдан тайдыруға үгіттейтін топтар да жетеді. Бірақ олар­дың дені құзырлы мекемелердің құ­рығына ілінуде. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері өңірде полиция қызметкерлері діни бағыттағы 34 әкімшілік-құ­қық бұзушылық фак­тілерді анық­таған. Оның 16 дерегі ел аумағы мен шекаралас мемлекеттер аза­мат­тарының ты­йым салын­ған экс­тре­мистік сипаттағы әде­биеттерді заңсыз әкелуіне қа­тысты болып отыр. Жалпы саны 27-ден аса­ экстремистік мазмұндағы кі­тап тәркіленіп, Әкімшілік құ­қық бұзу­шылық қылмыстық кодек­сінің 453-бабы бойынша тыйым са­лын­ған экстремистік әдебиетті рес­пуб­лика аумағына әкелгені үшін Қырғыз Респуб­ликасының 14 азаматы және Ресей мен Өзбекстан мемлекетінен 2 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылған. Міне, осындай заңсыздықтардың бәрі де адамдардың діни көзқарасына кесірін тигізбей қоймасы анық.

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің», дейді халық дана­лығы. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Ең бас­­тысы, дін – ақи­қаттың, ізгіліктің шы­рақшысы. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастау­шы ілім. Сондықтан да жат ағымның жақ­сылыққа апармайтынын білген жөн.

 

Жамбыл облысы