Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Талас топырағындағы тас таңбалар

1022 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Көне дәуірдің куәгерлеріндей болған Қызыләуіт – Бәзіл петро­глиф­­­тері ерте ортағасырлық, ер­те­ те­мір ғасырына жататын тарихи құн­­­­­­ды­­лықтардың бірі. Талас то­пы­ра­­­ғында ықылым заманнан бері жасап келе жатқан Қызыләуіт – Бәзіл петроглифтері Ақтөбе ауылынан 2,4 шақырым оңтүстік-батыста, Бәзіл деп аталатын жердегі бос жатқан тасқа салынған. Ал байырғы Бескепе таңбалары Қызыләуіт ауылынан 3,2 шақырым оңтүстік-батыста, Бес­ке­пе деп аталатын жердегі аласалау тө­бедегі үлкен тас бетіне бедер­лен­ген. Қазыналы Қаратаудың шат­қалдары мен сайларында ерте дәуір­лерден қалған петроглифтер көптеп ұшырасады. Сонымен қатар ғылыми айналымға енген суреттер саны бір­неше мың. Тастағы таңбалар сол кез­дегі бабалар өркениеті мен танымынан да хабар береді.

Талас топырағындағы тас таңбалар

«Мұнда көбінде нар мен қос өркешті түйе бейнелері кездеседі. Бескепеде үлкен тас бетіне толық салынған таң­балардың бір шеті сақталған. Сызықтар бойында жалғасып жатқан таңбалар өзіндік бір күрделі өрнекті құрайды. Таңбалар негізінен бір-біріне ұқсас. Үлкен тастың сынып түскен жағында да жалғасы бар. Алайда «Қасиетті Қазақстан» картасына енген, тарихын тереңнен тартқан Талас жеріндегі тарихи мұралардың бұл бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іргелі, жан-жақты зерттеулерді әлі де жүргізу керек», дейді Талас аудандық мемлекеттік архивінің директоры Алмас Мұхтаров.

Сонымен қатар, Қызыләуіт ауыл­дық округінің аймағында адамзаттың алғашқы мекендері саналатын Тәңір­қазған, Бөріқазған тұрақтары да кез­деседі. Кезінде белгілі археолог Хасан Алпысбаев зерттеген бұл тұрақтардан тас дәуірінде табылған заттар орталық археологиялық мұражайға қойылған болатын. Тағы бір тарихи дерек, мұн­да жоңғар басқыншыларының ХVІІІ ғасырдың басындағы жойқын шабуылының бір парасы осы жерде болғанын дәлелдейтін қорымдар да бар. Ел аузында қазақтың үш жүз сарбазының жоңғардың он сегіз мың сарбазымен шайқасқанын баяндайтын қисса да сақталған. Мұндағы Күй­генкөл атауы да жау қамыс ішін­де жасырынып жатқанда қазақ батыр­лары көлдің жан-жағындағы қа­мыс­қа өрт қойып, оларды қырғынға ұшыратқанымен байланысты шыққан делінеді.

«Жалпы алғанда, тұрақтар маңын­дағы Қызылдың кемерінде сақ дәуі­ріндегі петроглиф жазулары көп­теп кездеседі. Ол жазулардан ата-ба­ба­ларымыздың осыдан екі-үш мың жыл бұрынғы, тіпті одан да әріректегі тұр­­мысы мен танымдарын тануға болады. Соңғы жылдары бұл тарихи орын­ға Қаратау қаласындағы мектеп оқушыларын апарып, туған тарихымызбен таныстырдық. Бүгінгі таңда аудандағы тарихи нысандар тізімге алынып, олардың бірқатары мемлекеттің, демеушілердің есебінен жөнделіп, қалпына келтірілуде», дейді Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының тарихи ескерткіштерді қорғау және сақтау инспекторы Мұхтар Әбсадықов.

 

Жамбыл облысы