Қоғам • 17 Қыркүйек, 2019

Шамалған трагедиясы тағы бір проблеманың бар екенін көрсетті

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні пойыз бен автобустың соқтығысуынан болған қайғылы оқиғаға байланысты қаза болған адамның туыстарына көңіл айтты. «Алматы облысы Ақсеңгір-Шамалған темір жол өткелінде пойыз автобусқа соқтығысты. Автобуста 67 адам болған. Бір адам көз жұмды, жарақат алғандар бар. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Тергеу жұмыстары басталды», деп жазды Президент Туиттердегі парақшасында.

Шамалған трагедиясы тағы бір проблеманың бар екенін көрсетті

 

Көлік кептелегінен өткелдің үстінде тұрған

Шамалған стансасының маңындағы өткелде Алматы – Қостанай бағы­тын­да­ғы №43 пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысып, үш адам ауыр жарақат алып, бір адам қаза тапты. Өкініштісі сол, қайғылы оқиға елі­міз­дегі тағы бір проблеманың бетін ашты. Кісі өлімі болды. Өзекті өртейтіні де осы.

Қазақстанда автокөлік жолдарымен түйісетін темір жол өткелдерінің жалпы саны 1 мыңнан асады екен. Олар­дың 139-ы республикалық маңызы бар жолдарға таяу орналасқан. Түрлі деңгейдегі 63 өткел бар.

Мәселенің мән-жайын ар­найы баспасөз мәслиха­тын­да Ин­дустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму ми­нис­трі Роман Скляр мен Ішкі істер минис­трі Ерлан Тұрғымбаев түсіндірді. Ке­йінірек белгілі болғандай, автобус­ты тізгіндеген жүргізуші оқиға орнында жантәсілім етсе, бір әйел екі баласы­мен ауыр жарақаттанды. Қа­зір дәрігерлер олардың өмірі үшін кү­ре­сіп жатыр. Р.Скляр жол-көлік оқиға­сына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­­тр­лігі тара­пынан арнайы комис­сия құ­рыл­ғанын, комиссия көлік комитеті және «Қазақстан темір жо­лы» ҰК» АҚ-ның жауапты өкіл­дерінен жасақталғанын жет­кізді.

– Пойыз 2434 метр қашық­тыққа жа­қындағанда өткелдегі арнайы дабыл қондырғысы автономды түрде іске қосылды. Дыбыстық белгі бері­ліп, бағ­даршамның қызыл түсі жанды. Өткелдегі көліктердің салдарынан шлагбаум толық түскен жоқ. Ал­дын ала ақпарат бойын­ша автобус жүргі­зушісіне кептелекке байланысты қоз­ғалуға тура келген. Темір жол өткеліне 500 метр қалғанда, сағатына 97 шақы­рым жылдамдықпен жүйткіген пойыз­дың машинисі шұғыл те­жеуді қолдан­ған. Өкінішке қарай, жолаушылар авто­бусы­мен соқтығысудың алдын алу мүм­кін болмады. Тежеу жолы­ның өлшемі 712 метрді құрай­тынын ескерсек, машинист бұл қашықтықты 671 метрге дейін қысқартып үлгерді. Шұғыл тежеуден бастап пойыз толық тоқ­тағанға дейінгі қашықтық дәл осындай аралықты құрады. Темір жол өткеліне келсек, онда шлаг­баум және бағдаршам сынды арнайы бөгет белгілері қарастырылған. Қажетті талаптар толық ескерілген, – деді Р.Скляр.

Сондай-ақ ол «Setra» маркалы автобустың техникалық бай­қау мерзімі 16 шілдеде аяқтал­ғанын, оның «Қаскелең автобус паркі» серіктестігіне тиесілі еке­нін жеткізді. Министр зардап шеккен 1986 жылғы азамат­ша локомотив депосында жұмыс іс­тейтінін атап өтті. Оқиға кезінде қасында 2014 және 2016 жылғы екі қызы болған екен. Автобуста барлығы 20 жолаушы отырған. Олардың 16-сы көліктің артқы есігінен шығып үлгеріпті. «Қазақ­стан темір жолы» компания­сы жарақат алғандарға барлық тиісті көмекті көрсететін болады», деді Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі.

Халық көпір салуды талап етеді

Бұл аталған аумақта тіркелген алғашқы қайғылы жағдай емес. Жергілікті тұрғындар бұл өткелге көпір салу қажет дейді. Халықтың осы қажеттілікті әкім-қараларға айтып, алысып келе жатқанына биыл он жылдан асыпты. Алайда сең қозғалмай тұр. Егер де жағдай осы күйінде қала берсе адам өлімі бұдан да бетер көбейе ме деп уайымдайды. Шыдамның да шегі бар екенін ескерсек, бұл оқиға ақыры халықтың көшеге шығуына түрткі болды. Атап айтқанда, апаттан соң ондаған тұрғын шойын жолды жауып, көпір салуды талап етті. Кей азаматтар аудандық биліктің көпір салып береміз дегеніне 7 жылдан асқанын, құрғақ уәделеріне әбден тойғанын ашық айтты. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қажетті инфрақұрылымға ақшаның бөлінбегенін, алайда оның жобасы бар екенін жеткізіп, халықты сабырға шақыруға тырысты. Наразы жұрттың бұл талабы негізсіз емес. Аталған темір жол учаскесінде тәулігіне 65 пойыз өтсе, автокөліктердің саны 10 мыңнан асып түседі. Мұндай деректі ведомство басшысы Р. Скляр келтірді.  

– Аталған аумаққа көпір қажет екені сөзсіз. Алайда бұл мәселенің екінші жағы бар. Дәл сол жерден өтпежолды салу үшін 70-ке жуық жеке тұрғын үйді және екі автожанармай құю бекетін сүруге тура келеді. Бұл бюджет үшін үлкен шығын. Сондықтан осы темір жол учаскесі қосымша бөгет жабдықтарымен қамтылды. Көлік иелері өтіп кетуге тырысса да, бұл техникалық қондырғылар оған мүмкіндік бермейді. Көпірді жобалау мен құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауды көздеп отырмыз. Бірақ баспаналар сүрілмес үшін оның құрылысы басқа аумақтан жүргізілмек. Ұзын саны 11 өтпежол салу жоспарланған, – деді Р.Скляр.  

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев осы апатқа қатысты Қылмыстық кодекстің 344, 345-баптарына сәйкес іс қозғалғанын хабарлады. Оқиға орнында көлік полиция департаменті және Алматы облыстық ішкі істер департаменті мамандарынан құралған жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

– Видеодан байқалғандай жол-көлік оқиғасына дейін автобустың ішінде 20 жолаушы болған. Кептелек барысында қоғамдық көлік темір жол өткелінде тұрып қалды. Жолаушылар артқы есіктен өздері шығып үлгерді. Жүргізуші және бір әйел адам екі баласымен автобустың ішінен шыға алмай қалған. Қазір дәрігерлер аталған азаматшаның және балалардың өмірі үшін арпалысуда. Сонымен қоса аталған өткел көлікті өткізбейтін техникалық құралдармен жабдықталғанын айта кеткім келеді. Шлагбаум толық түспегенімен жылжымалы техниканы арнайы бөгет құралы тоқтатуы тиіс еді. Автобустың бөгеттен қалай өтіп кеткені әзірге белгісіз. Тергеу барысында осыны анықтауымыз қажет, – деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің сөзінен аңғарғанымыздай темір жол өткелінде арнайы бөгет құралдары болғанына қарамастан, қалааралық жолаушылар көлігі одан еркін өтіп кеткен. Қалай деген сұрақ туындайды? Демек, мұндай маңызды инфрақұрылымдардың қауіпсіздігі мәселесіне келгенде келгенде түрлі күмән туындайды.

Шамалған жұрты арыз-тілегімен көшеге шыққанда ауыл әкімі апат болған жерде бой көрсетпеген екен. Бұл да қараша халықтың ашуына әбден тиген көрінеді. Жауапты органдар Шамалған трагедиясынан сабақ алып, мұндай жантүршігерлік жағдайларға енді жол бермесе игі.