Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Қорықшылардың құқығы қорғалса игі

698 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Табиғат байлықтарын қорғау бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Кезінде Ұлы даланың ұлағатын бойына түйген баба­ларымыздың аңшылық кәсібі бүгінде қаскөйлікке ұласып кеткендей болып барады. Ертеде қазақ даласында сайын сақарадан, асқар таулардан түз тағыларын, жабайы аңдарды аулап, қан­жығасын майлап қайтатын кісілердің өзінің олжасын сол ауылдың беделді адамдарына сыйлайтын дәстүрінің орнын да бүгінде опасыздық алмастырып келе жатқанын жасыруға болмас.

Қорықшылардың құқығы қорғалса игі

Бүгінде аңшылық көп жағ­дайда тек жеке бастың нәпсі­құ­марлығынан туындайтын, болмаса еріккеннің ермегі санала­тын кәсіп түріне айналған. Жам­­­был облысында биыл­­­дың өзінде табиғаттың тірі бай­лықтарын заңсыз аулау дерек­те­рі жиі тіркелуде. Сонымен қа­­тар өңірде сирек кездесетін өсім­дік­терді қырқу да белең алған. Бі­рақ мұның бәрі ешқандай да қа­жеттіліктен емес, бас пайдасын ғана ойлаған ниеттен туындаған іс екенін екінің бірі біледі.

Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы жә­не жануарлар дүниесі коми­тетінің Жамбыл об­лыстық орман шаруашылығы жә­не жа­нуар­лар дүниесі аумақтық инс­пек­циясының мәліметінше, бү­гінде облыс аумағында 49 аң­шы­лық алқап орналасқан болса, оның аумағы 2374,6 мың гек­тар­ды құрайды. Қазіргі кезде аумағы 2250,9 мың гектарды құ­­­­рай­тын 44 аңшылық алқап 27 та­биғат пайдаланушыға бекі­ті­ліп берілген. Ал 123,7 мың гек­тар болатын 5 аңшылық ал­қап бекітіліп берілмеген, яғни ре­зервтік қорда. Бекітіліп беріл­ген аңшылық алқапта 107 қо­рық­шы, 88 автокөлік бар және онда 54 кордон мен 20-дан аса қонақүй орналасқан. Сонымен қатар бүгінде қорықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инспекторларға 20 қару-жа­рақ берілген. Алайда бүгінгі таң­да өңірде заңсыз аң аулаушы қаскөйлердің қитұрқы әрекеті ты­­йылмай тұр. Заңды белден бас­­қандардың қатары көбейіп барады. Аталған инспекцияның жануар­лар дүниесі және аңшылық ша­руашылық бөлімінің басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, жыл басынан бері аймақта 25 браконьер анықталған. «Аңды атады да, көліктерімен қашып кетеді. Тіпті сес көрсететіндері де кездеседі. Мылтықпен қорқытатын жағдайлар да орын алады. Өйт­кені біздің құқықтарымыз нақты қаралмаған. Аңшылық алқапта мемлекеттік қаруды пайдалану, браконьерлерді кез келген уақытта тоқтату мәселесі құқық қор­ғау органдары секілді сәйкес­тендірілсе, дұрыс болар еді», дей­ді ол. Расында да қазір қаскөй­лермен күрес қорықшылар үшін аса қауіпті. Айдалада айбалтасын арқалап жүретін қаскөйлер кез келген уақытта оларға қа­уіп тудыруы мүмкін. Инспек­тор­лар­дың құқықтарының нақты қа­рал­мағанын білген заңсыз аң аулаушылар дегенін істей береді.

Жалпы, Жамбыл облысында аң-құстың 17 түрін аулауға рұқ­сат бар екен. Табиғаттың тірі бай­лықтарының жойылып кетпеуі үшін аймақта кешенді шаралар жоспары да бекітілген. Бірақ ма­мандар әлі де оңай олжаға ке­нел­гісі келетіндердің азаймай отырғанын, қаскөйлермен күрес жүргізуде бірқатар түйінді мәсе­лелердің бар екенін айтады. Енді қорықшылар браконьерлерге қатысты заңның қатаңдатылуын күтуде. Ал Жамбыл инспекциясы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Рыспановтың айтуынша, жыл басынан бері жануарлар дүниесін қорғау бойынша аталған бөлім 81 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. «Оның ішінде ескерту берілгендері де, айыппұл салын­ғандары да бар. Сондай-ақ 30 әкім­шілік-құқықбұзушылық іс сотқа жіберілді. Сонымен қатар балық аулау кезінде ау құралдарын пайдалану жағдайына тыйым салынады. Ал дуадақ, безгелдек сияқты құстарды және арқар, қарақұйрық секілді аңдарды аулауға тыйым салынған. Тыйым салынбаған аң-құстарды аулау үшін жолдама керек. Бұл ретте облыстың әр­бір ауданында инспекция мамандары қаскөйлермен күрес жұ­мысын жүргізіп келеді», дейді инс­­пекцияның бас маманы.

Сонымен қатар Ғ.Рыспанов бра­коньерлермен күрес кезінде сан түрлі қиындықтардың кездесеті­нін айтады. Бүгінгі таңда аталған бөлімде 6 инспектор жұмыс іс­тей­ді екен. Мамандар үшін 6 көлік бар. Жуырда тағы да бөлімге 2 «УАЗ» көлігі беріліпті. Алайда, қас­көй­лермен күрес қауіпті әрекет болғандықтан, мамандардың да «бес қаруының сай» болғаны дұ­рыс. Дей тұрғанмен, аталған бө­лімнің мамандары бірінші кезекте жанар-жағармайдың аз кө­лемде бөлінетінін айтты. Соны­мен қатар инспекторлардың қа­­­уіпсіздігі үшін оқ өтпейтін кеу­­­деше мен бейнебақылау да қа­­рас­тырылмапты. Мәселен, бір браконьер ұсталса, оны дәлелдеу үшін дереу бейнебақылауға түсіру керек екен. Ұялы телефонға ба­сып алуға тағы болмайды. Мі­не, осы мәселелердің бәрі де инспек­торлардың қаскөйлермен күресуге кесірін тигізіп отыр. Сондықтан да мамандардың осы мәселелер оң шешімін тапса екен деген тілегі бар. Онсыз да елімізде қаскөйлермен күрес кезінде инс­пекторлардың қаза тапқаны аз өкініш емес. Аңшылықты ерік­кеннің ермегі, болмаса дема­лыс­тың төресі санап жүрген қаскөй­лерге де қарсы тұрарлық күш-қуат болуы керек-ақ.

Алаштың аяулы перзенті Сә­кен Сейфуллин «Көздері мөлді­реген ақбөкенді, адамның бала­сынан кем көрмедім», деп таби­ғаттың сұлулығын тамсана жырлайды. «Бөкенді атып мерген өлтіргенде, жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?» деп тебіренеді. Бірақ ақынның өзі адамзат баласына теңеген ақбөкенді аялай алмай отырғанымыз да өкінішті. Негізінен ақбөкендер қыс мезгі­лінің қаһарлы күндерінде Арқа аумағынан, яғни Жаңаарқа, Жез­қазған аймақтарынан Жамбыл өңірінің Ұланбел жеріне дейін ауып келеді. Ол жақтың қысы қат­ты болғандықтан, жылы жақтан пана іздейді. Бірақ табиғаттың ті­рі байлығын жеке мақсатына пайдаланғысы келетіндер бұл құн­дылыққа құлақ аспайтын секілді. Бір жақсысы, Жамбыл облысында ақбөкен ату 2017 жылдан кейін тіркелмепті. Жалпы алғанда, таби­ғатты қорғау әрбір адамның асыл міндеті болуы керек. Алайда облыс аумағында заңсыз балық, аң аулаумен қатар, сирек кездесетін өсімдіктерді отау, құрып кету қау­пі бар жануарларды аулау, тал-дарақтарды заңсыз кесу әлі де бол­са тыйылмай келеді. Жамбыл облысы бойынша жергілікті поли­ция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұ­рат Байсеркеновтің айтуынша, биылғы жылдың 8 айының қо­рытындысы бойынша 500-ден аса әкімшілік-құқықбұзушылық тіркелген. Со­ны­мен қатар жергілікті полиция қызметінің тарапынан браконьерлермен тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

«Иттің иесі болса, бөрінің тә­ңі­рісі бар». Жер бетінде өмір сүріп жүрген тіршілік иелерінің бәрі де ен байлық. Ал өмірдегі қа­ра­па­йым қағидаға сүйенсек, аң-құс­тарды заңсыз аулау, өсімдіктер мен талдарды отап, қырқу, бір сөзбен айтқанда, табиғатқа залал келтіру адамгершіліктің ісі емес. Сол сияқты, жазығы жоқ жа­­нуарларды ату, аулау сияқты әрекеттер де обал мен күнәні ой­­­лат­пай қоймайды. Тарихтан Шың­ғыс ханның үлкен ұлы Жо­шы­­ның құлан атып, ақыры мерт бол­ған хикаясы, халық ауыз әде­биетінің әйгілі інжу-маржаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жы­рындағы Сарыбайдың аң аулау­ға шығып қайта оралмағаны бел­гілі. Тарихи шығармалардағы шын­дықты бүгінгі күннің өзі көрсетіп отыр. Ел аузында «Охота» аталып кеткен аң аулау кезеңінде талай адамның опат болғаны да шындық. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді», дегендей, табиғат байлығын бүлдіру де қажеттіліктен туған нәрсе емес. Ал заңсыз аң аулауды мер­гендік емес, менмендік десе де болғандай. Бұл тұрғыда қорықшы­лардың барлық құқығы қорғалса, олардың қолында тиісті құзіреттер болса, бәлкім қаскөйлер де та­биғат байлығының үстінде тай­раңдап жүрмей, абайлап жүрер ме еді. Олардың қызметі де құ­қық қорғау органдары секілді сәй­кестендірілсе, бәлкім күрес қар­қыны бұдан да арта түсер ме еді...

Жамбыл облысы