Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтқандай, Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылда қаржыландыруды арттыру және қолдау арқылы қосымша 4 мың отбасын баспанамен қамту жоспарланған. 2030 жылға қарай жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі жыл сайын 8-10%-ға өседі деп күтілуде. Бұдан басқа «Тұрғынүй-құрылысжинақбанкінің» «Бақытты отбасы» жеңілдетілген кредит беру жөніндегі «2-10-25» бағдарламасы мақсатты аудиторияға, яғни мүгедек балалары бар, көп балалы, толық емес отбасылар санатындағы әлеуметтік осал топтарды қамтиды екен.
– Осы базаның шеңберінде түгендеу жүргізіледі. Кезекте тұрғандардың мәртебесі, олардың табыстары анықталады. Сондай-ақ меншігінде тұрғын үйдің болуы қадағаланады және өзге өңірде жалға берілетін және несиелік тұрғын үйге деген мұқтаждығы талданады. 2018 жылы жүргізілген тізімдеудің нәтижесінде 30 мың азамат есептен шығарылды. Әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй табысы жоқ және ең алдымен көп балалы отбасылар үшін берілетін болады. Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж 38 мың отбасы бар. Көп балалы отбасылар үш өңірде, атап айтсақ Түркістан облысында, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көп, – деді М.Жайымбетов.
Басқа да әлеуметтік осал санаттағылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу ісі жалғасады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 3 мың жұмыс істейтін жастарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 3 жылда 9 мың жас осындай пәтермен қамтылады, деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ корпоративтік және HR мәселелері басқармасы төрағасының орынбасары Серік Әбденов жасанды билет тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жөнінде баяндады. Ол жолаушыларды билетсіз тасымалдау, рәсімделмеген жүкті бақылау және алдын алуға арналған тексеру қызметінің жұмысы қайта ұйымдастырылғанын, сондай-ақ темір жолдардың ІТ жүйесі жетілдірілгенін жеткізді.
– Билетті қайта сатып алу үшін «Мобиус» жүйесімен орындарды «ұстап» бұғаттау функциялары және күту парағы қарастырылған. Күту парағының функциясы билет сату жүйесінде орын болмаған жағдайда электронды кезекке тұруға мүмкіндік береді. Бос орын пайда болған соң, орынды сатып алу туралы ақпарат клиенттің жеке кабинетіне және оның электронды поштасына түседі. Клиенттің төлемді жүзеге асыруға 2 сағаты болады. Көрсетілген уақыт ішінде төлем болмаған жағдайда, өтінім автоматты түрде жойылып, орын келесі клиентке беріледі. Бұл жаңалық халыққа билетті касса мен делдалдарға жүгінбей-ақ алуға мүмкіндік береді. Бүгін bilet.railways.kz сайтының әкімшілігі жол жүру құжаттарының рұқсат етілмеген 60-тан астам есептік жазбасын бұғаттады. Осы жылдың қыркүйек айының ортасына қарай топтық тасымалға өтінім беру және рәсімдеу үдерісі автоматтандырылады. Ойдан шығарылған тегі бойынша билеттерді рәсімдеу мүмкіндігін шектеу және пойызға өзге біреудің билетімен отырғызуды анықтау жұмыстары орындалып жатыр. Өзгерістерді пайдаланушылар bilet.railways.kz. сайты жаңа нұсқасында көре алады. Онда пойыз жүретін толық бағытты да, жолаушы жолының нақты бөлігін де бақылауға болады. Аталған функция алғаш рет сайттың мобильді нұсқасында да пайда болды, – деді С.Әбденов.
Спикер қысқа қашықтыққа сапарлайтын жолаушылар үшін төсек-орыннан бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа опция енгізілгенін айтты. Бұл жағдайда оның бағасы билет құнынан шегеріледі.