Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Қыста қысылмаймыз ба?

187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы айтып берді.

Қыста қысылмаймыз ба?

С.Есімханов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның баяндауынша, осы жылдың 19 қыркүйегіндегі мәліметтерге сәйкес республика бойынша электр энергия­сын тұтыну 72,5 млрд кВт құрады. Бұл – өткен жылдың осы мерзіміндегі деңгейден 1,7%-ға артық.

Сонымен қатар вице-министр энер­гия өндіруші және беруші кәсіпорын­дарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бүгінге дейін елімізде 5 энергоблок, 40 қазандық, 23 турбинада жөндеу жұ­мыстары жүргізілген, 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 18 турбинада бұл жұмыстар жалғасу үстінде. Яғни жылу беретін ірі кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстары бел ортасынан ауып отыр.

Мұның сыртында алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталық­тандырылған жылумен қамту аймағын­дағы 459 қазандықтың 428 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп бұл жөніндегі жылдық жоспардың 93%-ы орындалды.

«Сондай-ақ  21 мың шақырым электр жеткізу желілері мен 1152 шағын стан­саға жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды» деді С.Есімханов.

Сонымен қатар ол бірқатар өңір­­де жөндеу жұмыстары кестеде белгі­лен­ген мерзімнен кешіктіріліп жатқанын атап өтті.

«Мәселен, Павлодар облысында ор­на­ласқан «Еураазиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр стансасы. Бұл ең ірі мемлекеттік аудандық электр стансасы (МАЭС). Оның жұмысына жергілікті әкімдік және акционерлермен қатар, біздің министрлік комитеті де бақылау жасайды. Бүгінде екі блок – №5 және №8 бойынша жөндеу мерзімі кестеден қалып келеді. Жөндеу жұмыстары маусым мен тамыз айларында аяқталуы тиіс  болса, енді тек қазан айының соңында аяқталмақ. Бірақ бұл МАЭС-тің жылу беруге қатысы жоқ. Бұл тек энергия жүйесіне әсер етуі мүмкін болған соң атап өтіп отырмын» деді вице-министр.

Сонымен қатар С.Есімханов стан­салардағы отын дайындау жұмыстары туралы да хабардар етті.

«Бізде көмірмен жылытылатын 20 ірі энергетикалық кәсіпорын бар. Қазіргі таңда осы стансаларда 4 млн тонна көмір қоры бар. Биыл кәсіпорындар айтарлықтай жақсы жұмыс атқарды. Өткен жылмен салыстырғанда 600 мың тонна көмір артық дайындалды» деді вице-министр.

Сонымен, бүгінде барлық стан­са­ларда көмір қоры бар. Мәселен, Өс­кемен жылу энергия орталығында қалыптастырылған көмір қорының көлемі 20 тәулікке жетуі тиіс еді, қазір мұндағы көмір қоры 38 тәулікке жетеді. Ал көмірді аз  тұтынатын Балқаш жылу энергия орталығында оның 2-3 айға жететін қоры қалыптасты.

Осы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағ­дай бойынша энергия көздерінің қой­маларында мазут қоры 101,9 мың тоннаны құрайды. Бұл – өткен жылғы көр­сеткішпен салыстырғанда 24%-ға көп.

С.Есімхановтың айтуынша, Энер­гетика министрлігі қосылған құн са­лы­ғын қоса есептегенде 100 мың теңге бағамен 277 мың тонна көлемінде «әлеу­меттік» мазут жеткізу кестесін бекітті.

«Жалпы алғанда, алдағы жылу бе­ру маусымына дайындық тұрақты ре­жімде жүріп жатыр» деді бұл жөнінде Энергетика вице-министрі.

Сонымен қатар жылу желілерінің температуралық кестелері Энергетика министрлігі мен Энергетикалық қада­ғалау комитетінің сайттарында жария­ланғанын атап өтті. Аталған кестелер сақ­талмаған жағдайда, ең алдымен, темпе­ратуралық жағдайды қамтамасыз ететін жылу беруші ұйымдармен байла­ныс орнату қажет. Жергілікті әкімдік­пен бірге қажетті орындарға барып, се­­бептерін анықтайтын комиссиялар құ­ры­лады.

«Мұндай жүгінулер Энергетикалық қадағалау комитетіне де келіп жатады. Ондай кезде біздің аумақтық депар­та­менттеріміз мәселені дереу анықтауға барады. Сондықтан да аумақтық энергетикалық қадағалау департаменттеріне қосымша хабарласуға болады. Барлық мәліметтер мен координаттар сайтта жарияланған» деді вице-министр.