Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Гобелен – текті өнердің туындысы

1159 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Бәтима Зәуірбекова, суретші-гобеленші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Гобелен – текті өнердің туындысы

– Бәтима Есмұратқызы, 1970 жылдардан басталған Қазақ­стан гобелен өнері тари­хының тұтас бір кезеңі сіздің есіміңізбен байланысты. Сізді «гобе­леннің анасы» деп ардақ тұтамыз. Қолөнер кеше де өзек­ті еді, құндылығын бүгін де жоғалтқан жоқ, таңсық өнер­дің бүгінгі тынысын ба­қы­лап отырасыз ба, қалай да­мып келеді?

– Әу баста өнерге келуіме анам Бүбіхан себепкер болғанын ертеректегі сұхбаттарымнан бас­тап айтып келемін. Анам он саусағынан өнер тамған өте іс­мер адам болды. Жанарыңның алдында жайнап жататын көздің жауын алар құрақ көрпелерін айтпағанда, ою ойып, сырмақ сыру, киім тігу сияқты шыдам мен шеберлікті қажет ететін қиын шаруаны таңдап-талғап жатпастан, ауыл әйеліне тән бейнетқорлықпен бел жазбай жүріп атқара беретін. Бала күнімде Жамбыл облысы Мо­йынқұм ауданындағы біз тұрған Фурмановка ауылының қай үйіне барсаң да, жүн түтіліп, ұршық иіріліп, киіз басылып, әйелдер қауымы қауырт тір­лік­тің қамында қарбаласып жүретін. Кішкентай күнімнен осының бәрін көріп, апаларыма қолқабыс жасап өстім. Бірде журнал парақтап отырған анам мұқабадағы Гүл­файрус Исмаилованың суре­тін алақанымен аялай сипап өтті де: «сен де Гүлфайрус сияқ­ты суретші болсаң ғой, әдемі қыз­дарға суретші болу жарасады екен», деді. Ішкі ойым Жам­былдағы мәдени ағарту учи­лищесінің музыка факультеті болса да, мектеп бітірген соң амалсыз анамның айтқан сөзін жерге тастай алмай, туысымыздың үйінің мекенжайы жазылған бір жапырақ қағаз бен екі сөмкемді көтерген күйі Алматыға келдім. Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне құжат тапсыруға келгенде, директоры Ақырап Жұбановтың қуанышында шек болмады. Балаша қалбалақтап: «біздің училищеге келгенің жақсы болды, мұнда қыздар аз оқиды, қазақ қыздары мүлде ат ізін салмайды» деп құрақ ұшып қарсы алып, орналасуыма өзі көмектесті. Сырлы сезімге толы сұлулық әлемінің есігі алғаш осылай ашылып еді. Содан бері елу жылға жуық уақыт өтті. Бұл өнер дамудың барлық кезеңін бастан кешіп келеді. Өркендеген де, құлдыраған да кезі болды, бірақ қолөнер қандай мәңгілік болса, гобелен де өміршеңдігін жоғалтқан емес.

– Львов жоғары оқу орнын бітірген қазақ гобеленінің іргетасын қалаған ұстазыңыз Құ­расбек Тыныбековпен жо­лық­­пағанда, сіздің гобелен­ші болмауыңыз да мүмкін бе еді?

– Мен – суретшімін, ал гобеленмен айналысу үш ұйықтасам түсіме кірме­ген. Гобеленші Құ­расбек Тыны­беков туралы алғаш Ақырап Құдай­бергенұлының  аузынан естіген едім. Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров бірде біздің училищеге арнайы келіп, жұмысымызбен танысып, бірнеше сурет­шіні «Қазақфильмге» мульти­плик­а­торлыққа таңдап алды. Солардың құрамында мен де киностудияға жұмысқа орналасып кеттім.  Әрбір шығармашылық адамы іштей еркіндікті, ой, сана еркіндігімен бірге уақыт еркіндігін де қалай­тыны белгілі ғой, тәртіпке бағы­нып жүріп-тұратынына төселе алмай солқылдап жүрген маған болашағымнан үміт күткен жанашыр әріптестерімнің «муль­типликациялық тақырыптар аясында ғана шектеліп қаласың ба?» деген сөзі қамшы болып тиіп, кәсібімнің бағытын басқа арнаға бұруға өзім де оқталып жүргенмін. Ақыры Молдахмет Кенбаев ағамыздың ақылымен «Қазақфильмнен» кетіп, «Өнер» комбинатына жұмысқа орналастым. Ал «Өнер» ол уақытта нағыз шығармашылықтың қыз-қыз қайнап жататын қара қазаны болатын. Тағы да сол кісілердің кеңесімен Қ.Тыныбековпен та­нысып, бір апта жанында тапжылмай отырып, гобелен тоқу­дың техника-тәсілдерін үйрендім.

– Сіз мемлекеттік сыйлық­ты 34 жасыңызда иеленген екенсіз. Биік дәрежедегі сый­лық­ты кезек күтіп иеленетін кешегі ақсақалдық өлшеммен алсақ та, ешкім ешнәрсеге таңырқамайтын бүгінгі өзгеріс тұрғысынан қарасақ та, тым тосын жағдай. Мемлекеттен мұншама биік дәрежедегі атақ алуыңыздың сыры бүгінгі оқырманға да қызық, өз аузы­ңыздан естіп, құлағдар бол­ғанымыз жөн шығар?

– Қазаққа таңсық өнердің қыр-сырына өзімше бойлап, жекелеген кішігірім тапсырыс­тарды қызыға орындап, комбинатта жұмыс істеп жүргенімде, тағдырыма бедер салатын тарихи мәні бар тарту күтіп тұрғанын ол кезде ойлағам жоқ, әрине. Бақ та, басқасы да адамға күтпеген жерден, тоспаған тұстан келеді екен, аяқасты түскен тапсырыс, тапсырыс болғанда да, Ор­талық Комитеттің өзінен түс­кен адам айтса нанғысыз аса ауқымды тапсырысқа алғашында өзім де тосырқап қарадым. Алайда бұл жаңадан үйренген өнеріме бірінші күннен бас­тап жауапкершілікпен қарауға міндеттеді. Төрт суретшіге: Қ.Ты­­ныбеков, И.Ярема, Е.Ни­колаева және маған сол уақыт­тағы ең биік  ғимарат – «Қазақ­стан» қонақүйінің төменгі қабатын айналдыра 100 шаршы метр гобелен тоқу тапсырылды. Біз жұмысқа тыңғылықты дайындалдық, алдымен эскизін жасадық, оны Үкімет қарап, бекітті. Жанымызға бес-алты көмекші алып, он адам тоқуды бастап кеттік. Басқа жаққа мойын бұратын уақыт болмады, күндіз-түні тек тоқумен айналыстық. 1977 жылы басталған жұмысты бел жазбай отырып екі жыл тоқып, 1979 жылы аяқтадық. Қазақстан Суретшілер одағы төртеуімізді де Мемлекеттік сый­лыққа ұсынды. Сыйлық гобелен мен суреттен арнаулы білім алған Құрасбек екеумізге берілді.

– Өзгелердің тарапынан өкпе болмады ма? Қалай де­ген­мен, бұл жобада қолөнер­шіл­ердің үлкен тобы жұмыс істе­ді ғой...

– Жоқ, кеудеде сызы қала­тындай көңілсіз жағдайдың болғаны есімде жоқ. Ортақ жұмысты абыроймен атқарып шыққан онымызға да Орталық Комитет алғысын білдірді. Бұл жылдары жүзге жуық суретшінің пәтерге қолы жетіп, пәтермен бірге шеберханасын қоса иеле­ніп, көңілі тоқ жүрген кез. «Вес­новка» аталған өзеннің бо­йындағы суретшілердің биік үйінде кілең қылқалам иелері мен мүсіншілер бір-бірімізбен көрші тұрдық. Бірақ мына бір жағдай ешқашан есімнен кеткен емес. Қалаға келгеніне қанша жыл болса да, самбырлап сөйлеп, саңқылдап күлетін ауыл баласына тән қарапайым мінезінен ажырай алмаған Құрасбек көршім бір күні келді де: «Ей, Бәтима, біз ұсынылып жатқан мына Мемлекеттік сыйлықты алсақ бар ғой, өле берсек те болады», деді желпініп тұрып. Жас адамның өлім туралы айтқаны маған сондай қорқынышты көрінді, тап қазір ажал келіп жанымызды алатындай екі көзім алақандай болып: «Қызықсың ғой, Құрасбек, атақ алғаннан кейін адам қызығын көрмеуші ме еді? Ала салып, ажал құшатын болсақ, ондай сыйлықтың маған керегі жоқ» деп ұрса жөнелдім. Адамға ажал туралы айтқызған кезде, Алла сездіреді дейтін сөз рас болуы керек, еліміздің ең жоғарғы атағын тым жас иелен­ген Құрасбек келесі жылы оқыс жағдайда көз жұмды. Осы жағдайға әлі күнге таңырқаймын. Өзі де тынымсыз, өте еңбекқор жан еді, ғұмыры қысқа болса да, гобелен дейтін өнерді көпке танытып, өлшеусіз іс тындырып кетті.

– Сіз гобеленмен айналыса бастаған кезде бұл өнердің төңірегіне үйірсектегендер көп емес еді, содан бері елу жыл өтсе де, үйренгісі келіп жалы­на қол артқан жасты көп деп ай­­та алмаймыз. Жас буын қиы­н болған соң айналысқысы келмей ме?

– Рас, жіпке жан бітіру оңай емес, гобелен – өте қиын өнер. Қылқаламмен сурет салу бір басқа, қызылды-жасылды жіптерді жиі-жиі алмастыра, бір түсті екінші түспен  үндестіре отырып түрлендіріп өрмек тоқу ол мүлде бөлек өнер. Тапсырыстың ауқымы мол, қолөнерші еңбегіне деген сұраныс жоғары болды. Алайда белгілі суретші Айша Ғалымбаеваның айтқан ақылы құлағымнан ешқашан кетпеді. «Ақша үшін жасала беретін ұсақ-түйек шаруаны қайтесің, Бәтима, сен маңызы бар көрмелерге қатыс, сені кәсіби маман ретінде дамытатын, шығармашылығыңды өсіретін іспен айналыс. Үлкен көрмелерге қойылатын салмақты туындыларды көбірек жаса, сонда сен мынандай боласың» дейтін марқұм бас бармағын ауаға білеп. Содан бері республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетін көрмелерден сырт қалып көрген емеспін. Алғаш рет Мәскеуде өткен үлкен көрмеге 1976 жылы курстасым Камил Молашев екеуміз қатысып, дипломант атандық. Сол көрме жетістігі мен жеңісі мол келешекке жол ашқандай болды. Ол уақытта та­қырыптық көрмелер көп және жиі өтетін. Айы-күнің жетіп тұрған аяғыңның ауырлығына қарамастан үйден шықпай, таңды таңға ұрып, гобелен тоқып,  көрмеге дайындалу күнделікті тіршілік ырғағына айналады. Бүгінгі жастардың ілуде біреуі болмаса көпшілігі мұн­шама жүктемеге шыдамдылық таныта алмайды.

– Жаңа заман үлгісімен жасалса, алаша, сырмақ, теке­мет­тері­міз де төрімізді жайнатып жіберетін күн туар еді, әттең, бүгінгі тал­ғамға бейімделе ал­май, оның үстіне бағасы да қым­­бат болып, қалтарыста қа­лып келеді. Ал гобелен өнері ескір­мек түгілі уақытпен бірге түрленіп, заманауи дизайн мен интерьермен әдемі үйлесім та­уы­п, сәндік қолданбалы бұйым ретінде маңызын артты­рып келеді. Сұранысқа қан­шалық­ты ие?

– Негізі, орта ғасырда ағайын­ды Гобелендер негізін салып, осы өнердің соңында жүріп су қараңғы соқыр болып қалғанымен, француз халқы олардың өнерін биік­ке көтеріп, ұлттық өнер етіп қалыптастырды. Гобелен – текті өнердің туындысы. Ол ерте заманда  ақсүйектердің сүйікті өнері болып саналатын, құнын қымбат ұстады, сол дәуірде өмір сүргендер жарасымды-жа­ғымды аура беретіндігі үшін ерекше әспеттей білді. Оны­мен патшаның сарайын, бай-бағландардың үйін безендіретін. Тастан салынған зәулім сарайлар салқын болатындықтан қабырғасына жылу беру үшін кереге тұсына гобелен ілінетін. Гобелен ешқашан аяқтың астында жатпайды, ол тек төрге ілінеді. Алайда дәл француздар секілді «гобелен» деп атамағанымен, қазақтар бұл өнерді атам заманнан меңгеріп, тұрмысында кеңінен пайдаланғаны шындық. Бірақ кәсіби түрде айналысқан Құрасбекке дейін оған  өнер ретінде аса мән берілмеді. Айт­пақшы, біз, гобеленшілер осы өнердің арқасында біраз елді шарладық. Мысалы, гобеленнің отаны Францияға барғанда фран­цуздардың менің ашық түсті, бояуы қанық туындыларыма қы­зыққаны сонша, адамның басын айналдыратын уәдесін үйіп-төгіп, сол топырақта қалуымды өтінді. Иран, Балтық бойы ел­дері, Әзербайжанда, Ресейде бұл өнер айрықша дамыған, басқа да кеңестік елдің бәрінде орталықтан қамтамасыз етіліп, ерекше көңіл бөлінді.

– Сіздің өзге әріптесте­рі­ңіз­­ден ерекшелігіңіз, үш түрлі өмір салтының: кеңестік, шет­елдік және тәуелсіздік зама­нын­дағы өмірдің куәсі болып, сол ты­ныс­пен жұмыс істеге­ні­ңіз болар. Түркияда бір­неше жыл өмір сүріп, түрік ағайын­дар­ға гобелен өне­рін үйре­тіп қайт­қаннан кейін шы­ғарма­шы­­лығыңызда өзгеріс болды ма?

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың бастапқы қиындығы әсіресе өмірге икемсіздеу жарал­ған өнер адамдарына ауырлау тигені белгілі. Бірақ жасымнан еңбекпен ширатылып өскендігімнен болар, туынды жасамақ түгілі тамақ табу қиынға соққан кезеңде жіп ширатқан жұмысымды бір күн қаңтарып қойған емеспін. Шағын болса да, тапсырыстар түсіп жатты, шамам келгенше шығармашылығымды тоқыратпауға тырыстым. 1995 жылы Түркияда Қазақстанның мәдени күндері өтетін болып, Мәдениет министрлігі сол күндердің аясында ұйым­дас­тырылатын көрмеге қаты­суымды сұрады. Ұлт пен қол­өнер – егіз ұғым, әуелден шығарма­шы­лығымның темірқазығы қазақы танымға негізделген. Сол себепті болар, әртүрлі идеядағы туындыларымнан жасалған топтаманы түрік бауырлар жылы қабылдап, өнерімнің алдағы жаңа белесін белгілегендей болды. Ол уақытта ірі өнер орталығы саналатын Алматының өзінде сурет галерея­лары жоқтың қасы еді, ал Анкара қаласында 120 галереяның болуы мені қатты таңырқатты. Екі жыл өткен соң 1997 жылы тағы да Анкара музейінде же­ке көрмемнің ашылғаны сол еді, бірнеше галереяның қожайы­ны бір мезетте жүгіріп келді. Өтініші біреу ғана: «Көрмеңізді бізде өткізіңіз!» Не керек, Түр­кияда өткізген үш жылым шы­ғар­машылық табысқа толы, бір көрмемді өткізе салып, екінші көрмеге қауырт кіріскен бел­сенді жұмыс ырғағына құ­рылған жемісті жылдар болды. Натюрморт, табиғат, тау,  көріністері, гүл, ару қыз, әдемі әйел, ұлттық төл танымнан туған гобелендерім пышақ үстінен үлесіп алатын дүкеннің бұйымы секілді жедел сатылып жатты. Түр­кияға келісімен бірден кес­кін­деме өнеріне қайта оралып, жұмыс, негізінен, осы бағытта өрбіді.

Бірде елшіліктің ұйымдас­тыруымен енді ашылғалы жатқан көрмеме бүкіл жұмысымды орналастырып болып, ел келгенше әзірленбекке үйге кетіп, қайтып оралсам, гобелендерімнің жартысына жуығының етек тұсына біреу дөңгелектеп қызыл таңба салып тастапты. Қорқып кеттім. Дереу ұйымдастырушыны тауып алып, түсіндіруін сұрадым. Ол жай ғана жымиып: «сіздің таңба салынған суреттеріңіздің бәрі де сатылып кетті» дейді. «Қалайша? Көрме әлі ашылған жоқ қой». «Біздің клиенттеріміздің бәрі де ірі банкирлер мен бизнесмендер. Тәртіп бойынша олар көрме ашылмай тұрып екі сағат бұрын шақырылады. Мәртебелі меймандарымыз көрмені бірінші болып аралап, бірінші болып таңдап, ұнаған туындысын бірінші болып сатып алмаса, бізге өкпелеп қалады, галереямызға келмей қоюы да мүмкін», деді. Бұл мен үшін жаңалық еді. Сапалы орын­далған тың туынды өнердегі шынайы бәсекелестікке жол ашып қана қоймай, маркетинг қалыптастыратынына бірінші рет көз жеткіздім. Тәулікті тәулікке жалғап жұмыс істеп, көрмедегі туындыларымды үсті-үстіне толық­тырып, бірінен кейін бірі шақырған галереяларда бесінші, тоғызыншы көрмемді ашуға әрең үлгеріп жүрдім. Түрік кәсіп­керлері көрмемді ұйымдас­ты­рып қана қоймай, 1000 данамен каталог шығарып берді. Әр көрмеме БАҚ өкілдерінің мол шоғырын шақырып, кең көлемде насихатталуына мән бере­тін. Келген меймандарға арнап мол дастарқан жаяды. Міне, сурет­шіге деген құрмет! Олар суретшіге ерекше ілтипатты. Бір­де Қазақстан елшілігі бірқа­тар суретшілердің арасында «Түркия Президенті Сүлеймен Демирел – Түркістанда» деген тақырыпта шағын байқау жария­лады. Салынған картиналардың ішінде елшілік қызметкерлеріне менің жұмысым ұнаған екен, «С.Демирел – Түркістанда» деген туындым бүгінде Түркия еліндегі ірі музейлердің бірінде ілініп тұр.

– Айталық, суретшінің туын­­дысы қайталанбауымен, бір-ақ рет жазылуымен құнды. Ал го­­белен ше? Білуімізде, сіз­дің «Бақыт құсы» деген гобе­лені­ңіздің бірнеше көшірме нұс­қасы бар...

– Бәрін де тұтынушының сұранысы шешеді. Гобеленнің бейнелеу өнерінен айырмашы­лығы, бір туынды бірнеше кө­шір­меге дейін жасала береді. Бірақ туындының көшірмесі жасалғанымен, айна-қатесіз дәл сол күйінде қайталанбайды. Композиция  өзгеріске түседі. Гобелендерімнің ерекшелігі, өте көп бояу түрін және сапалы жіптерді ғана қолданамын. Бір жұмыстың өзінде 100-150-ге дейін бояу түсі пайдаланылады. Бояудың әр түсінің өз «тілі» бар, орнымен қолданған бояу сөйлеп тұрады. Кейде он сантиметр суреттің ішінде бес-алты түсті бояу бір-бірімен жалғасып жатады. Гобеленді гобелен ететін маңызының өзі сонда, бояудың түрі көп болған сайын картина ажарланып, тартымдылығы арта түседі. Жұмыстарымды серияға бөліп жасайтын маған бір тақырыпты бірнеше нұсқада салған ұнайды. Мысалы, адам­ның бақытқа ынтықтығын білді­ретін «Бақыт құсын» ғана емес, сан ғасыр бойы сәулет өне­рінің және тұтас мәдениеттің гүл­денуіне үнсіз куә болып келе жат­қан Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістан қаласын да әртүрлі нұсқада, алуан түрлі бояулар гаммасын  пайдалана отырып, салып көрдім. Сол секілді өте көне дәуірлердің күмбірі іспетті петроглифтер «Тастағы таңбалар» болып бірнеше рет қайталап салынды.

– Тұтынушылар тарапынан қандай жұмыстарыңыз көбірек сұранысқа ие?

– Басына сәукелесі жарасқан ару, кимешегімен көз тартқан келіншек, жалпы қынама бел камзол, желбір етек көйлек киіп, ұлттық салтанатымызды асырған әйелдердің тұтас гал­е­реясын түзгенімді менің шығар­­машылығыммен таныс адамдар жақсы біледі. Міне, осы топтамадағы туындылар бірінші кезекте сұралады. Ал шетелдіктердің қызығатын та­қы­рыптары бөлек. Мысалы, «Құрақтар» деген жұмысымды шетелдіктер жақсы көреді. «Жібек жолы», «Бақыт құсы», «Ахмет Ясауи» атты полотноларыма, қазақтың дастарқанымен байланысты натюрморттарға көбірек қызығып жатады. Әр гобеленшінің стилі, тоқу техникасы әртүрлі. Мен классикалық тақыр үлгіде тоқимын, әртүрлі материалды араластырып тоқуға ешқашан әуестенген емеспін. Композиция құрған кезде қара­пайым бейнені сол күйінде кө­шіре салмаймын, мен үшін не нәрсенің де көркем болуы басты орында, міндетті түрде стильге бейімдеп, әсем етіп ұсынуға тырысамын. 2008 жылы Астанада өткен авторлық көрмемнің ашылу салтанатында ақын Фариза Оңғарсынова құттықтап тұрып: «Бәтима, мен саған ризамын. Осы уақытқа дейін көрмелерден, суретшілердің шығармаларынан көріп жүрген қыздардың бәрінің көздері сығырайып, солғын тартып тұрушы еді, бір түрлі сұ­рықсыз көрінетін. Ал сен салған қыздардың көздері ботаның көзіндей мөлдір, ашық, тұңғиық, нағыз қазақ қыздарын көремін. Рахмет саған» деген еді. Бұл – мен үшін үлкен баға.

– Ақын құрбыңыз Күләш Ахметова «Бәтиманың қолөнері – гобелен, Бәтиманың гобелені – ақ өлең» деп жырлаған екен. Дәуітәлі Стамбековше айтсақ, «Әмірімен жіптердің күн шы­ғарып, Түскілемнің бетінде таң атырдыңыз». Жіптің сиқы­рына жұмсаған қуаттың орнын қалай толтырасыз?

– Кез келген шығармашылық адамы мазалаған ішкі ойын іске асырып, жұмысын көңілдегідей аяқтап болған соң жан сарайы ашылғандай рахат күй кешеді. Сонымен бірге жұмсалған қуат­пен бірге жан қазынасының да ортайып қалатыны бар.  Ол міндетті түрде оқумен, ізденумен толады. Сурет салғанда, гобелен тоқуға отырғанда міндетті түрде Ермек Серкебаевтың, Нұр­­жа­мал Үсенбаеваның, Май­ра Мұхамедқызының, Талғат Күзенбаевтың, Болат Бөкеновтің, жас болса да әлемді тамсантқан Димаш Құдайберген мен кіш­кентай Ержан Максимнің әндерін тыңдаймын, олардың тұла бо­йыңды шымырлататын кең тынысты әндері, әуезді, сырлы, сиқырлы үні менің шабытымды шарықтата түскендей болады. Осы уақытқа дейін екі қолым алдыма сыймай бос сенделіп жүрген күнім болмапты. Күнұзақ шеберханадамын. Құдайдың маған денсаулық, күш-қуат бергеніне отырсам да, тұрсам да мың шү­кір айтамын. Бойыңда қуатың тасыған жастықтың қадірін біліп, ішімдегі өнерімді, ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген Аллама ризамын. Жұмысымды аяқтап бо­лып, қызылды-жасылды бояу­ға малынған, көз арбайтын туындының маған қарап тұрған­дағы рахатын тілмен айтып жеткізе алмаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ