Қоғам • 23 Қыркүйек, 2019

Шала туған шақалақтың шарапатшысы

498 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Толық ай-күні жетпей, тіптен бір килоға толмай шала туған шақалақтың адам қатарына қосылып, әрі қарай сапалы өмір сүруі үшін жүретін күресте алғашқы жылдағы әр минут, әр секундтың маңызы өте жоғары. Сол сәтте білікті маман тарапынан қажетті көмек алған сәби ата-анасы мен жақындарының көз қуанышына айналады. Биылғы көктемде Нұр-Сұлтан қаласында ашылған, шала туған бөбектерді жетілдіруге көмек қолын созатын «Катамнез» орталығы жайында көп жазуға да, аз жазуға да болады. Аз дейтіні оның ресми ашылғанына әлі жарты жыл да толған жоқ, ал көбірек тоқталсақ орталық ретінде нақты тіркелместен бұрын Балжан Нұрланқызы Тәтібекова бастаған энтузиаст дәрігерлердің бұл жұмыстармен айналысқанына бірнеше жылдың жүзіне айналған. Сонымен әлқисса, «Катамнез» орталығынан бөбегі жетіліп, өмірге жолдама алған ата-аналарға сөз берейік.

Шала туған шақалақтың шарапатшысы

Әнел Бақыт, науқас нәрестенің анасы: Жетілмей туғаны­ның үс­тіне миына бірінші дәрежеде қан құйылып, көзі онша көрмейтін Еркінді Балжан Нұрланқызына алып келгенде осындай нәтижеге жетеміз деген үмітімізден гөрі күдігіміз ба­­сым еді. Жарты жыл көлемінде миы­на қан құйылу салдарынан да, көздегі проблемадан да толық айық­тық, ал 11 айда ұлымыз жүріп кетті, 1 жаста қатарластарын қуып жет­ті. Барлық екпені уақытында алып, қазір 3 жастан асқан Еркінге қара­ғанда жүрегіміз қуанышқа толып кетеді.

– Немеремнің туғандағы салма­ғы 870 грамм еді. 7 айға толғанында осындай дәрігерлердің бар екенін бі­ліп орталыққа алып келдік. Шы­нымен сол кезеңнен бастап Бал­жан Нұрланқызының күні-түні назарында болдық, соның арқасында құлдыраңдап жүгіріп, қатарластармен балабақшаға барып жүрген немеремді көрген сайын бірінші Аллаға, екінші дәрігерге риза болып, мың шүкірімді айтудан жалықпаймын. Немереме өмір сыйлады ғой, қалай разылық етпейсің, –дейді қуана сөйлеп көзіне жас алған әже.

* * *
– 2015 жылы ауруханамыздың бас дәрігері осы жұмыспен айна­лыса­сың деп бұйрық шығарғанда көңілім құп алып қабылдай алмадым. Өйткені оған дейін реанимация бөлімінің меңгерушісі бо­лып, бөлімшенің жұмысы жол­ға қойылып, күнделікті мінде­ті­ме бар жан-тәнімді аямай ең­бек етіп жүргенмін. Бұйрық шығарыл­ғандағы өкпемде шек жоқ болатын. Бірақ артынша Мәскеуге іссапарға жіберіп, көрші елдің тә­жі­ри­бесімен, одан соң Литва, Германия, Қытайға барып жетілдіру ісімен айналысқан жұмыстарды кө­руім менің көзқарасымды түбе­гейлі өзгертті. Жоқ, бұл іске шындап кірісу қажет, Отанымызда же­тілмей туған балаларға кәсіби түр­де көмек беретін орталық қажет де­ген тұжырымға тоқтадым да бел шеше кірісіп кеттік. Алдымен біздің ұлттық ділге негіздеп (бізде халық қытайлықтар мен немістер тәрізді дәрігерге ауырмай тұрып бармайтынын ескере) невропотолог, ортопед, хирург, кардиолог және осы жұмысты арнайы оқып үйренген ме­йіргер бірлесе жүйелі түрде жобаны қолға алдық.

Жалпы, отбасында жетілмей туған баланың тууы алдымен әлеу­мет­тік проблема. Сондықтан да ең бірінші назарда ерлі-зайыптылардың ажырасып кетпей, баланы бірге жетілдіруінің маңызына жұмыс істеп, психологиялық тұрғыда кеңес беруді бастадық. Өйткені мұн­дай шара­наның күтімі де өзгеше, жуын­дыру, жаялығын ауыстыру, қандай ретпен жатқызып, оны қай қырына қалай ауыстырып тұру, бөлменің ылғалдығы мен температурасы сынды толып жатқан параметрлерді сақтау бір ананың қолынан еш келмейді. Сол себептен алғашқы кеңес беру консультация­сына отбасының мүшелерін тегіс шақырып, мәселен, ауаның ылғал­дығы мен температурасын сақ­тауды отбасындағы ересек жанның бірінің міндетіне алуы қажеттігін, енді бірін әжесі, келесісін атасы, әкесі мен анасының қандай мә­селеге жауапты екендігін айқын­дап беремін. Бұл бір өте күрделі де жауапты сәт. Отбасында тү­сі­ніс­тік пен ұйымдаса қимылдау та­былған күнде ғана оң нәтижеге қол жеткізіледі. Сондықтан да пси­хологтың да қызметін атқаруға тура келді. Осылайша жеңістер мен жетістіктерге бірге жетіп келеміз, деген Балжан Нұрланқызы.

* * *
Бала өмірінің сапасын арттыру көп еңбекті қажет етеді. Себебі шақалақтың салмағының кемдігіне қоса, оның терісі мен ішкі ағзасында толып жатқан жетілмеушіліктер болады. Тыныс алу, зәр шығару, қан айналу, тірек-қимыл жүйелеріндегі уақыты жетпей туғаннан жетілмей қалған органдар жұмысы баланың қатарынан кем болмай сапалы өмір сүруіне көп тосқауыл жасайды. Орталыққа күніне келетін 7-8, кейде жағдайлары жеңілдеу болса 10-ға дейін шақалақты қабылдап, әлемдік стандарттар бойынша бе­кітілген хаттамалармен ем жасау­мен бірге, тыныс алуға қажетті, неврологиялық тұрғыдан керек жат­тығулар, өзге де кешенді жұмыстар атқарудың берері мол екені орталық дәрігерлерінің еңбегінен айқын аңғарылады.

Балжан Нұрланқызының тынымсыз тірлігі еш кестеге көнбейді екен. Күн сайын келетін балаларды қарап, тексеріп, кеңес беріп, дәрілерінің уа­қытында қабылдауын, әр жат­тығу­дың орындалуын қадағалау, еміне коррекция жасау, тіпті бала үйінде ауырып қалса учаскелік дәрі­гер мен жедел жәрдемнен бұ­рын жетіп, нәресте ағзасының ерек­шелігін түсіндіріп, емінің жолдарымен ақылдасу уақытпен санасып, найқалуды еш күтпейді де. Тек әлдеқалай бір жағдай, сіңірлерінің тартылуы, ауа жетпей қалуы, т.б. жағдайлар созылыңқырап кетсе ғана сенбі сайын консультацияға келетін арнайы мамандар сәбиді қарап, нео­нотолог Тәтібековамен бір­лесе шешім қабылдайды, ал өзге у­ақытта нәрестелер жетілуі осы кі­сінің мойнында. Сондықтан да болар, барлық ата-ана Балжан Нұр­ланқызы десе ішкен астарын жерге қоятыны. – 40 жылдық тәжірибесі бар педиатр ретінде 700 және 900 грамдық қос немерем адам болып кетеді деп еш ойлаған жоқпын. Біреуі іліксе де екіншісі аман қалған күннің өзінде (ДЦП) баланың церебралды сал ауруы болады ғой деген се­німде едім. Тіпті дәрігерге оны ашық айттым да. Содан ол кісі келініме: – Айналайын, тұр десем тұрасың, отыр десем отыра­сың, қазір өте бір ауыр кезең осы уа­қыт­та күш салмасақ бала сал бо­лып қалады деді, енді міне екі кіш­кен­тайымның өткенде тұсауын кесіп, ең бірінші тілекті дәрігерге бердік. Мұн­дай орталық Нұр-Сұлтан қа­ла­сында ғана емес, барлық облыс ор­­талықтарында ашылуы қажет. Жыл сайын қаншама бала жетілмей туа­­ды, олардың кейін мүгедек болмай сапалы өмір сүруінің кепілі осын­дай орталық, дейді бақытты әже.

* * *
Ата-аналар тілегі Үкіметтің де құлағына жеткендей. Біз барған уақытта неонотолог Тәтібекова рес­публика бойынша осындай орта­лықтарға қажетті стандарттарды әзірлеу үстінде отыр екен. Министр Елжан Біртанов арнайы қабылдап елімізде бірізді жобаға негізделген орталық­тардың жұмысы қажет, соның барлық құжаттарын тәжіри­бе­­леріңіз негізінде даярлаңыз деген өтініш айтыпты. Ал Балжан Нұрлан­қызының да арман-тілегі осымен ұштасып жатыр. Барнауылдық кли­ника жұмысқа шақырып «біз­ге келіңіз, арнайы орталық ашып, жұмысыңызды кеңейтуге көмек­тесеміз» дегенде: «Жоқ, өз елімде де осындай балалар көп, алдымен соларға көмектесуім керек», деген екен патриот жан.