Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2019

Қоскөлде кір кілем болмайды

628 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гүлсезім Әубекерова Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл атты шағын ауылда тұрады. Ол «Zhas Project» жобасының жеңімпазы атанып, өз кәсібін бастаған жүздеген жастың бірі.

Қоскөлде кір кілем болмайды

Бұл жоба басталған кезде Қа­ратөбе ауданында тұратын 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтардан 78 әлеуметтік жоба ұсынылған екен. Нәтижесінде жалпы құны 36 млн теңге болатын 18 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанды. Соның 1 млн теңгесі Гүлсезімнің жобасы – «Ма­нас» клининг (кілем, ас үй жиһаз­дарын химиялық тазалау) орталығына тиді.

– Осы жобаға қатысу үшін барынша дайындалдым. «Zhas Project» жобасы бізден бұрын өт­кен Қы­зылорда, Ақтөбе облыс­та­рындағы әріп­тестерімнің тәжіри­бесімен таныстым. Соның ішінде химиялық тазалау орындарын аш­қан жастар бар екен. Ауылдық жерде кілем, жұмсақ жиһаз тазалайтын жер жоқ қой. Осы жобаны ауыл жағдайына бейімдеп, өзімше ұсындым, – дейді Гүлсезім.

Гүлсезім Табиғатқызының ма­мандығы – техник-программист. Бұрын ауыл әкімдігінде жетекші маман болып уақытша қызмет еткен. Одан кейін балабақшада қоймашы болды. Отбасында үш баласы бар еңбекқор ананың қол қусырып қарап отыруға жаны қас. «Zhas Project» жобасынан хабар келгенде жанып түскені содан.

Әрине, шағын ауылда стацио­нарлық тазалау орнын ашып, жеке кәсіп ету қиын ғой. Сондықтан Гүлсезім белгілі «Karcher» фирма­сының кілем, жұмсақ жиһаз, ыдыс-аяқ тазалайтын мобильді аппараттарын алғанды жөн көрді.

Біз Гүлсезім туралы Ақпа­рат және қоғамдық келісім минис­тр­­лігінің қолдауымен жүргізіліп жат­қан «Ең­бек­қор жастар» ақпа­рат­тық шарасы арқылы білдік. Гүл­сезім сияқты ең­бек­қор жастар көбейсе, ауылдың да тыныс-тір­ші­лігі жақсара түсер еді-ау деген ойға келдік.

 

Батыс Қазақстан облысы