Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2019

Тұзды тұтыну мөлшері төмендейді

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – саламатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында тұзды кезең-кезеңмен 1 грамға төмендету бойынша нан, нан-тоқаш өнімдерінің мәзірін өзгерту.

Тұзды тұтыну мөлшері төмендейді

Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы дұрыс тамақтану сая­сатын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеген. Құжаттардың біріне нан және нан-тоқаш өнімдеріндегі тұзды кезең-кезеңмен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары енгізілген. Орталық бұл бастаманы басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайды деп жоспарлап отыр.

«Тұзды жоғары тұтыну се­міздік, ІІ типті қант диабеті және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері, артериялық гипертензия, инфаркт және жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әкеп соғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері бо­йынша Қазақстанда тұзды тұтыну әлемдегі ең жоғары деңгейде және ДДҰ ұсынған тәуліктік до­за­дан 3 еседен артық, яғни тәу­лігіне 17 грамм,  норма болса 5 грамды құрайды», дейді Қаз­АТУ «Тамақ және қайта өңдеу өнді­рістерінің технологиясы» кафедра­сының аға оқытушысы, техника ғылымдарының докторы Нұрбибі Советқызы.

Экономикалық үлгілеудің деректері бойынша, тұзды тұты­ну­ды төмендету жөніндегі іс-ша­ралар кешені Қазақстандағы инфекциялық емес аурулардың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы. Тұзды тұтынуды қыс­қартуға бағытталған іс-шараларға салынған қаржы, бес жылдық кезеңде салынған қаражаттан 11 есе артық экономикалық нәтиже береді.

«Тұзды тұтынуды қысқарту инфекциялық емес ауруға байланысты қауіпті және қан қысымын төмендетуі мүмкін. ДДҰ ұсы­ным­дарына сәйкес тағам өнім­деріндегі тұздың санын азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан  бастау неғұрлым тиімді. Жалпы біздің  эксперименталдық-өндірістік цехта университет платформасы аясында азық-түлік өндірісі бағдарламалық тобына қарай мамандықтар дайындалады. Соған орай студенттердің теориялық сабақтармен қатар тәжірибелік сабақтарды да өтеді. Осы эксперименталдық-өндірістік цехта нан және нан-тоқаш өнімдері өндіріледі. Сту­ден­т­терге 2-курстан 4-курсқа дейін тәжірибелік сабақтар жүр­гізіледі. Олар нан технология­сын, нанның түрлерін, оған қосы­латын шикізаттар және өндіріске қойылатын талаптардың барлы­ғын осы жерден үйреніп шыға­ды. Бакалаврда оқитын студент­тер, магистранттар немесе док­та­ранттар өздерінің нан өнім­деріне байланысты дипломдық, дис­сертациялық жұмыстарын көз­бен көріп, көңілге тоқып жаза­ды», дейді эксперименталдық-өн­дірістік цехының технологы, оқу шебері Гаухар Дүйсенғалиқызы.

Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру жө­ніндегі эксперименталдық-өндірістік цехында Еуразиялық эко­номикалық одақтың норма­тивті-құқықтық құжаттарының талаптарына сай келетін нан-тоқаш өнімдерінің 15-тен астам түрі өндірілуде. Инфекциялық емес аурулардың алдын алуға ба­ғытталған меморандум аясын­да ЖОО студенттері мен оқы­ту­шылары үшін тұзы аз мөлшердегі нан өндіру басталған. Екіжақты ынтымақтастық шең­бер­інде халықаралық сарапшыларды тар­та отырып, тамақ өнімі түр­лерін­де тұзды төмендету мәсе­леле­рі бойынша консультация­лар, се­минарлар, сондай-ақ дұрыс тамақ­тану мәдениетін қалып­тастыру бойынша бірлескен акция­лар ұйымдастыру жоспарлануда.

«Аталған университет нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөл­шерін азайту оның дәмдік қасие­тіне, өндіру технологиясы мен сақтау мерзіміне ешқан­дай теріс әсер бермейтінін практи­калық зерттеулер жүргізу негізін­де дәлелдеді. Жұмыстың оң тәжі­рибесі оны жоғары ауқымды нан өндірушілеріне көрсетуге мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ҚДСҰО Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қа­ласындағы филиалымен бірге нан­дағы тұз мөлшерін азайту бо­йынша ірі нан-тоқаш өндіруші­лерімен жұмысты бас­тады. Ірі өнді­ру­шілерден бөлек, акцияға кіші­гірім наубайханалар да қосы­луға ниет білдіруде» дейді Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Құсайынұлы.