Руханият • 01 Қазан, 2019

Қаратаудың күй қайнары

1757 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінің Шопен залында Қаратау шертпе күй мектебінің шебері, күйші-композитор Төлеген Момбековтің өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктер, күйші орындауындағы халық композиторларының күйлері, сондай-ақ күй майталманының төл туындылары мен бұрын жарық көрмеген терме-жырлары енген «Толғау» күй жинағының таныстырылымы өтті. Күйлердің шығу тарихы мен ноталары қатар қамтылған кітап Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Фолиант» баспасынан 5 мың таралыммен жарық көрді.

Қаратаудың күй қайнары

Жинақтың құрастырушысы, Қазақ ұлттық өнер универси­те­­тінің профессоры, шертпе күй­дің шебері Жанғали Жүз­бай күй­шінің «Салтанат» күйін орындап, Төлеген күйші жө­нін­де жазылған зерттеулер мен ғылыми еңбектерге ай­рық­ша тоқталып өтті. Бұл ретте бел­гілі ғалым Рахманқұл Бер­ді­бай, жазушы, сыншы Төле­ген Тоқ­бергенов, фольклоршы Уәли Бекенов, этнограф-ға­лым Ақселеу Сейдімбек сын­ды айтулы тұлғалардың күйші шығармашылығы туралы тол­ғаныстары алға тартылды. Әй­гілі композитор Нұрғиса Ті­лен­диев ағамыздан: «Төлеген гений ғой!» деген асыл сөз қал­ған екен. Файзолла Үрмізов, Ге­нерал Асқаров сияқты заман­дастарымен бірге Қаратау күй мектебін аспандатқан өнер иесінің «Мелодия» фирмасынан кезінде күйтабағы шығыпты. Інжу-мар­жан күйлері насихатталып, оркестрге түсіріліпті. «Қазақтың дәс­түрлі 1000 күйі» антологиясына еніп, мектеп бағ­дарламасына аты жазылыпты.

Күйшінің өмірі мен шығар­машылығы жайында алғаш қалам тартқан Жаулыбай Иманәлиев пен Мұхит Айтқалиев екені, 1975 жылы «Қаратау шертпелері» деген атпен басылып шыққан бұл жинаққа Төкеннің орында­уындағы таңдамалы күйлердің енгізілгені, одан кейін Уәли Беке­новтің «Күй табиғаты», «Шертпе күй ше­бер­лері» атты монографиялық зерт­теулерінен орын алғаны, Т.Мом­­бековтің төл шәкірті Біләл Ыс­қақовтың авторлығымен 1995 жы­лы «Өнер» баспасынан «Сал­танат» деген атпен күй­шінің жау­һар туындылары жеке жинақ болып жарық көр­гені тілге тиек етіле келіп, те­ріскейдің байырғы майда қо­ңыр күй дәстүрін шашасына шаң жұқтырмай бүгінгі күнге жет­кізген дарабоз домбырашы ретінде жоғары бағаланды.

Кеште шертпе күйдің дүл­дүлі Рымхан Әбілханұлы, өнер­­танушы, домбырашы Ар­да­би Мәулет орындауында Төлеген Мом­бековтің күй-нұс­қалары ерекше мақаммен құ­бы­лып, өзгеше ырғақта қанат қақты. Белгілі қаламгерлер Орынбек Жолдыбай, Есқара Тоқтасынұлы, филология ғы­лымдарының докторы Жантас Жақыпов, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев, туыс інісі Қар­шы­­ғабек Қамбарбеков, Қазақ ра­дио­сының шеф-редакторы Қошан Мұстафаұлы, медицина ғылымдарының докторы Ба­­қыт­жан Биімбетов, техника ғы­лымдарының докторы, академик Бақтыбай Қасымбеков, журналист Аманғали Қалжанов т.б. күй жанашырлары тұлғаның саз­герлік-орындаушылық дәс­түрін жаңғырту тұрғысында ой өрбітті.

 Кешке күйшінің қызы Қыз­жан Момбекова қатысып, әке туралы естеліктерімен бөлісті. «Әкем домбыраны Назармен бірге туған Бапыш атамнан үй­­ренген екен. Қазақтың күй тари­­хында бұл кісінің орны бөлек саналады, Қаратаудың көне сарынына молынан қанып, бабалардың күй-көшін үзбей ұзартқан танымал тұлғалардың бірі. «Созаққа барсаң, күйшімін деме…» деп Мұхтар Әуезов айт­пақшы, құт дарыған киелі өңірден Тоқа, Бапыш, Сүгір, Жап­пас Қаламбаев, Генерал Асқа­ров секілді небір дәулескер күй­шілердің, Құлыншақ пен Құлжабай ақындардың, беріректе Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сияқты әдебиет алыптарының шығуы кейінгі өскелең ұрпақ үшін өнеге мектебі десек, сол ғажап дәстүрдің елордадағы ай­тулы оқу орнында орнығып жатуы қандай жарасымды. Сан ғасырлық тарихы бар Қаратаудың теріскейінде айтыскер ақын, жыршы Құлжабай Төлеуовті білмейтін жан некен-саяқ. Әкем сол кісімен ақындар айтысына түсіп, шығармашылық жолы әуелі сөз өнерінен бастау алған еді. Кестелі ойды қиыстыра алу қабілеті оның күйші ғана емес, жан-жақты өнер иесі болғанын айғақтай түседі. Алайда әлгі айтыстардың жазбаша нұсқасы сақталмағандықтан, бұл туралы толыққанды мағлұмат таба алмадық. Бәлкім әлі де ізімен індете түсіп зерттесе, «Алтынды тот баспайды» демекші, табылып қалар деп үміттенемін.

Әкем мұқабасы қызыл түсті дәптерін жанынан еш тастамайтын. Содан ойда-жоқта көз жазып қалдық. «Толғау» жи­на­ғынан Жәми Мұсаұлының өлеңіне жазылған «Хат-өлеңін», Құлжабай ақынның дастанына шығарған «Үміттің зарын» көзім шалғанда, әлгі дәптер тағы да санама сарт ете қалды. Абайсызда жоғалтып алмағанымызда, он­дағы жауһар жырлар арқылы өзі де ақындықтан қара жаяу бол­мағанын айғақтайтын құн­ды дерек ретінде жинақты қомақты ете түсер еді-ау» деп әңгімесін түйіндеді.

Көп жыл мектепте ұстаздық етіп, зейнетке шыққан асылдың сыны­ғы бүгінде астанада тұрып жат­қанын айтты. Тайқоңырдағы орта мектеп Тө­леген Момбеков есімімен аталып, ескерткіші ор­натылғанын, ауылда көшеге аты берілгенін сүйсіне жеткізді. Төрт ұл, төрт қызым бар, үлкен ұлым Шералхан «Салтанат», «Бозінген», «Қаратау шертпесін» әжептәуір орындайды. Бірақ өнер жолына түскен жоқ деді. Момбековтер әулетінен Қайрат пен Салтанаттың да кішкентай кездерінен домбыраға жақын болып өскенін естідік.

Ал енді «Толғау» күй жина­ғының ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Бозінгеннің бүл­кілі», «Телқоңыр», «Бес­жор­ға», «Шалқыма», «Қосбасар», «Жо­лаушының жолды қоңыры», «Қаратау шертпесі», «Салтанат», «Қанағат», «Анама», «Екі жүз елу жыл» сияқты жалпы бас-аяғы 33 күйдің нотасына қоса әр күйдің шығу тарихы туралы жан-жақты мағлұмат берілген энциклопедиялық еңбек іспетті. Екіншіден, күйшінің атасы – Бапыш Қожамжарұлының осы жинаққа «Қаражорға», «Үш Қар­қара, Көктөбе», «Ыңғай төкпе» атты күйлері енгізіліпті. Бұл кі­сінің атақты күйші болғанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүм­кін. Сондықтан оның осы үш туындысының өзін қазақ ұлттық күй өнеріне қосылып жатқан сүбелі үлес деп есептейміз.

 Автор өзінің алғысөзінде: «Кезінде «Бозінген», «Қос­ба­сар», «Қаратау шертпесі» сияқ­ты қаратаулық сарындарға қа­тысты даулар болған. Білікті ғалымдар бұлардың Сүгірге де, Төлегенге де ортақ мұра екен­дігін мойындаған. Тірші­лікте ұстаз-шәкірт болып сыйласқан, рухы бір ұлы күйшілерді бөлмей, дәуірдің бірегей үні деп қабылдау абзал іс боларын ел ұққандай. Осы күні Сүгір мен Төлегенді бөлетіндер некен-саяқ» деген ойды алға тартады. Мысалы, халық композиторлары күйлері топтастырылған тараудағы «Бо­­зінгеннің бүлкілі» күйіне – Ықылас – Сүгір – Төлеген, ал «Қос­басарға» Тәттімбет – Сүгір–Төлеген деп шығарманың авто­ры көрсетілетін тұсқа үш күйшінің есімі қатар берілген. Бұл жерде не себепті екі күйді үш адамға бірдей телиді деген сұрақ тууы заңды. Мұның жауабы – жинақтың өзінде. «Қаратау күйлерінің білгірі Төлеген Тоқбергенов мынадай пікір жазыпты: «Бұл өзі әу бас­та «Бозінгеннің бүлкілі» болып Ықыластың қара қобызында тар­тылған еді. Одан Сүгір ен­шілеп, домбыра пернесіне бас­қаша өрнектеген. Міне, сол күйді Төлеген тартқанда тағы да қызық хал кештік. «Бозінген» мүлде өзгеріп кетті. Тек Төлегенге ғана лайық өзгеше дыбыстар, ырғақтар туды. Бірақ Төлеген шынында Сүгірге еліктей тұра, кейіннен жаңа күйдің, өзіне ғана тән күйдің туғанын аңғармаған еді».

– Кеңес кезіндегі күйтабақ­тарды шолатын болсақ, – дейді автор, – «Бозінген» күйі 1968 жылы «Тулеген Момбеков (дом­бра). Казахские мелодии» атты күйтабаққа Төлеген Мом­бековтің орындауымен халық күйі болып жазылды. 1973 жылы бұл күй Генерал Асқаровтың тартуында Сүгірдің күйі аталып шықты. 1980 жылы «Бо­зінгеннің бүлкілі» күйі Тө­леген Момбековтің орындауында сегіз күйтабақтан тұ­ратын «Қазақтың аспапты му­зы­касының антологиясы» жи­нағының 1-та­бағына халық күйі деп жазылды. 1984 жылы шыққан Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің «Сарыарқа» атты күйтабағында Сүгірдің күйі делінсе, 1989 жылы Төлеген Мом­бековтің тартуында шыққан күй­табақта тағы да халық күйі деп бе­рілді. «Қосбасар» күйінің де күй­табақтағы авторлары солай, әр жыл­ғысында түрліше, бірде Тәт­тімбеттің, енді бірде халық күйі болып тарады.

 Кеңес дәуірінде қазақ ұлт­тық күй өнері мен ата-баба­ларымыздың жауһар мұра­сына деген көзқарастың қай дең­гейде болғаны осы бір-екі күйдің төңі­регіндегі ала-құла мағ­лұмат­тар­дың өзінен-ақ айқын сезіледі. Осы тұрғыдан алғанда, «Толғау» келешек күйшілер үшін пайдасы мол оқу құралы болмақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл оқулық – межелі мақсатқа жету үшін күйді тарта білу жеткіліксіз, ол үшін домбырамен бірге әр күйшінің көкірегі де бірдей сайрап тұруы керек, күйдің арғы-бергі тарихын білу – парыз деген талап.