Қоғам • 01 Қазан, 2019

Жаназаға жаны ауырғандар ғана барса...

1389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаратқан ие сыйлаған талантымен танылған жан еді. Түбін қуып келгенде нағашы. Бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қайтпас сапарға аттанған. Жаназаға қарақұрым халық жиналды. Іші атшаптырым, кең мейрамхана. Отыздан аса дастарқан. Әдеттегідей құран оқылып, дұға бағышталды.

Жаназаға жаны ауырғандар ғана барса...

Сәл ғана тыныштық ор­наған. Кенет орта тұс қасқыр көрген қойдай дүр ете қалды. Дарылдай күлген әулекі топ қайда отыр­ғанын қапелімде қаперінен шығарған сияқты. Өздері сабыр сақтап, тынышталар дегенбіз. Бол­мады. Бей­тарап әңгімеге тағы екі-үш дас­тарқан қосылды. Құт­ты жа­назада емес, тойда отыр­ғандай тоқмейіл, қағанағы қа­­рық, сағанағы сарық. Жаға жай­лауға кеткен. Содан соң амал­сыз орнымыздан тұрып бү­гінгі жиынның қаралы жиын екендігін, қайғыдан қабырғасы қаусап отырған ет жақын туыс­тарының көңіліне қарау, әлі топырағы суый қоймаған ары­сымыздың аруағын сыйлау қажеттігін айтқан болдық. Бі­рақ құлақ асар кісі көрінбейді. Бірінен соң бірі бұл жиынға қа­тысы жоқ әлдебір қызықты әңгіменің көрігін қайта-қайта қыз­дырып, тәмам жұрттың назарын ерсі қылықтарымен өздеріне аударып отыр.

Қазіргі күні басқа жерді қай­дам, Көкшетау өңірінде жана­заға көп кісі жиналады. Жастары жер ортасынан асқан үлкендер тұрмақ, жастардың қарасы көп. Балалардың сыныптастары, еңбек ұжымы, жора-жолдас пен көзтаныс. Бұдан он-он бес жыл бұрын дәл мұндай адам жиналмайтын. Бәлкім соңғы сапарға шығарып салушылардың қарасы көп болғаны да дұрыс шығар. Бірақ ізет сақтап, шын мәнінде жаны ауырған болса. Әйтпесе «басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» дегендей, қайғыға күлкі араласса қаның басыңа шабады екен. Осы арада Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп қажы Әлиевтің айтқан ұсынысы орынды ма деп ойлаймыз.    

– Бүгінгідей заманда мың­даған адамға ас берудің қанша­лықты қажеті бар? – дейді ол, – мәселен, егер мәйітті осы облыс орталығында жерле­сек, қаланың халқы түскі асын өз үйлеріне барып ішпей ме? Алыстан ат арытып жеткен ағайынға, құда-құдағиға қо­нақасы берсе жеткілікті ғой. Мә­селен, жасыратын ештеңесі жоқ, бес мың тең­гемен бата жасаймыз да, әлгі қаралы үйдің дастарқанына қайт­қан күнгі жаназаға, үшіне, жетісіне, қыр­қы, жылдық асы деген тә­різді бес рет барамыз. Оның үс­тіне апта сайын берілетін жұ­­малықтары бар. Сонда біздің жасаған батамыздан не қайыр?!

Рас-ау тіпті...

 

Ақмола облысы