05 Қазан, 2019

«Бақытты отбасы» жобасы ажырасуды азайта ала ма?

601 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылдың 8 айында облыста 6221 неке тіркеліп, соның 3129-ы ажырасып кеткен.

«Бақытты отбасы» жобасы ажырасуды азайта ала ма?

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Бақытты отбасы» қанатқақты жобасының аралық қорытындысы шығарылды.

отбасы

Жоғарғы соттың бастамасымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба маусым айында еліміздің 8 өңірінде бастау алып, отбасын ресурстық қолдау орталықтары ашылып, отбасылық соттар жұмысын бастапты. Осы уақыт аралығында Өскемендегі отбасын ресурстық қолдау орталығына 579 адам (149 ерлі-зайыпты) ақыл-кеңес сұрай келіпті. Олардың ең жасы – 20-да болса, ең егдесі 66 жаста екен. Осы 579 адамның 472-сінің некелескеніне 10, 93-іне 20, 27-сіне 20 жылдан асыпты. «Бақытты отбасы» жобасының Өскемен қаласындағы үйлестірушісі Нәзігүл Ахметқалиева 2019 жылдың 8 айында облыста 6221 неке тіркеліп, соның 3129-ы ажырасып кеткенін қынжыла жеткізді. Ал Қазақстан ажырасу тұрғысында бүгінде әлем бойынша 10 орында екен. Мәселен, елімізде 2019 жылы 63 917 неке тіркелсе, соның 29073-і (45,5 проценті) айырылысып кетіпті. «Бұл жобаның мақсаты - аты айтып тұрғандай отбасылардың ажырасуына жол бермеу, ажырасудың себеп-салдарын зерттеп-зерделеу, отбасы құрмаған жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Біздің серіктесіміз – Өскемен қалалық соты (Қасым Қайсенов көшесі, 55). Сот ғимаратынан бізге арнайы бөлме берілген. Орталық 5 күн жұмыс істейді. Мамандардың, яғни, заңгерлер, психологтар мен дәрігерлердің ақыл-кеңесі тегін. Қалалық сот қызметкерлері сотқа ажырасуға өтініш берген отбасылардың ішінен «осылар қайта қосылуы, тіл табысуы мүмкін» дегендерін бізге жібереді. Бір қуанарлығы, біздің орталыққа келетін отбасылық жұптардың арасынан әсіресе ер адамдардың отбасын сақтап қалуға мүдделі екендігін байқаймыз. Бізге келген 479 адамға сарап жасағанымызда түйгеніміз мынау. Олардың ажырасуына не себеп? Бірінші себеп – жұптардың арасында ортақ қызығушылықтың жоқтығы. Бүгінгі жастар бір-бірімен қалай танысады? Негізінен ғаламтор арқылы танысады. Бізге келгендердің көпшілігі интернет арқылы танысқандарын айтады. Бұрынғы жастардың барлығы болмаса да, біразы әуелі мектепте, кейін университетте бірге оқып, содан кейін барып, бір-бірін жақсы танып үйленетін еді. Қазір қыздар интернетке әдеттегідей қолдарына ұялы телефон ұстаған сәтін емес, кітап оқып отырған, гүл суғарған, торт пісірген кезін дегендей, яғни тек әдемі суреттерін ғана салады. Шын мәнінде, ол әлгі тортты дүкеннен сатып әкелуі мүмкін. Мұны көрген жігіттер әлгі қызға ғашық болады. Сөйтеді де әрі кетсе бір-екі ай жүріп, үйленеді. Ата-анасы кредит алып, шығынға батып, дүркіретіп той жасайды. Сөйткен жастар жарты жылға жетпей ажырасады. Ал ата-анасы 5-6 жыл көзінің жасы сорғалап кредит төлейді. Қазір осындай жағдайлар көп. Сондықтан біз әлі отбасын құрмаған жастар, студенттер арасында кездесу өткіземіз. Осы кітапхана базасында семинар ұйымдастырамыз» дейді ол.

ӨСКЕМЕН